Өңірде кремний өндіретін күн алыс емес
Өңірде кремний өндіретін күн алыс емес
Инвестициялық жоба жүзеге асқан жерде іргелі өндіріс ошақтары пайда болып, көптеген жұмыс орындары ашылады. Салықтық түсім артып, инвесторлардың арқасында жергілікті мамандар техникалық және басқару әдістерін меңгереді, тәжірибе жинақтайды. Сондықтан инвесторлар өз жобасын сәтімен жүзеге асыруы үшін оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті алуына кедергі жасалмауы керек. Қолдан келгенше заң аясында тиісті қолдау көрсетілуі қажет. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов металлургиялық кремний өндірісімен айналысатын «Xinjiang Jingweike New Energy Development Co., Ltd» компаниясының бас директоры, қытайлық инвестор «CEN Yaojun» және осы компанияның Қазақстандағы серіктесі «Tas Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алмасбек Омаров бастаған бірқатар аталған компаниялардың өкілдерімен кездесу барысында осы мәселені сөзге арқау етті. – Облыста осы ауқымды жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатқанымызға бір жылға жуықтап қалды. Біздің өңір үшін бұл ең үлкен әрі тың жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Үкіметтің беріп отырған тапсырмасы – елімізге инвестиция тарту. Мемлекет тарапынан инвесторлар үшін қандай жеңілдік қарастырылса, соны алуына осы жоба жүзеге асырылғанша біз өз көмегімізді көрсететін боламыз, – деді Нұржан Молдиярұлы. Жиын барысында Алмасбек Хамитұлы, ең алдымен, «Оңтүстік» индустриялық аймағында жұмыс істеп тұрған «Ferrum-Vtor» компаниялар тобының жобаларымен таныстырды. Мәселен, аталған компаниялар тобында «Ferrum-Vtor», «Цвет лит» «Shymkent Temir», «Ferrum Construction & Chemical», «K.AZ TEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Олардың бірі құрылыс заттарын шығарумен айналысса, тағы бірі алюминий сым, электр кабелдерін өндіреді. Зауыттардың кейбірі 2006 жылы ашылса, соңғысына 5-6 жыл болған. Өнімдерін шетелге экспорттайтын өндіріс орындары 120-450 адамға дейін жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс саласында осындай жетістікке ие болған шетелдік инвестордың серіктесі біздің өңірде кремний зауытын салуға құлшынып отыр. – Жүзеге асыруды біз үш кезеңге бөліп отырмыз. Бірінші кезең осы жылы басталады, оның өзі үш бөлікке бөлінген. Мәселен, бізде кварцит кен орны бар. Оған 30 миллион АҚШ долларын инвестиция ретінде салып отырмыз. Бұл қаржыға Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе ауылынан аталған кен орнына дейін жол салу құрылысын бастап кеттік. Су мәселесін шешу, таудың басына электр энергиясын жеткізіп, тас уататын құрылғыны орнату жұмыстары алдағы уақытта жүргізілетін болады. Кенді тиейтін, таситын техникалардың барлығы қытайлық инвестор арқылы шешіледі. Сонымен қатар кен орнынан зауытқа дейін, одан әрі өнімді тасымалдау үшін теміржол салу ісін ойластырып қойдық, құжаттар заңдастырылды, теміржол салу жұмысы басталды, бұл үшін 40 миллион АҚШ доллары жұмсалады. Осы жылы 111 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық қаржы құю арқылы Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі» аумағында кремний өнімін өндіретін 8 пешті іске қосамыз. Бізге электр энергиясы үшін көмір қажеттілігі туындап отыр, осыны шешіп беруіңізді сұраймыз, – деді ол. Келесі кезең алдағы жылы басталып, 2004 жылы аяқталмақ. Бұл уақытта 166 миллион АҚШ долларын бөлу арқылы қосымша 12 пеш іске қосылады. Сол кезде өнім шығару әлеуеті 250 мың тоннаға дейін артады. Осы ретте қосымша электр энергиясы қажет болғандықтан инвестор есебінен 1 миллиард АҚШ долларына электр энергиясын өндіретін станса салу жоспарланыпты. 350 мегаваттан 4 кезеңде 700 мегаватт электр қуатын өндірмек. Бұл кезең 2025 жылы аяқталғаннан кейін тағы да тура осы қаржы көлемін жұмсау арқылы нақ осындай тағы бір екінші электр стансасы салынады екен. 2027 жылға дейін 500 миллион теңгеге қосымша 80 пеш салынбақ. 2030 жылға дейін 1500 миллион АҚШ долларына поликристалды кремний өндіретін зауыт іске қосылмақ. Осыдан кейін компания 150 миллион АҚШ долларына күн батареяларын шығармақшы. Басқосуда аспан асты елінде жылдық айналым қаражаты 250 миллион долларды құрайтын 7 кремний өндіретін пеші бар «CEN Yaojun» компаниясының өкілі сөз алып, қазақ халқының қонақжайлылығы мен еңбекқорлығына ризашылық білдіре отырып, өз ұсынысын ортаға салды. Оның айтуынша, өндірістік қажеттілік үшін 3 мың мегаватт қуат көзін өздері өндіргенімен қосымша 1 мың мегаватт электр энергиясы жетіспейтін көрінеді. Инвестор осы көлемдегі электр қуатымен қамтамасыз етуді, көмір, су мәселесін шешіп беруді, Қытайдан келетін жұмысшылар үшін виза жағынан көмектесуді, өндіріс орны үшін 500 гектар жер телімін беруді сұрады. Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов аталған компанияның кен орны үшін тиісті жағдай жасалып жатқанын айта келе, компания аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуы қажеттігін, ағын суға зиянын тигізбеуін, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қаперде ұстауын еске салды. Нұржан Нұржігітов өз кезегінде аталған мәселелер ретімен шешілетінін айтып, жобаның жүзеге асырылуы үшін жүйелі жұмыстар атқару қажеттігі жөнінде тиісті басқарма басшыларына арнайы тапсырма берді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