Қоғам

Байыпты жұмыстың лайықты нәтижесі

Байыпты жұмыстың лайықты нәтижесі

Жастарымыздың жалынды шақтарын жақсылыққа жұмсауына қоғам болып атсалыссақ, сонда ұлтымыздың ертеңі де нұрлы болмақ. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастар арасында қылмыс белең алып барады. Әсіресе есірткіге әуестенетіндер жыл санап көбеюде. Есірткі қылмысына қарсы полиция қызметкерлері күн демей, түн демей жұмыс істеп-ақ жатыр. Алайда «адам аласы ішінде» демекші, бірін анықтаса, бірі шығып жататыны тағы бар. Расында, бұл – бейбітшілік заманында қазақ қоғамына келген үлкен дерт.

Мәнді мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдаушылық білдіріп: «Синтетикалық есірткіні тұтынудың өсуі ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Кейінгі үш жылда айналымнан алынған «синтетика» көлемі 10 есе өсті. Синтетикалық препараттар жыл сайын арзанырақ және қолжетімді болып келеді. Олар әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы еркін сатылады, тіпті үйіңізге дейін жеткізіледі. Бұл аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипат алуы керек. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», деп құзырлы органдарға пәрменді тапсырма берген болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, облысымызда есірткіге қарсы іс-қимыл әрекеттері қарқын алған. Есірткі қылмысының алдын алуға күшін салып, анықталуына зор ықпалын тигізіп жүрген мамандарымыздың бірі – облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Жандос Жақсыбаев. Шын мәнінде Жандос сияқты мамандар ұлтымыздың мақтанышы болуы тиіс. Олардың ел үшін жасап жатқан үнсіз еңбегін атап көрсету де біздің бір борышымыз деп білеміз. Ал Жандос өз кәсібінен адал нәпақа тауып, нәтиже шығарған адам ғана нағыз құрметке лайық екенін айтады. – Қазіргі қоғамның бірден-бір дерті – есірткіге тәуелділік. Біз жастарымызды есірткіден алшақ ұстамасақ, онда ертең бұл ұлт басына төнген қауіпке айналады. Мен Отаным үшін және оның болашағы үшін өз қызметімді адал атқаруға бел шеше кіріскен жандардың бірімін. Және бұл істеген ісім үшін біреуден марапат немесе алғыс күтпеймін. Мұны мен азаматтық борышым деп білемін. Осы уақытқа дейін қаншама қылмысты аштық. Шынтуайтында, қазақтың қаракөз балаларының есірткімен ұсталған сәтін көру мен үшін де өте ауыр. Өйткені оның осы жолға баруына әрбір қоғам мүшесі өзін кінәлі сезінуі тиіс. Қазір адамдардың жүйке жүйесі қалыпты жұмыс істеуден ауытқи бастаған. Бәрі оңай ақша табуға, жан рақатын іздеуге құмар. Бұл мінез біздің жастарымыздың болашағына көлеңке түсіріп жатыр. Олардың жұмыссыз жүруі, жан қинамай ақша табуға деген ынтасы түрлі қылмыс жасауға итермелеуде. Егер олар бос уақытын пайдалы нәрселерге жұмсаса, кітап оқыса, спортты серік етсе, жаман әдеттермен айналысуына уақыты да жоқ болар еді. Қазір интернеттің заманы. Бұл түрлі қылмысқа жол ашатын үлкен алаң. Иә, ғаламтордың пайдалы тұстары да баршылық. Алайда біздің жастар көбінде оның зиянды, көлеңкелі жағына көп ұрынып қалып жатады. Мысалы, біз жыл басынан бері 269 қылмыс аштық. Оның 26-сы аса ауыр қылмыс ретінде тіркелді. Нәтижесінде 700 келіден астам есірткі заты заңсыз айналымнан тәркіленді, – дейді Жандос Мұратұлы Иә, өз ісінің нағыз маманы болып, арманына адал қызмет істеу екінің бірінің қолынан келмейді. Әрі бұл мамандық иелерінің жұмысы көзге көп көріне бермейтіні де шындық. Алайда Жандос Жақсыбаев Отанға адал қызмет ету ұлт алдындағы борышы екенін айтады. – Ұлт үшін істеген қызметтің үлкен-кішісі болмайды. Онда тек қана төгілген тер мен халықтың сол теріңе деген құрметі ғана болады. Мен өзім кешегі желтоқсан қарлығаштарын жауратқан 1986 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келгенмін. Әкем полиция қызметкері болғандықтан қызмет бабымен Таразға ауысып, оқуды осында аяқтадым. Кейін Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірдім. 2009 жылдан бастап ішкі істер органдарында жұмыс істеп келемін. Басты арманым – елімнің қылмыссыз қоғамда өмір сүруі. Отанымыздың болашағын нұрлы қыламыз десек, онда жастарымыздың тәрбиесін күшейтіп, оларды еңбекке баулуымыз керек. Оңай олжа қашанда опық жегізетінін толық түсінуіміз қажет. Полиция қызметкері болу ауыр міндеттер мен жауапкершілікті мойныңа алу екені анық. Алайда мен өз мамандығымды жақсы көремін. Сондықтан оның қиындықтарын қиындық деп қабылдамай, қайта өзімді шыңдап жатырмын деп ойлаймын. Әрі жұмысым тікелей ұлтымыздың мүддесіне саятын іс болғандықтан болашақтағы өзіме қайтатын қайырымы да мол болатынына сенімдімін. Мысалы, бір түйір есірткіні тәркілесек, онда бір отбасыны қайғыдан, бір адамды алапаттан аман алып қалған болып есептелеміз. Тіпті оның сауабы Отанға келген өртті сөндіргенмен бірдей деп ойлаймын. Сондықтан болашақта Отанымыз гүлденіп, көркейгенін көрсек, біз осы істеп жатқан істеріміз үшін өзімізді бақытты сезінетініміз анық, – дейді ол. Есірткіге қарсы күрес тек полицияның ғана міндеті емес, бәріміздің де ортақ борышымыз екенін ұмытпағанымыз жөн. Сонымен қатар осындай күрделі қылмыспен күресіп, біздің болашағымыз үшін жұмыс істеп жүрген Жандос сияқты ұлтын сүйер азаматтар көбейсе екен деген ниеттеміз.

Шапағат ӘБДІР