Жаңалықтар

Түлектер қауіпсіздігі басты назарда

Түлектер қауіпсіздігі басты назарда

20-22 маусым аралығында өтетін мектеп бітіру кештеріне байланысты тәртіп сақшылары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Қызметті үйлестіру және түрлі құқықбұзушылықтарға, оның ішінде мектеп бітіру кештерін өткізу орындарын жедел бақылауда ұстау үшін қосымша штабтар құрылыпты. Салтанатты және бейресми кештерді өткізу кезінде түлектер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар қабылданған екен.– Мектеп бітіру кештері кезінде ата-аналар балаларына ерекше назар аударуы керек. Сондай-ақ салтанатты іс-шараларда алкоголь ішуге, темекі шегуге және зиянды заттарды қолдануға тыйым салынғанын еске саламыз. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектеп түлектерінің жол қозғалысы ережелерін бұзу деректеріне жол бермеуге ерекше назар аударылып отыр. Тыйым салынған жерлерде шомылудан және іс-шара өту жоспарланған аумақтан тыс жерлерде мерекелеуден бас тартқан жөн.Су айдындарында, көпірлерде, жолдың жүру бөліктерінде таң шапағын күту – жөнсіз іс. Сондықтан мерекелік іс-шара толық аяқталғанға дейін ұстаздар мен ата-аналар оқушыларды қасына ертіп жүруі қажет. Мектеп бітіру кеші мектеп оқушылары, ата-аналар мен мұғалімдер үшін ең көптен күткен және керемет мереке екені даусыз. Алайда бір сәттік қызыққа бола оқыс жағдайға жол беруге болмайды. Мен мұндайда тек жағымды эмоциялар болғанын қалаймын. Іс-шараның қызықты өтуі өзімізге байланысты,

– дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышев. Айта кетейік, тәртіп сақшылары облыстың барлық мектептері бойынша бітіруші 12 мың 76 түлектің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Полицейлер мектеп бітіруші түлектермен және олардың ата-аналарымен, ойын-сауық мекемелерінің иелерімен және дүкендері бар жеке кәсіпкерлермен мәселенің алдын алу үшін 5 746 әңгімелесу іс-шарасын жүргізген. 4 мыңнан астам профилактикалық мазмұндағы брошюралар мен парақшалар таратылыпты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