Жаңалықтар

Ардақ Назаров малшыларды зейнетке ерте шығаруды ұсынды

Ардақ Назаров малшыларды зейнетке ерте шығаруды ұсынды

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров малшылардың мәртебесін көтеріп, олардың зейнет жасын төмендетуді ұсынды, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Ардақ Назаров депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады. Оның пікірінше, бүгінде малшылардың жағдайын жасау керек. «Менде ауыл баласымын, төрт түлік малдың бәрін бақтым. Мал бағудың машақаты мен қиындығын жақсы білемін. Қазақта «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деген сөз бар. Қала қазағы кәделеп асқан етімен сыйлы қонағын күтеді. Алайда осы сый-құрметтің артында сонау ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері мен мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа екенін сезіне бермейді. Шаруа мен малшының жұмысы ауыр», - деді Ардақ Назаров. Депутат жаздың ыстығына, көктем-күздің жаңбырлы түні мен желіне, қаһарлы қыстың аязына қарамастан малды аман сақтау оңай емес екенін атап өтті. Одан бөлек, Ардақ Назаров малшылардың мәртебесін көтеруді ұсынды:

  • Малшының балаларын балабақшамен қамтамасыз ету. Мектеп жасындағы балаларына жақсы білім алуына жағдай жасап, арнайы интернаттар ашып оқыту;
  • Жоғарғы оқу орындарына түсуге арнайы гранттар бөлу, ҰБТ-ны тапсырған малшы балаларына арнайы жеңілдіктер жасау;
  • Жылына бір мәрте малшыны жанұясымен бірге тегін медициналық қызметтерден өткізіп, шипажайға демалуға жолдама беру;
  • Ауыл мен аудан орталықтарында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  • Малшының жұмысы ауыр болғандықтан зейнетке шығу жасын төмендету.

Ардақ Назаров 25 жылдан аса мал баққан шаруаларды зейнетке ерте шығаруды ұсынды.

Сондай-ақ депутат малшыларға «Еңбек ері» атағын беруді ұсынды. «Жыл сайын әр өңірден білікті шаруалар мен малшылар анықтап, Мемлекет басшысының қолынан «Еңбек Ері» атағын беруді ұсынамын. Кезінде малшы мәртебесі биік болғаны соншалық «Батыр», «Социалистік еңбек ері» Жолсейіт Молдасанов, Жазылбек Қуанышбаев сынды аталарымыз әлі ел есінде. Жоғарыдағы айтылған құрмет пен ескерулер, жағдай жасалса: малшының мәртебесі көтеріліп, біліктілігі артады, өз арсында шабыт алып, малдың басы көбейеді. Кейінгі буын арасынан ата кәсіпке бет бұрушылар мен қызығушылардың саны артады», - деп сөзін түйіндеді Ардақ Назаров.