Жаңалықтар

Егіздер ел шебінде

Егіздер ел шебінде

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыстық департаментіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде қос бірдей егіз жауынгерлік міндетін атқарып жүр. Біз жалынды жауынгерлермен жақынырақ танысып, әскери өмірін көзімізбен көріп қайту мақсатында аталған шекара бөлімшесіне арнайы барған болатынбыз.

Алғашқы кейіпкерлеріміз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыстық департаментіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінің қатардағы жауынгерлері – Бауыржан және Батырхан Орынбай.. Ағайынды сарбаздар 2004 жылғы 24 қыркүйекте Шу ауданының Бірлік ауылында өмірге келген. Отбасының кенжелері. Алдында ағасы мен әпкесі бар. Бірлік ауылындағы М.Х.Дулати атындағы орта мектептің түлектері. Екі жігіт те тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін, яғни 2019 жылы Алматы қаласындағы Алматы көпсалалы колледжіне оқуға түседі. Бауыржан «Автоэлектрик», ал Батырхан «Дәнекерлеуші» мамандығын таңдайды. Мұндағы оқуын тәмамдаған соң ағайындылар өткен жылдың қыркүйек айында күзгі шақырылымға барады. Әскер қатарына алынған соң егіздер, ең алдымен, Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы «Шонжы» шекара жасағында 3 ай оқу-жаттығуда болыпты. Сарбаздар оқуда жүріп әскери өмірге шыңдалды, қару кезеніп, автомат атуды үйренді. Оқуда жүрген жігіттер белгілі бір мамандық бойынша білім алды. Оқу-жаттығу мерзімі біткеннен кейін ағайындылар Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі облыс бойынша департаментінің инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөліміне жіберіледі. Аталған бөлімде әскери борышын өтей жүріп, шекара шебіндегі қиын да қызықты өмір белесінен өтеді. Онда аталған бөлімнің ІІ инженерлік-саперлік тобының бастығы, аға лейтенант Азамат Байтоқтың жетекшілігімен күн тәртібіне сай жаттығу, түнгі күзет секілді әскери міндеттерді бұлжытпай орындайды. Ондағы жауынгерлер уақытының басым бөлігінде шекара қоршауына қажетті сымтемір шығаратын цехта еңбек етеді. Аталған бөлімде әскери борышын абыроймен атқарған Батырхан мен Бауыржан 30 мамыр күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыстық департаментіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесіне ауыстырылады. Бұл жерде жас жігіттер қазақ-қырғыз шекарасын қоршап жүр. Өзара әңгімелесе отырып білгеніміз, Бауыржан сыңары Батырханнан 20 минутқа үлкен екен. Екеуі егіз, бірақ түрлері бір-біріне еш ұқсамайды. Алайда екеуінің жандүниесі көзге көрінбейтін жіппен байланысып тұрғандай. Себебі біреуінің жан күйзелісі, қуанышы өзгесіне де сезіледі. Әрі егіздер бірін-бірі іздеп тұрады. Бірі ауырса, бір күннен кейін тура сол дертпен екіншісі де науқастанып қалатын көрінеді. Ерекше атап өтерлігі, егіздер әскерге өздері сұранып келген. Ата-анасы да ұлдарының бұл шешіміне қарсылық танытпаған. – Негізі біздің әкеміз Нұрдин Сұлтанов әскери борышын Қара теңіз аумағындағы теңіз-жаяу әскер флотында өтеген. Асқар тауымыздың әскерге барып қайтқанының өзі бір хикая. Ол әскерге барар уақытта Қырғыз Республикасында жұмыста жүрген. Ал атамыз бен апамыз ауылда. Қарашаңырақ – Шудағы өзіміз туып өскен Бірлік ауылы. Қырғыз елінде жүріп әскер қатарына алынған әкеміз негізінде Қара теңізде 2 жыл болуы тиіс еді. Алайда келісімшартпен тағы 1 жарым жылға қалып қояды. Өкініштісі сол, хабарын айтып үйдегілерге жазған хаты ата-апаның қолына тимейді. Теңізде жүрген әкемізге ауылдан келген хат жетпей, орта жолда қалып қояды. Осылайша екі жақ бір-бірінен хабар ала алмай, қызық жағдайға тап болады. Екі жылдан кейін келем деген баласынан хат-хабар болмаған соң атамыз бен апамыз алаңдап, ұлын жоқтап шу шығарады. «Босқа алаң болма. Жаман хабар жерде жатпайды. Байланыса алмай жатқанға бір себеп бар шығар. Нұрдин әлі-ақ оралады» деп ауыл адамдары ақылын айтып, сабырға шақырады. Шынымен-ақ, бір жарым жылдан соң әкем ауылға өзі қайтып оралады. Үйдегілер, туған-туыс, ауыл адамдары тегіс көздеріне жас алып, мәре-сәре күй кешеді. Үш жарым жыл үйден жырақта жүріп әскери өмірдің қатал сынағынан өткен әкеміздің жолы бізге үлгі. Сондықтан өзіміз де уақытында Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтеуді жөн санадық. Шекара шебінде жүріп шыңдалдық. Әскер көп нәрсенің қадірін ұғындырды. Ең бастысы отбасының, ата-анамыздың өмірімізде қаншалықты маңызды рөл атқаратынын сезіндік. Еліміздің тыныштығын күзетіп тұрғанда бойыңды еріксіз патриоттық сезім билейді. Осында шын достарымызды кездестірдік, олар біз үйленетін кезде «егіз қыз тауып береміз» деп уәде берді, – дейді егіздер. Батырхан мен Бауыржанның үйіне аман-есен оралар күн де алыс емес. Қыркүйек айында әскери борышын өтеп болған соң екеуі де оқуын жалғастырып, мәртебелі мамандық иелері атануды жоспарлап отыр. Дәл осы бөлімшеде біз сөз еткен жігіттермен қатар жүрген тағы бір егіз жауынгер – Кемран мен Эмран Исмайловтар. Олар Жамбыл ауданының Шайқорық ауылында туған. Шайқорық орта мектебінде оқыған. Эмран 9-сыныптан соң Тараз қаласындағы «Қайнар» колледжіне «Автоэлекрик» мамандығы бойынша оқуға түскен. Әскер қатарына алынғандықтан соңғы курсты әлі бітірмеген. Ал Кемран 11-сыныпты аяқтаған соң әкесіне көмектесу үшін ерте жұмысқа араласыпты. Әскери борышын өтеп болған соң өзі қалаған мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсуді көздеп отыр. Сондай-ақ шекарашы өмірімен жете танысқан Кемран келсімшарт бойынша осында қалуға ниетті екенін жасырмады. Ағайындылар оқушы күнінде күрес, таэквондо спорт түрлерімен айналысқан. Бұлардың да жауынгерлік жолы жоғарыда айтылғандай. Күзгі шақырылымға келген олар алдымен «Шонжы» шекара жасағында 3 ай оқу-жаттығуда болады. Оқуда жүргенде өздеріне әскери білім берген старшина Арман Тұрлықовқа деген құрметтері айрықша. Егіздердің айтуынша, темірдей тәртіпті талап ететін жауынгерлік өмірге дәл осы старшина Арман Тұрлықов баулыған екен. Қару ату, оның қауіпсіздігі, сапты бұзбай адымдау, киер киімін таза ұстау секілді ұқыптылықтарды бойларына сіңірген де сол старшина. Бір қызығы, оқу-жаттығу орнында жүргенімен біреуі бұрын, екіншісі кейін келгендіктен екі егіздің жолдары мұнда тоғыспапты. Бірақ облысқа қайтып, ҚР ҰҚК Шекара қызметі облыс бойынша департаментінің инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөліміне ауыстырылғанда барып екеуі жолығады. Бір бөлімде қос егіз жауынгердің жүргеніне алғашында өзгелер де, өздері де таңырқай қарайды. Бүгінде олар Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде өзге де жауынгерлермен бірге антына адалдық танытуда. – Күзгі шақырылым кезінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге әкеміз Хабиб өзі ертіп келді. Базбіреулер «Бұл – баланың құқығын таптау немесе перзентінің ойымен санаспау» деп ойлауы мүмкін. Еліміздің патриоты ретінде өзіміз де баруды жоспарлап жүргенбіз. Әкеміз Хабиб ардагер-шекарашы. Кезінде Алматы облысының Алакөл ауданындағы шекара қызметінде болған. Ел тыныштығын күзету жолында аянбай тер төгіп, абыроймен зейнетке шыққан. Ұлдарының да елінің шын жанашыры болғанын қалайды. Бізді кішкентай күнімізден Отанды сүюге, еліміздің салтын, тілін, ділін құрметтеуге үйретті. Сондықтан болар, орысшаға шорқақпыз. Қазақ елінде өмір сүрген соң қазақ тілін білу, осы тілде сөйлеу – басты міндет. Азаматтық борышымызды әке атына кір келтірмей, сеніміне селкеу түсірмей өтеп жүрміз деген сенімдеміз. Әскери