Әлеумет

Кәсіби өртсөндіруші әрі блогер

Кәсіби өртсөндіруші әрі блогер

Өртсөндіруші – әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі. Жүректілік пен батылдықты талап ететін өртсөндірушілердің қызметі ерлікпен пара-пар. Тараздық өртсөндіруші-құтқарушы Шухрат Муртаев өзінің қиын да қауіпті жұмысын атқара жүріп, арнайы видеоға түсіріп, қысқа-нұсқа әрі мәнді бейнетүсірілімдер құрастырып, әлеуметтік желіге салып, блогер ретінде танылып жүр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Шухрат Муртаев азаматтық қорғау органында 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол өзінің қайсарлығымен және еңбексүйгіштік қасиеттерімен ерекшеленіп, теориялық жағынан да білімін ширатып, кәсіби тұрғыдан үнемі даму үстінде. Сондай-ақ ол соңғы жылдары өзіне экипировка жасайды. Бір қарағанда өртті сөндіре жүріп түсірілім жасау мүмкін еместей. Дегенмен Шухрат өзінің ең басты міндетін ұмытқан емес. Ол өзінің басындағы дулығасына арнайы камера іліп, шақыртуларға шыққанда бейнекамераны қосып, өртті ауыздықтаған соң түсірген бейнежазбасын көшіріп отыруды әдетке айналдырған. Қиындықпен өткен кезекшіліктен соң бейнетаспаларды сараптап, реттеумен айналысуға уақыт тауып, дайын болған бейнероликті өзінің жеке парақшасына жүктеп, қарапайым жұртшылықты от жауынгерлерінің жұмысымен таныстыруға үлес қосуда. Шухраттың түрлі төтенше жағдайлар барысында түсірген видеосының арқасында халықтың өртөндіруші-құтқарушыларға деген көзқарасы жақсы жаққа қарай өзгергенін айтады әріптестері. – Біздің жұмысты көпшілік түсіне бермейді. Осы уақытқа дейін видеоға түсіруге қызығушылығым болған. Бірақ түрлі себептермен құнттамай жүрдім. Кейін мобилографияны тереңірек оқып шыққаннан кейін көптен бері ойдан жүрген ісімді қолға алуға бел будым. Сөйтіп, жұмысымыздың қыр-сырын жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында түсірген видеоларымды «Instagram»-дағы парақшама жариялап отырдым, – дейді Шухрат Фархатұлы. Шухраттың «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында 4 мыңға жуық оқырманы бар. Онда Шухратты кәсіби өртсөндіруші ғана емес, кәсіби блогер ретінде де көруге болады. Сәтті кадрларды арнайы әуендермен әрлеп салған бейнежазбалары кез келген көрермен үшін қызықты. Шухрат тек видео салып қана қоймай, олар жайлы жазба қалдырып, берілген тапсырмалардың маңыздылығы, өртсөндірушілердің жұмыстан тыс кезде атқаратын жұмыстары, киімдерінің артықшылықтары мен ерекшеліктері жайлы маңызды ақпараттармен бөліседі. Оқырмандарының жазған пікірлеріне қарап-ақ парақшасының қаншалықты оқылымды екеніне де көз жеткізуге болады. Шухрат осы уақытқа дейін еліміздегі түрлі сипаттағы ірілі-ұсақты әрі резонансты өрттер мен төтенше жағдайларды жоюға қатысып, бірнеше жанның өмірін құтқаруға себепші болған. Қауіпті сәтте зардап шегушіге тыныс алу маскасын да шешіп бергенін әріптестері тамсана еске алады. Кейіпкеріміз әрдайым спортпен белсенді айналысып, уақытының көп бөлігін жаттығуға жұмсайды. Былтыр Тараз қаласындағы жоғары оқу орнын аяқтаған Шухрат Муртаев болашақта абыройлы офицер болатынына сенімді. Шухрат Муртаевтың жары Карина Карташова да өрт сөндіру саласында жұмыс істейді. Анығын айтар болсақ, Карина Сергеевна облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының өрт сөндіру байланысы орталығы пунктінің аға байланыс шебері. «Өртсөндірушінің жұбайы болу қаншалықты қиын? деген сұрақ Каринаға қойылса, әрдайым жұбайының кезекшілікке түскен сайын тілсіз жаумен айқасқа түсуге бара жатқанын жан-тәнімен түйсініп және жолдасының басынан соңғы 3-4 жылда қауіпті сәттердің көп өткенін, тіпті болашақта өмірін бәске тігуі мүмкін сәттердің кездесетіндігін де жан жүрегімен сезініп, қызметіне үлкен түсіністікпен қарайтынын айтқан болар еді. Бұл отбасы өздерін өзге мамандық иесі ретінде мүлдем елестете алмайтынын айтады. Жұбайлар үйде отырып шүйіркелесе қалса да әрдайым әңгіме ауаны жұмыс төңірегіне барып тіреледі. Екі жастың көкейін үнемі «өрт сөндіру саласын қалайша жетілдірсек болады?» деген сауал жиі мазалайды. Бүгінде олар қызмет бабы бойынша бір-біріне айна іспетті. Әрдайым бір-біріне сын көзімен қарап, бірінің жетістігіне бірі қуанып отырады. Ынтымағы жарасқан отбасының еңбектері жанып, берекелері арта берсін деп тілектестік білдірдік.

Айжан ӨЗБЕКОВА