Жаңалықтар

Инвестиция 18 пайызға өсті

Инвестиция 18 пайызға өсті

Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында облыстың экономикалық өсімі 104,6 пайызды құрады. Бұл ретте өнеркәсіп саласындағы өсім 4,1 пайызды құраса, ауылшаруашылығы 2 пайызға, құрылыс 49,4 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 0,6 пайызға, инвестиция 18 пайызға, сауда 2,1 пайызға, байланыс 9,7 пайызға өскен.

Осы және өзге де көрсеткіштер облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте сараланды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджет қаржысы 99 пайызға игерілсе, өнеркәсіп, құрылыс, инвестиция, байланыс салаларындағы көрсеткіштер, облыстың өзіндік кірістерінің орындалуы республикалық орташа деңгейден жоғары қалыптасқан. Сондай-ақ бюджет 99 пайызға игерілсе, өнеркәсіп, құрылыс, инвестиция, байланыс салаларындағы көрсеткіштер, облыстың өзіндік кірістерінің орындалуы республикалық орташа деңгейден жоғары қалыптасқан. Басқарма басшысы ағымдағы жылдың бес айында облыс экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасып отырғанымен өңірлер бөлінісіндегі бірқатар төмендеген көрсеткіштерге тоқталды. Сонымен қатар тиісті салалық басқармалармен бірлесіп, 6 айдың қорытындысымен негізгі экономикалық көрсеткіштердің болжамды мәндеріне талдау жүргізіліп, оң динамика қалыптасуы күтілуде екендігін жеткізді. Өз кезегінде қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек 2023 жылдың 1 маусымына облыс бюджетінің кірістері 228,6 миллиард теңгеге немесе 109,8 пайызға орындалғанын атап өтті. Облыс әкімі көрсеткіші төмен аудандардың жұмысын сынға алып, облыс орталығы мен аудан әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Атап айтсақ, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмыстарының кедергісіз жүзеге асуына жағдай жасау, мәселелерді дер кезінде шешу, жеке инвестицияға айрықша назар аудару, инвестиция тарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Аймақ басшысы аудан әкімдеріне жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажеттігін тағы бір ескертіп, статистикалық көрсеткіштерге негізделген дайын баяндаманы оқып берумен шектелуге болмайтынын, мәселелерді анықтап қана қоймай, оның шешу жолдарын да қарастыру маңызды екендігін баса айтты. Нұржан Нұржігітов жауаптыларға төмен көрсеткіштерді алты айдың қорытындысымен реттеуді, ол үшін жұмыстарды бүгіннен бастап күшейту керектігін жеткізді. Сондай-ақ басқосу барысында сібір жарасының, конго-қырым геморрагиялық безгегі ошақтарын жою және алдын алу мәселелері де қаралып, тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі