Қоғам

Сертке берік сақшылар

Сертке берік сақшылар

Халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп келе жатқан полиция қызметкерлері қашанда елдің қорғаны. Ел іргесінің беріктігі мен жұрт арасы жігінің дәнекері болып жүрген сала мамандары мықтыны басындырмады, әлсізді ашындырмады.

Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзін ұран қылған тәртіп сақшылары қылмыс қанша жерден көп болса, оған сонша жерден тосқауыл қоюға қашанда дайын екендіктерін дәлелдеп келеді. Міне, сондай полиция қызметкерлерінің іскерлігі мен тынбай тер төгіп еңбектенуінің арқасында облысымызда біршама қылмыстың беті ашылып, құқықбұзушылықтардың «мойнына құрық ілінген». Атап айтар болсақ, былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда биыл қылмыстың тіркелуі едәуір азайған. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың көрсеткіші 22,4 пайызға, аса ауыр қылмыстар 40 пайызға, ауыр қылмыстар 20,4 пайызға төмендеген. Сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыстар 31,3 пайызға, онша ауыр емес қылмыстар 31,5 пайызға дейін азайған. Ал кісі өлтіру былтырғымен салыстырғанда 18,5 пайызға, зорлау 61,5 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 35,1 пайызға, оның ішінде пәтер ұрлығы 32 пайызға, автокөлік ұрлығы 71,4 пайызға, қалта ұрлығы 75,2 пайызға және ұялы телефон ұрлығы 50,9 пайызға төмендеген. – Дейтұрғанмен бұл қуанышты көрсеткіш емес. Қылмыстың жолын алдағы уақытта да кесе береміз. Облыс тұрғындарының көбі ауылды жерлерде тұрып, малшаруашылығымен айналысатын болғандықтан оларға, әрине, малының қауіпсіздігі маңызды. Ал бұл тұрғыда біздің қызметкерлердің атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда биыл мал ұрлығы 27,1 пайызға азайып отыр. Сонымен қатар кез келген қылмыс түрінің жолын кесу мақсатында жұмыла жұмыс істеп жатқанымызды айтып өткім келеді. Мысалы, алаяқтық бойынша тіркелген қылмыстарды 21,9 пайызға, тонау бойынша 9,8 пайызға, қарақшылық 75 пайызға, бопсалау 12,5 пайызға төмендеді. Сондай-ақ 2023 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың 2 басшысы мен 10 белсенді қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстан бөлек, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша құқықбұзушылықтардың да саны азайды. Ал жыл басынан бері есірткі қылмысы бойынша 224 іс анықталды. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 538 келі 581 грамм түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 15 келі 879 грамм «гашиш», 37 грамм 61 миллиграмм «героин», 518 келі 419 грамм «марихуана», 4 келі 29 грамм 35 миллиграмм «каннабис өсімдігі» және 212 грамм 52 миллиграмм «синтетика» бар, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев. Қазіргі уақытта кез келген қылмысты анықтауда көшелерге орнатылған бейнебақылау камераларының орны ерекше. Әрі көшелерге орнатылған бейнебақылау камералары жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тәртіп сақшылары оны да ретке келтіріп, камераларға тіркелген әрбір заңбұзушылықпен күресіп келеді. Мысалы, биыл жыл басынан бері 181 мың 205 жол жүру ережесін бұзушылық анықталған. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тіркейтін 298 камера орнатылған. Камералардың көмегімен 98 мың 485 жол жүру ережесін бұзушылық тіркелген. Қазірге дейін жалпы облыста 50 мың 546 бейнебақылау камерасы орнатылған. Камералар көппәтерлі үйлердің кіреберістерінде, көшелердің желілік учаскелерінде және қиылыстарда бейнежазба жүргізеді. Сондай-ақ «Сергек» камерасы да жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен жөн. Міне, қарап тұрсаңыз, біздің өміріміздің әрбір сәті полицияның бақылауының арқасында тыныштықпен өтуде. Олардың істеген еңбектері мен төккен тері біздің бақытты күніміз бен өміріміздің қауіпсіздігінің кепілі болып тұр. Сондықтан қоғамда тыныштығымыздың күзетшілеріне құрметіміз бөлек болуы керек. Шапағат ӘБДІР