Қоғам

ТӨТЕННЕН ҚАУІП ТӨНБЕСІН

ТӨТЕННЕН ҚАУІП ТӨНБЕСІН

«Сақтансаң, сақтайды» деген сөз бар қазақта. Қай кезде де әрбір әрекетіміз үшін ойланып қадам жасағанымыз абзал. Әне-міне дегенше көктем де көзден ұзап, жайдарлы жаз айы да басталды. Қолымыз қалт етсе қоржынымызды арқалап, тау-тас, өзен-көлді жағалап, шаршауды басу үшін сейіл құрып қайтуға асығатынымыз жасырын емес.

Қазір не көп, өңірімізде демалыс, тынығу орындары көп. Сондай жерге отбасымен немесе дос-жарандарымен демалуға барған жұртшылықтың кейбірі сақтық шараларын ұстанбай, қауіптен қорғану амалдарын ұмыт қалдырып жататыны бар. Өйтуге болмайды. Талай қайғылы жағдайларды көзбен көріп, құлағымыз естіп жатыр. Жасанды бассейндер мен табиғи су айдындарында абайламаса адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалар аз болып жатқан жоқ. Төтеннен келген қауіптің алдын алуға төтенше жағдайлар қызметі қанша сақадай сай десек те тілсіз жау тығырыққа тіреймін десе әп-сәтте. Сол үшін де сақтық шараларын қаперден шығармау – маңызды. Өйткені жазым табан астында. Қай аймаққа барсаңыз да алдыңыздан «Қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!» деген белгінің көзге шалынуы осыған дәлел. Бұл белгіге назар аударғанымызбен кейде көңіл бөлмейтініміз бар. Тиісті мамандар таратқан мәліметке сүйенсек, көбіне ішімдік тұтынудың салдарынан да суға кетіп, ажал құшатындар көп көрінеді. Қайықта ащы судан ұрттап қойып отырып, қара суға қармақ салып, балық аулаймын деп ақыр соңында ажал қармағына өзі түсіп жатқандар жетерлік. Жалпы айналаны қоршаған табиғаттың бізге берер пайдасы мен төндіретін қаупі де қатар жүретінін ұмытпайық. Әсіресе ата-анасының бақылауынсыз қалған немесе шомылуға рұқсат етілмеген өзен-көлдерге үлкендермен бірге еріп барып, абайсызда суға батып жан тапсырған бүлдіршіндер де көп. Осындай қабырғаны қайыстырар қайғылы жағдайдан сабақ алатын уақыт жетті. Мұндай жағдайлар қалада да, ауыл тұрғындары арасында да болатыны шындық. Мәселен, өзен-көлдерге жақын орналасқан елді мекендердегі балалардың суға тұншығып, қазаға ұшырауы аз емес. Осы ретте деректерді сөйлетсек, өткен жылдың 29 мамырында Есіл өзенінде екі баланың суға батып кеткені туралы хабарлама ел құлағын шулатты. Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел-құтқару жасағы дереу өзен түбін барлап, судан кәмелетке толмаған екі ер баланың денесін алып шыққанын естідік. Сондай-ақ Алматы облысында да бір үйдің екі баласы осы тілсіз жаудың кесірінен ажал құшты. 8 жасар қыз бала мен 7 жастағы ұлдың мәйітін мамандар Жандосов ауылындағы суару каналынан алып шыққан. Жер үйлерге жақын орналасқан каналға балалар ойнап жүріп құлап кеткен екен. Өз өңірімізді сөз етсек, Меркі ауданының Аспара ауылында оқушыны құтқармақ болған 2 ер адам суға кеткені есте. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде де желдей есті. Суармалы жерді ылғалдандыруға арналған канал арнасының ағысымен төмен құлдилаған баланы ажалдан аман алып қаламын деген құтқарушылардың өздері өлім құшты. Жалпы қай жерде болмасын сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Ересектер де өзінің және баланың да қауіпсіздігін естен шығармау керек. Бұл жөнінде қала тұрғыны Нұржан Телтаев есімді азамат: «Мен отбасымен демалуға қайда барсам да алдымен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаймын. Анда-санда ауылымызға барғанда балалаларым шомылатын өзіміздің шағын көлге апаруымды өтінеді. Қатты уайымшылмын ба, әлде аса сақтыққа көңіл бөлгендіктен бе, оларды жеке жібермеймін. Мен де бала болып осы Меркі ауылында өстім. Бірақ ата-аналарымыз таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан оларға айтпай жеке-дара көлге шомылушы едік. Құдай сақтасын, талай қайғылы жағдайларды естіп жатырмыз. Әсіресе жасөспірімдерге қатысты көзімізге жас үйіретін оқиғалар көп. Сондықтан балалардың денсаулығына, өміріне сақтықпен қарайық, – дейді ол. