СҰЛУЛАРҒА СӘН ҚОСҚАН САҒАДАТ
СҰЛУЛАРҒА СӘН ҚОСҚАН САҒАДАТ
Ол М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Бейнелеу өнері және сызу» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Шамалы уақыт өз саласы бойынша жұмыс істеген. Бірақ сән мен сұлулық әлеміне деген қызығушылығы басымырақ болып, таңдауы осы арнаға ауысады. Бүгінде қыздарды сәндеу сүйікті ісіне айналып кеткен. Кірпік жалғаудың шебері аталған кәсіп түрімен алты жылдан бері айналысып келеді. Талант иесінің сұлулыққа қызығушылығы бала кезінен басталған. Тіпті жиын-тойларға, шағын отырыстарға, күзгі балдарға артынан ерген сіңлілерін сәндеп, әрлеп жібереді екен. Студенттік шағында да құр қарап жүрмей құрбыларына кірпік жалғап беріп, қосымша табыс тауып жүріпті. Сол кездің өзінде күн өткен сайын кірпігін ұзартқысы келетін қыздардың саны арта түскен. Жай хобби санап жүрген кәсібінің кәдімгідей пайда әкелгенін аңғарған Сағадат осыдан кейін іске шыңдап кіріскен екен. Алдымен «Instagram» әлеуметтік желісінде «lashes__sagadat» атаумен арнайы парақша ашып, оған жазылуға адамдар қабылдай бастайды. Тұтынушылары жылы пікірін жиі қалдырып жататын парақшаның ықпалы болар, клиенттерінің саны да көбейген. Көп ұзамай өз қаражатына сұлулық салонын ашып, кәсібін кеңейткен. Иә, шаш қиып, қас теріп, қабақ жасап, кірпік жалғау ауызбен айтуға оңай көрінуі мүмкін. Дегенмен сән әлеміне білек сыбана кірісіп, осы жолда тынбай еңбектеніп жүрген Сағадатты көргенде оның үлкен жауапкершілікті, нақтылықты, тәуекелшілдікті талап ететініне көзіміз жетті. – Кірпік жасауда ең басты талабым – сапа. Таразда бұл саланың шеберлері көп. Алайда әркімнің қолданатын материалы, жасау жолдары әртүрлі. Әрине, құралдар мен материалдарды базардан сатып алу арзан әрі тиімді. Бірақ жұмысымның сапалы шығуы үшін керекті құрал-жабдықтардың барлығын арнайы тапсырыспен немесе фирмалық дүкендерден аламын. Өз саламның қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтау мақсатында Алматы қаласында оқып білімімді жетілдіріп келгенмін. Сондықтан тұтынушыларыма сапалы қызмет көрсетіп жүрміз деп сеніммен айта аламын, – дейді кейіпкеріміз. Алты жыл тәжірибесі бар Сағадаттың клиенттер базасы да үлкен. Таңертеңнен кешке дейін жазылу кестесі толып тұрады. Ұзындығына қарай кірпік жабыстырудың бағасы – 4 000 мен 13 000 теңге аралығында. Ол қызмет түрінің бағасы пайдаланатын материалдардың қымбаттауына байланысты дейді. Сонымен қатар қазіргі таңда сұранысқа ие жаңа кәсіпті меңгеремін деуші қыздарға шеберлік курсын өткізіп тұрады. Осылайша қас-қабағына әсемдік беру үшін кейбір қыздар кірпіктерінің қалың болғанын қалап «лейшмейкер» мамандардың қызметіне жүгініп жатады. Алайда кірпік ұзартумен әуестенуге болмайды. Өйткені бұл процедурада қолданылатын кез келген клей көзге зиян. Кейіпкеріміз бұл жағын ескеріп жасанды кірпікпен жүре бермей, көзді демалдырып тұруға кеңес береді. Жас та болса жаңашылдыққа жаны құмар Сағадат үлкен кәсіптің құлағын ұстап жүр. Ал оған ол оңай келген жоқ. Өз қаржысымен 6 жыл бұрын бастаған шағын кәсібі өрге домалап, ғимараты да, ісі де кеңейе түсті. Еңбек еткеннің есебі түгел, еңсесі биік болатынын бүгінгі кейіпкеріміздің қажыр-қайратынан аңғарғандай болдық. «Instagram» әлеуметтік желісі кәсіп бастаймын деушілерге таптырмас табыс алаңы екендігіне тағы бір рет көз жеткіздік.
А.ЖАҢАБАЙ