өмір жайлы тоқтамай айта беруге болады. Әскер бізді көп нәрсеге үйретті. Кей кезде де пенде болған соң анаң мен әкеңе, бауырларыңа орынсыз ренжіп, кикілжіңге келіп жатамыз. Осында жүріп отбасының, татулықтың, ауызбірішілікте түсінісіп күн кешудің, елге, Отанға деген патриоттылықтың қадірін шын ұғындық. Жырақта жүрген соң үйіңді сағынбай тұра алмайсың. Бірақ шын ынтаңмен, таза ниетіңмен келсең, жауынгерлік міндеттің еш қиындығы жоқ. Қазіргі уақытта шекара шебінде шұңқыр қазып, бағана орнатып, сымтемір керіп жүрміз. Уақытымен спорттық жаттығулар жасап тұрамыз. Кезегіміз келгенде түнгі күзетке шығамыз. Ел шекарасын күзету үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді. Осындағы шекарашы ағаларымыздан көп нәрсе үйреніп жатырмыз, – дейді ағайынды Исмайловтар. Реті келгенде айта кетсек, аталған бөлімше 2012 жылы желтоқсан айында ашылған. Соңғы үлгіде салынған бөлімшеде шекарашыларға қажетті жағдайдың барлығы бар. Яғни сабақ өтетін орын, жатақхана, спортзал, кітапхана, асхана, дәріхана қарастырылған. Біз осындағы жас шекарашыларға басшылық етіп жүрген аға лейтенант Азамат Байтоқпен де аз-кем тілдесіп, шекарашы қызметінің қыр-сырына қанықтық. – Шекара бөлімшесіне 50 шақырымға жуық шекаралық аумақты күзету міндеттелген. Шекара негізінен адам күшімен күзетіледі. Яғни негізгі күш сарбаздарға түседі. Бөлімше инженерлік құрылғылармен жабдықталған. Бөлімшеде тәрбие жұмыстары жоспар бойынша жүйелі жүргізіледі. Сарбаздар шекара күзету қызметіне кезекпен түседі. Мәселен, түнде күзетте болған сарбаздар күндіз ұйықтайды. Шекара күзету уақыты 8-10 сағат. Сарбаздарға үш мезгіл тамақ беріледі. Жауынгерлер бос уақытында теледидар көреді, өнерлі жігіттер гитара тартып, ән айтады, спортпен шұғылданады, кітап, газет-журналдар оқиды. Сонымен бірге қызметтік аттар мен иттерге күтім жасайды. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік шекараны үлкен жауапкершілікпен күзету, шекараны бұзуға жол бермеу, жеке құрамның психологиялық, рухани жағдайын жоғары дәрежеде ұстау. Әскери өмір ер-азаматтың патриоттық сезімін, қайратын, жігерін жаниды. Отаншылдық рухын көтереді. Жақсы мен жаманды, алыс пен жақынды, барыңды бағалауды үйретеді. Әр азамат өзін жан-жақты дамытады. Жауынгерлердің әскери қызметтік мерзімі аяқталып, үйлеріне қайтарда әрқайсысының тәрбиесі, жауапкершілігі, жан-жақты қабілеті ескеріле отырып, алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталады, – дейді Азамат Хамзаұлы. Айта кету керек, бұл шекаралық аумақтың ерекшелігі – бір жағы таулы аймақ болса, бір шеті жазық. Сондықтан да болар, шекарада заңсыз жолмен мал алып өтпекші болған азаматтар көп кездесіп жатады екен. Мысалы, былтырғы 27 шілдеде осы бөлімшенің шекарашылары Қазақстаннан Қырғыз еліне контрабандалық жолмен 87 ірі қара мал алып өтпекші болған азаматты ұстаған. Сонымен қатар шекарашылардың жұмысына ауыл тұрғындары да көмектесіп жататын сәттер аз емес. Шекара аумағынан бөтен адамдардың жүргенін байқаған тұрғындар, малшылар бірден сарбаздарға хабарласып, мән-жайды айтып жатады екен. Күннің батуы шекарада біздегідей жұмыс күнінің аяқталуын білдірмейді. Керісінше, мұндағылар шекараны қырағы көзбен қадағалайды. Кез келген уақытта дабыл қағылуы мүмкін. Әсіресе контрабандалық жолмен оңай олжаға батқысы келгендер түн жамыла жортатыны бар. Өйткені жау – жар астында. Шекарадан қауіп көп. Сондықтан бес қарудың бабында болуы шекарашылар үшін маңызды. Жоғарыда айтып өткендей, елді қорғау қызметі – мемлекеттің қауіпсіздік саласындағы қастерлі қызмет. Әрбір жігітке бұйыра бермейтін шекара қорғау мәртебесіне ие болған әскердегі егіздердің абыройлы міндеті, расында, мақтауға тұрарлық.

 Ақтоты ЖАҢАБАЙ