Жаңалықтар

Өртке қарсы оқу-жаттығу өтті

Өртке қарсы оқу-жаттығу өтті

Жамбыл ауданының Қызылқайнар ауылының маңында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оған облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ермек Момбаев қатысты. Өрт-тактикалық оқу-жаттығу төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға күштер мен құралдардың өзара әрекетін жетілдіруге бағытталды.

Сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын өрт қауіпті кезеңге дайындау мақсат етілді. Жамбыл ауданы мен Қырғыз Республикасы, Талас облысының трансшекаралық аумағындағы өткен оқу-жаттығуға Жамбыл ауданы ТЖ департаменті, азаматтық қорғау қызметі, облыс әкімдігінің Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің күштері мен құралдары, Жамбыл ауданы Қызылқайнар және Гродеково ауылдық округтерінің ерікті өртке қарсы құрылымдары мен ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімі, «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы тартылды. Жалпы оқу-жаттығу барысында атқарылған іс-қимылдарға тоқтала кетсек, өрт сөндіру бөлімшелерінің іс-қимылдарын басқару бойынша басшы құрамның дағдыларын, өртте жедел штаб жұмысының және арнайы қызметтердің өзара іс-қимылдары екшелді. Жеке құрамның, штаттағы қызметкерлер мен техниканың өрт орнына құлақтандыру схемасы және жедел келу тәртібі бақыланып, өзара ақпарат алмасу, төтенше жағдайларды жою бойынша өзара іс-қимыл шаралары жүргізілді. Сондай-ақ ауылдық округтердің ерікті өртке қарсы құрылымдарын хабардар ету, өрт орнына оларды жеткізу және келу тәртібі пысықталды. Ерікті өрт сөндірушілердің жасайтын амалдары жөніндегі іс-қимылдарын ұйымдастыру, далалық жағдайда жедел штабпен, жергілікті және орталық басқару органдарымен, өзге де қызметтермен байланысты ұйымдастырудағы әрекеттерін күшейту мақсатында кәсіби жаттығулар жасалды. Айырқалпақты ағайындармен ежелден ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болған соң, мұндай жағдайда күш біріктіру екі ел үшін де тиімді. Тілсіз жау шекара мен ұлт таңдамайды. Ал оған қарсы бірлесіп тізе қосу үлкен апаттың алдын алады. Бұл туралы көршілес елден келген аталмыш саланың өкілі Нурлис Төреқұлов: «Бүгін бауырлас қазақ елімен бірлескен жоспар бойынша өрт сөндіру жаттығуларын өткізіп, төтенше жағдайдың қауіптілігін жою барысында тактикалық тұрғыда машықтандық. Саладағы кәсіби іс-әрекеттерді күшейту мақсатында бір-бірімізбен тәжірибе алмастық», деді.

Нұржан ӘЛІШ