Құпия құжаттардың «құлпы ашылды»
Құпия құжаттардың «құлпы ашылды»
Басқосуға қатысқан баяндамашылар өз ойларын ортаға салып, Президенттің Жарлығы негізінде облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанынан құрылған саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық, саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды, дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жөніндегі кіші жұмысшы тобының 2021-2023 жылдары атқарған жұмысына тоқталды. Кіші жұмысшы топтың жетекшісі, облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанынан 4 кіші жұмысшы топ құрылғанын және бірнеше бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. Баяндамашылардың айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау және құпиясыздандыру бағыты бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Шын мәнінде, сол бір нәубетті зұлмат жылдардың ауыртпашылығы тек қазақ халқының басына түскен жоқ. Тұтас Кеңес үкіметінің құрамында болған елдердің бәрін шарпығанын жасыра алмаймыз. – Кеңес одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болмасын сталиндік зорлық-зомбылықтан, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халық сенімсіз ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды. Архивтік деректерде КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 миллион адамға жеткен деп көрсетіледі. КСРО-да ең көп орын алған жаппай қуғын-сүргіндік көші-қонға ұшырағандарды арнайы көшірілгендер деп атаса, саяси мүдде негізіндегі 1934-1944 жылдары көшірілгендерді «еңбек қоныстарындағылар» деп атап, 1944 жылдан бастап «арнайы қоныс аударылғандар» деген атау қолданылды, – деді кіші жұмысшы топтың жетекшісі, Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев. Отырысты қорытындылаған Еркін Үйсімбаев комиссияның жұмысына сәттілік тіледі.
Шапағат ӘБДІР