Білім

БРАЙЛ ШРИФТІНДЕГІ МАНХВА

БРАЙЛ ШРИФТІНДЕГІ МАНХВА

Енді көру қабілеті нашар және зағип балалар да қоғамның жаңалықтарынан шеткері қалмай жаңа әдеби шығармалармен таныса алады.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірнеше жылдан бері конкурстық негізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын үлестіріп келеді. Грант берудің мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету. Гранттар Қазақстан Республикасының азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі: «Ғылым» саласы бойынша грант – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асырған жастарға беріледі. «Мәдениет» бағыты Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған. «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған. «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін көзделген. «Ақпараттық технологиялар» гранты жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыра алатын жастарға таптырмас көмек. Дәл осы «Медиа» бағыты бойынша жеңіске жетіп, грант иегері атанған жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған ел азаматтарының бірі – тараздық Мұхтарәлі Әбуәлі. Ол көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін жасөспірімдерге арнап «EREKSHE» деп аталатын жобаны жасаған. Бағдарлама мақсаты – қазақи контентке толы комикстерді басып шығару. – Грант сомасы жыл сайын өсіп келеді. Бұл жолы 3 миллион теңге көлемінде берілді. Аталған грантты жеңіп алған менің жобам мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеуге бағытталған. Нақтырақ айтсам, зағип және нашар көретін жасөспірімдерге арналған қазақ тілінде комикс-кітап шығару жоспарлануда, – дейді ол. Оқырмандарға түсінікті болу үшін «комикс» сөзін анықтап айтып өтсек. Комикс дегеніміз – суретпен салынған хикая. Әдебиет және сурет өнерін ұштастырады. Бұл өнердің сан түрлі тармағы бар. Бірі графикалық роман тәрізді болса, енді бірі тіпті қысқа болады, оларды стрип деп атайды. Кей мемлекетте сурет салынған шығармалардың өзіндік атауы бар. Француз тілді елдер комиксті «bande dessinée», яғни суретпен салынған лента десе, жапониялық комикс «манга» деп аталады. Ал кореялық комикстер манхва атауымен танымал. Суретпен өрілген әңгімелер XVI-XVII ғасырда Валенсия және Барселонадан бастау алған. ХІХ ғасырда Эпиналда халық бұл өнерді өндіріс көзі етіп алады. Пеллерен фабрикасында 16 ұсақ суретпен құрастырылған 600-ге жуық хикаялар басылып шыққан. Осыдан кейін жекелеген адамдар да өз бетімен суретті хикаяттар жазып, таратқан. Волонтер ерекше балаларға арналған «EREKSHE» комикс кітабын шығарамын деген шешімді көзі нашар көретін және зағип адамдардың қалай өмір сүретіндігімен жақынырақ танысқаннан кейін қабылдағанын айтты. – Бірде жақын досыммен сөйлесіп отырып, осы ауыр тақырыптардың бірін қаузадық. Жолдас баламның інісінің көру қабілеті нашар еді. Сондықтан да ол бала депрессияға бейім, қоғамнан шеткері өмір сүретін, жалпы өмір сүруге деген қызығушылығы төмен болды. Өзімен-өзі отырғанды ұнататын, ол тек теледидар тыңдайды. Басқа іспен айналысуға зауқы соқпайтын. Қоғамнан, жаңа ғасырдың мәдени жетістіктерінен алыстап бара жатқан досымның інісін көргенде осындай балалар үшін жаңа және қызықты нәрсе ойлап тапқым келді. Оларға өздігімше көмектесіп, қызықты хобби ұсынуға бел будым. Мұндай балалар комикс кітапты оқып қана қоймай, алған әсерін, не ой түйгенін, достарымен, туыстарымен бөлісе алады, – дейді М.Абуали. Комикс кітабы қазақ тілінде Брайль шрифтімен басылады. Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында жапониялық және кореялық комикстер, яғни манга мен манхваның оқырмандары артып келеді. Соның көпшілігі – мектеп оқушылары. Сол себепті заманауи тенденциялар мен жастардың қалауына сүйене отырып, авторлар осы екі танымал комикс-кітап жанрларын жарыққа шығаруға бел байлайды. Ойлана келе, таңдау «Дәрігердің реинкарнациясы» манхвасына түсті. Манхвада Ким Джи Хун есімді хирург дәрігердің өмірі баяндалады. Білікті хирург ретінде өзін таныта алмаған дәрігердің өмірінде адам сенгісіз оқиға орын алады. Яғни Ким Джи Хун мектеп шағына қайта оралатын мүмкіндікке ие болады. Ол қолда тұрған мүмкіндікті қалт жіберіп алмау керек деп ойлайды. Жақсы дерматолог атанып, болашақтағы аянышты өмірін дұрыстап мансап пен ақшаға, абыройға қол жеткізу үшін барын салатын болады. Қазіргі уақытта жоба авторлары кітапқа сюжетті енгізумен айналысуда. Манхва 10 сериядан тұрады екен. Олардың әрқайсысы алдыңғы серияның жалғасы. – Біз зағип және нашар көретін балаларға көмектесе отырып, қазақ тілінде қолжетімді контенттерді кеңейткіміз келеді. Осы кітаптың көмегімен мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесімізді қосамыз. Сондай-ақ балаларды қазақ тілінде ойлауға және сөйлеуге ынталандырамыз, – деп толықтырып өтті кітап авторы. Комикс-кітап дайын болған кезде оны зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған «Болашақ» арнайы түзету мектеп-интернатына тапсырады. Облыстық «Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған» кітапхана қоры да аталған кітаппен толығатын болады.