Жаңалықтар

ТҰҚЫМ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ТЫҢ СЕРПІЛІС

ТҰҚЫМ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ТЫҢ СЕРПІЛІС

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Florimond Depres» компаниясының директоры Джером Рене Генримен кездесті.

Франциялық компанияның мамандары түрлі ауылшаруашылық дақылдарының селекциялық бағдарламаларымен жұмыс істейді. Кәсіпорын тұқымның жаңа сұрыптарын шығарады, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөледі. – Облысымыз 2016 жылдан бері «Florimond Depres» компаниясымен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Компаниямен арадағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында облыс диқандары жақсы тұқым алып, мол өнім жинады. Біз одан әрі де биік мақсаттарға қол жеткізу үшін сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Нұржан Нұржігітов. Бүгінгі таңға 52 қызылша шаруашылығының өкілдерімен тұқым сатып алу бойынша келісімдер жасалған. Өз кезегінде Джером Рене Генри ауылшаруашылығын дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейтуге дайын екенін білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша, Нұржан Молдиярұлы облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басшылығына нақты тапсырмалар берді. Жалпы биыл облысымызда ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егіс алқабы 770,4 мың гектарды құраған. 2023 жылдан бастап қант қызылшасын субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бұл мақсаттарға 6 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ аймақ басшысы «Алель-Агро» акционерлік қоғамының басшылығымен кездесті. Жиында акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ерік Сұлтанқұлов құрама жем өндіретін зауыттың ағымдағы қызметі мен жоспарлары туралы айтып берді. Құс фабрикасы өнімінің бағалық қолжетімділігін арттыру және қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған зауыт жылына 96 000 тонна жем өндіруге қабілетті. Сондай-ақ кездесу барысында «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» жауапкершілігі серіктестігінің бас директоры Фарид Абитаев серіктестіктің қызметімен таныстырды. 2020 жылдан бастап кәсіпорын ішкі нарыққа 10 мың тоннадан астам элиталық тұқым жеткізеді және жақын шетелдерге экспорттайды. – Біздің өңірде 8 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Бірақ олар тұқымға 100 пайыз қажеттілікті қамтамасыз ете алмайды. Біз жұмыс істеуге және компаниямен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Жоба өте егжей-тегжейлі зерттеуге лайық. Күзге дейін барлық ұйымдастырушылық мәселелер шешілуі тиіс, – деп тапсырды облыс әкімі жауапты тұлғаларға.

«AR-AI»-ақпарат