Әлеумет

Еріктілер ел үшін қызмет етеді

Еріктілер ел үшін қызмет етеді

Тасада жүріп-ақ талай тірлік тындырып, қоғамның кетігіне кірпіш болып қаланып жүрген қауым жетерлік. Олар еңбегіне енші сұрамайтын – еріктілер. Атадан жеткен асыл жол асарлатуды жаңғыртушылар «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидатына бейжай қарамайды.

Волонтер жылын қорытындылаған жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаны таза жан ғана волонтер бола алады», деді. Бүгінде жер бетінде 1 миллиард адам волонтерлікпен айналысады. Статистикаға сүйенсек, белсенділер жаһандық дамудың бойына қан жүгіртіп, жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызына оң үлесін тигізіп отыр екен. Елімізде күнделікті тіршілігімен еріктілікті тең алып жүргендер саны 2020 жылы 16 мыңды құраған. Осы ретте Мемлекет басшысы тәуелсіздік тарихында болмаған жаңа жылнама бекітті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 26 тамызда №135 Жарлыққа қол қойып, 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Бекзат қызметке білек түре кіріскендер қатары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезеңінде еселеніп, айтулы жылда да бірнеше есе артты. Мерейлі жыл межесі – қазақстандық волонтерлер тізімін 100 мыңға жеткізуді көздеді. Маңызды миссия қоғамға қозғау салып, 17 аймақта еріктілер бас қосатын фронт-офистердің ашылуына түрткі болды. Аталған бағыттағы қарышты қадамдар қазіргі таңда қоғамға қалтқысыз қызмет етіп жүрген 200 волонтерлік ұйымның негізін қалады. Қазақстандық қайырлы істердің қалыбы құралып, Үкіметтің қолдауымен Біріккен Ұлттар Ұйымының еріктілер құрамында 7 жерлесіміз жұмыс істеп жүр. Әлемнің 16 мемлекетінің волонтерлері ғана қол жеткізген бұл көрсеткіш – көңіл көншітерлік жетістік. Экология, әлеуметтік сала, медицина, қайырымдылық бағыттарында белсенді қимылдап, ел-жұртқа, қоғамға қол ұшын созушылар қатарында тараздық таланттар да бар. Облыс бойынша 30 еріктілер ұйымында 8 мыңнан астам жас тер төгіп жүр. Олар жергілікті атқарушы билікпен бірлесе «30 игі жоба» шеңберінде «Тегін такси», «Рақмет сізге», «Менің бастамам» сияқты жобаларды жүзеге асырып, жамбылдық жұртшылыққа қызмет етуде. Демек, өңірде волонтерлікпен айналысатын қоғамдық институт еңсе тіктеген деуге толық негіз бар. Еріктілердің еңбегі мәдени, саяси, спорттық салалардағы халықаралық жиындармен бірге, ел басына күн туған сәттерде де жоғары бағаланады. Сондай сын кезең – коронавирус инфекциясы кең тараған пандемия тұсы болды. Тараздық волонтерлер бұл қауіпке толы мезетте тосылып қалмай, тұрғындарға азық-түлік тасымалдады, медицина қызметкерлеріне қолғабыс жасап, тыныс алу аппараттарын жеткізді. Жергілікті ерікті жастар қайырымдылық шараларына да белсенді араласады. Ұлтты ұйыстыру сауатты ақпарат беру арқылы жүзеге асатынын жақсы түсінетін еріктілер жомарт жандарды жұмылдыру жүйесінде де белсенді. Тараздық ерікті жастардың жарқын үлгісі – Бауыржан Жұмат. Бауыржанның волонтерлік белсенділігі «Қазақстан студенттер Альянсына» қосылған мезеттен қарқын алды. Студенттік жылдарын сапалы өткізуге ұмтылған жас бос уақытын еріктілікпен ұштастырады. Биыл еріктіліктің ерекше бағытында елге қызмет етіп жүргеніне – 5 жыл. Ол 2018-2021 жылдары облыстық еріктілер қозғалысында қызмет ете жүріп, Волонтер жылы шеңберіндегі «Ашық жүрек» жобасының координаторлығын абыроймен атқарды. 2020 жылы коронавирус өршіген тұста өңірдегі 200-ден астам аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түлік қораптарын жеткізді. COVID алқымнан алғанда қала көшелерінде тұрақты түрде тұрғындарға маска мен антисептик таратты. Ал 2020 жылы Мақтааралдың мамыражай тіршілігі топан сумен бұзылғанда тұрғындарға көмек көрсетуге алғашқылардың бірі болып жетті. Сондай-ақ 2021 жылы Байзақ ауданында болған жарылыс салдарын сейілту үшін зардап шеккен отбасыларға қолдау көрсетіп, еріктілер еншісіне берілген еңбекте де аянып қалмады. Бауыржанның волонтерлерді гидвайзерлікке бағыттайтын тың жобалары бір төбе. Ол адамзатқа деген мейіріммен астасқан еріктілер жұмысы шекарамен шектелмейді деген ұстанымда. Сөзіміздің айғағы ретінде өткен жылы Украинаға қарсы жүргізіліп жатқан арнайы операциядан әлеуметтік қозғалысы шектелген ел азаматтарына киім-кешек, медикамент, азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақтарды жіберуге ұйытқы болса, түбі бір түркі жұрты түрік ағайындарға төнген жер алапаты – зілзала кезінде де аянып қалмады. Гуманитарлық жәрдемді жиып, Анадолыға аттандыру бағытында қызмет етті. – Түрлі адам бар, түрлі тағдыр бар. Қоғамда белгілі бір себептермен қиындыққа тап болып, қолдауға зәру болған адамдарға көмектесуді азаматтық парызым деп білемін. Жақында Аяна есімді қыздың еміне арналған «UMIT» атты қайырымдылық концертте волонтерлік еттім. Сондай-ақ ерікті жастармен бірлесіп, қартын қадірлеген халықтың қайырлы ұрпағы ретінде тұрақты түрде Қарттар үйіне қарайласып, мәдени, материалдық қолғабыс жасап келеміз. «АҚТӨС» иесіз иттерге арналған мекемеге де жиі ат басын бұрып тұрамыз. Ондағы панасыз жануарларды тамақтандырып, емдік шаралар жүргізуге үлес қосып жүрміз. Бойымыздағы көпшілікке көмектесу, қоғамға пайдалы болуға деген құлшыныс волонтерлікке бастап, ойымдағы абзал ниетті іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Біз қол ұшын созған әр тұрғын ризашылықтарын жеткізіп, ақ баталарын беріп жатады. «Оң қолдың бергенін сол қолың білмесін» деген сөз бар. Сондықтан менің «осыған осындай жағдай жасадым, пәлен жерде түген көмек бердім» деп ақтарыла сөйлегенім ыңғайсыз болады. Жақсылығымыз жасырын күйде қалсын, – дейді Бауыржан Киікбайұлы. Атқарған ісіне алғыс күтпейтін азаматтың еңбегін елеген жергілікті билік 2021 жылы кеудесіне «Халық алғысы» медалін тақты. Бауыржанның қоғамдық істердегі белсенділігін ұйымдағы әріптестері жоғары бағалайды. Ал волонтердің қайырлы іс жасағанда «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген қағиданы ұстануы бізді сүйсінтті. Волонтерлік – жүрек қалауы. Жастар мен жақсылыққа жаршы болып жүрген аға буын халыққа қызмет етудің тиімді тетігі еріктілік екенін ерекше атайды. Себебі олар «жақсылық жүрген жерде таршылық жүрмейтінін» жүрегімен сезеді.

Тахмина ӘШІРБАЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті