ИМАМ – ІЗГІ ҚОҒАМНЫҢ ЖАРШЫСЫ
ИМАМ – ІЗГІ ҚОҒАМНЫҢ ЖАРШЫСЫ
Алдымен әр ауылдың рухани көшбасшысы болып жүрген имамдардың алдында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев «Имамдардың тұлғалық келбеті» тақырыбында қысқаша баяндама жасады. – Осы кезге дейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрт форумы өтті. Ол форумдарда «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», «ҚМДБ лауазымы мен міндеттері», «Жеті рухани қазына» бағыттары бойынша құжаттар қабылданған болатын. Жалпы осылайша көпшілік жамағат ас беру мәзірінің қандай болуы керегінен, зират пен зират мәселелерінен, ысырапшылыққа жол бермеуде сақтану жағдайларын жақсы түсініп отыр. Ал биылғы бесінші форумда тағы үш құжат қабылданды. Бүгін сол құжаттармен де сіздерді кеңінен таныстыратын боламыз. Әр имам – әр өңірдің рухани жетекшісі. Мүфтияттың міндеті – Ханафи мәзхабындағы дәстүрлі дінімізді және салт-дәстүрлерімізді дәріптеу. Алла алдындағы міндетіміз – жамағатты жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару. Қасиетті Құранда «Алла жолында сөз таластыру керек болса – сөздің жақсысын таңда» деген. Бізге ынтымақ, бірлік, бауырмалдық ауадай қажет. Пайғамбарымыз хадисінде «Бір-біріңнен қарым-қатынасты үзбеңдер» дейді. Сондықтан бүгін имамға қажетті құндылықтар кеңінен айтылады. Айт намазы және айт мерекесінің мәселелері де қамтылады. Сіздерді форум жұмысына белсенді қатысуға шақырамын, – деді. Мұнан соң облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Есет Таласбаев «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі туралы» құжатпен таныстырып, жаназа мен айт намаздарының тәртіптері жөнінде кеңінен айтып өтті. Ал «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпек «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының рухани құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» атты құжатты таныстырды. Ол діни басқарманың жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы ілгерілей түскенін, 2001 жылы «Ислам өркениеті» (қазіргі «Мұнара») газеті, 2002 жылы «Иман» журналы жарық көргенін, 2021 жылдан «Мұнара» телеарнасы жұмыс істей бастағанын айтты. – Мүфтият қазіргі таңда мешіттердің де сәулетке сай болуын бақылауға алған. Елімізде ашылған «Нұр-Мүбәрак» Ислам университеті, 9 діни медресе-колледж, қарилар орталығы білікті мамандар дайындау мектебіне айналды. «Бұрын қариларды сырт мемлекеттерден алдырсақ, қазір өзіміздің дайындық орталығынан тәлім алған қарилар көптеген мешіттерімізді қамтып жатыр, – деді Ғалымбек Жәпек. «Қажының рухани келбеті» құжатын Тараз қаласындағы «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев таныстырды. Ол қажылық қыдырып баратын жер емес екенін, Меккеге баратын қажыларға арнайы түсіндіру дайындық сабақтарын өткізу керектігін, қажылық кезінде айтылатын дұғалар мен ережелерді жаттату керектігін баяндады. – Қажылық – ізгі амал. Қажылықтан келген кісі жақсы жағына өзгеріп, жаман істен тыйылуы керек. Иманды ісімен жас ұрпаққа тағылым беруі тиіс. Ал қазіргі қажылар қажылық сапардан соң өзгермей, кейбірі жаман қылықтарынан арылмайды. Ол жағдай халық арасында «Қажы деген осы ма? Оның несі қажы?» дегендей теріс пікір тудыруда. Мен бәлен миллион адамның арасынан қажылыққа бардым. Тегін адам емеспін деп рияға баратын кісілер де бар. Жастарға діни тұрғыдан үлгі болуы тиіс. Қажылық деген – ізгілік. Қажы барынша кішіпейіл, қарапайым, әдепті болуы керек, – деді Е.Аманбаев. Форумды облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қорытындылап, айт намазы талаптары, айт мерекесі туралы атап өтті. Сондай-ақ ол әр ауылдан жиналған имамдарды сауатты, ізденімпаз, жан-жақты болуға шақырып, жалпы ислам дінін дамытуда бес бағытта жұмыс жүріп жатқанын айтып, форумға қатысушылардың бәрінің қызметіне жеміс тіледі.
Айша Құдайберген, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті