Қоғам

Депутаттар утильалымды тоқтатуды, 4% автонесиені жалғастыруды талап етті

Депутаттар утильалымды тоқтатуды, 4% автонесиені жалғастыруды талап етті

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары утилизация алымын тоқтатуды, 4 пайыздық автонесие бағдарламасын жалғастыруды талап етті, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Ержан Бейсенбаев депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. «Бүгінде «Оператор РОП» ЖШС түріндегі олигополия қатысушыларына қатысты резонансқа толы сот процесі жүріп жатқаны баршаға аян. «Ақ жол» фракциясы «Оператор РОП» қызметінің заңға қайшы екені туралы сол кездегі Үкіметке сонау 2017 жылы ресми сауал жолдаған. Алайда мемлекеттік органдар іс жүзінде бұл заңсыздыққа бірлесе көз жұма қарап, компанияның шетелдік басшылары Парламент басшыларына «Ақ жол» партиясы депутаттарының үстінен жалған арыз жазып еді», - деді депутат Ержан Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында. Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта «Оператор РОП» функциялары «Жасыл Даму» АҚ-ға берілгенімен мәселе шешілмеген. «Ақ жол» партиясына кәсіпкерлер хабарласып, Экология департаменттері 2019-2021 жылдарға арналған утилизация төлемдерін (утильалым) төлемегені үшін әкімшілік айыппұл салғанын айтып жатыр. Мұндай өндіріп алу заңсыз болып саналады. Себебі, «Жасыл Даму» АҚ реквизиттері оларға тек 2023 жылы ғана берілген, ал утилизация төлемдері талап арыздар қойылғанға дейін төленіп қойған. Сондай-ақ олар президенттің тексеру жүргізуге мораторий енгізу туралы жарлығын бұзып отыр. Бүгінде осы негіз бойынша 690-нан аса кәсіпкерлік субъектілері жауапкершілікке тартылған деген ақпарат бар», - деді ол. Сондай-ақ депутат «Оператор РОП» аясындағы техниканы утилизациялауға арналған RecyclingCompany ЖШС зауыты екінші жыл жұмыс істемей тұрғанын жеткізді.

Кәсіпкерлердің мәліметінше, қазір оператор кәсіпорын жұмысының тоқтауы мен тергеудің жүріп жатқанын сылтау етіп, 4 ай бойы өндірушілерге түскен қаржыны үлестірмеген.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметке бірнеше талап қойды:

  • Әкiмшiлiк құқықбұзушылық фактiсi анықталғанға дейiн утильалым төлемiн төлеген кәсiпкерлердi әкiмшiлiк қудалауды тоқтату, оларға қолданылған санкцияларды, оның iшiнде ескертулердi жою;
  • RecyclingCompany ЖШС қызметі тоқтатылғанда көліктер мен техникаларды утилизациялау үшін жиналған қаражаттың пайдаланылуы туралы ақпаратты жариялап, аталған зауыттың қызметін қалпына келтіру мерзімі туралы ақпарат беру;
  • 4 пайызбен автонесие беруді жалғастырып, осы мақсаттарға утильалымның пайдаланылмаған қаражаттарын қосымша бөлу;
  • Тіпті, болмаса, көліктерді утилизациялау зауытының тоқтап тұрған кезеңінде утильалым төлемін тоқтатуды қарастыру.

Айта кетейік, кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тоқтатылатынын мәлімдеген еді.