Ұстаз рухына арналған турнир
Ұстаз рухына арналған турнир
Турнир 17 маусым күні «Есімі өшпес жүректе» атты тақырыпта Шақпақата ауылындағы орталық стадионда ұйымдастырылды. Ашылу салтанаты Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Жарысқа Шақпақата ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов, қызметтес болған әріптестері, туған-туыстары, жора-жолдастары сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Замандастары Сәтбай Дәуренұлын ұстаздық салада зор ықыласпен жұмыс істегенін, өз ісін жан-тәнімен беріліп атқарғанын атап өтті. Футбол бәсекесі Ахметовтер әулетінің қолдауымен өтті. Оған барлығы 9 команда қатысып, бақ сынады. Атап айтар болсақ, Түркістан облысынан «Қарағашты», «Шақпақ баба», Жуалы ауданынан «Көлтоған», «Теріс», «Шақпақата-1», «Шақпақ ата жастары», «Мыңбұлақ», «Жуалы жастары», Тараз қаласынан «Сахзавод» құрамалары қатысты. Турнирге ардагер ұстаз Сарымсақов Маханбет ағамыз төрелік етті. Достық көңіл күйде өткен турнирдің барлық ойындары тартысқа толы болды. Әрбір команданың жеңіске деген ұмтылысы жоғары. Түскі үзіліс уақытында ағамыздың үйінде Құран оқылып, ас таратылды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады. Алты сағатқа жуық созылған турнирдің қортындысы бойынша «Көлтоған» командасы IV орын алып, 25 мың теңгенің жүлдесін иеленді. Тараз қаласынан келген «Сахзавод» командасы III орынды қанағат тұтып, 50 мың теңгеге қол жеткізді. Ақтық мәреде ғана сүрініп, ІІ орын алған «Мыңбұлақ» командасына 75 мың берілді. Көршілес жатқан Түркістан облысынан келген «Шақпақ баба» командасы турнирдің чемпионы атанып, кубокты олжалап және 100 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Барлық жүлделі орын алған командаларға арнайы дипломдар мен медальдар табыс етілді. Турнир барысында жоғары деңгейде ойнап көзге түскен жекелей ойыншылар да мадақталды. Олардың бәріне диплом және ақшалай сыйлық берілді. Турнир атынан Жамбыл Лесалыұлы «Шақпақ ата жамағаты» қайырымдылық қорына қаржы аударды.
Ақжан ІЛИЯСҰЛЫ, Жуалы ауданы