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында осы жылғы 6 маусымдағы жағдайы бойынша су айдындарында шомылумен оқыс оқиғалар тіркелмеген. Бірақ 3 маусымда Меркі ауданының Андас батыр ауылында сағат 18:30-да егіс алқабын суғаратын арыққа 2020 жылғы бала құлап, суға батып кетіпті. Статистика бойынша, былтыр су айдындарында шомылу маусымында 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қайтыс болған. Оның екеуі жасөспірім. Өлімнің басты себебі – ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылуы, балық аулау кезінде және мас күйде суға түсуі. Облыста жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау және бақылау мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия жұмыс істеп жатыр. Жазғы шомылу маусымында облыстың су айдындарында судағы қайғылы оқиғалардың, адам өлімін болдырмау және алдын алу іс-шаралар жоспары әзірленіп, өкілетті мекеме басшыларына тиісті шаралар қабылдау үшін жолданыпты. Бекітілген жоспарға сәйкес, оқу жылының соңына дейін барлық білім беру орталықтарында облыс аумағында «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында сабақ өткізілген. Сонымен қатар «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында білім беретін мектептерде қашықтан ата-аналармен жоспардан тыс жиналыстар өткен. Жиын барысында ата-аналарға балалардың суға кету себептері мен олардың өмірі үшін жауапкершілік тәртібі түсіндіріліпті. Бұл жайында облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Мұнатаева айтып берді. – Облысымыздағы барлық оқу орындарында аталған тақырыпта ақпараттық стенд орнатылды. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес осы жылдың 24 сәуірінен 24 мамырына дейін барлық білім мекемелерінде онлайн режимде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында облыстық акция өткізілді. Акция аясында білім беру мекемелері онлайн форматта «Су айдындарындағы қауіпсіздік» тақырыбында тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Бұл бойынша 40 мыңға жуық оқушы қамтылды. Шығармашылық конкурстар, ашық сабақтар мен пікірсайыстар, семинар-тренингтер жүргізілді. Тәрбие сағаттарында слайдтар, бейнероликтер, сонымен қатар «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы облыс әкімдігі білім басқармасы дайындған 4 бейнеролик таратылды. Қазіргі таңда шомылу маусымына дайындық кезеңінде судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып жатыр. Дөңгелек үстелдер де өткізіліп, республикалық және жергілікті телеарналар бойынша ақпарат жариялануда. Су айдындарында қайғылы жағдайларға жол бермеу мақсатында ағымдағы жылы баспа беттерінде 25 мақала, теледидар және радио арқылы 6 сөз сөйлеу, «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Өткен жылғы қайғылы оқиғаларға жол бермеу және «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптары мен ережелерін» халыққа жеткізу мақсатында Тараз қаласында LED-экрандарда және облыстық телеарналарда бейнероликтер жариялануда. Сонымен қатар жазғы шомылу маусымында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы хабарламалар таратылуда, – дейді Сәуле Әсетқызы. Сондай-ақ Сәуле Мұнатаева облыс аумағы бойынша су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» және тағы да басқа тақырыпта 345-тен астам ескертетін, тыйым салатын белгілер және 45 ақпараттық стенд орнатылғанын сөз етті. Қазіргі таңда облыс аумағындағы суқойма мен өзен бойында соңғы 5 жыл аралығында суға бату қайғылы оқиғалары туралы қосымша ақпараттық материалдар ілінгенін әңгімеледі. Облыстың барлық су айдындарында түгендеу жүргізілгенін, оның нәтижесі бойынша меншік иелеріне және әкімдіктерге су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша ұсынымдар берілгенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында маусым айынан бастап жергілікті атқарушы органдар бірлесе жұмыс істеп жатса керек. Мәселен, облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Жазғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суға жақын орналасқан елді мекен тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 250 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Осы тақырыпта 25 жиналыс өтіпті. Сонымен қоса профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік шараларын сақтау тақырыбына 5 мыңнан астам жадынама таратылған. Жазғы шомылу кезеңінде облыстың суқоймаларында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары қара күзге дейін жалғасатын көрінеді. Табиғи апаттың қай түрі болса да одан келер қауіп өте жоғары. Бүгінде Абай облысында орын алған өрт жалыны 15 адамның өмірін жалмады. Қаншама орман ағашы өртке оранып, Жер-ана бүлінді. Найзағай ұшқынынан тұтанған оттың салдарынан 60 мың гектар жер өртеніп кетті. Қала сыртындағы таулы аймақтарға тынығуға барғандар және малшылар алдымен өрт қауіпсіздігін қатаң сақтағаны дұрыс. Дүкенде 10 теңге тұратын сіріңкенің бір ғана талынан миллиардтаған шығын келеді. Миллиондаған гектар жер өртеніп, біреудің маңдай терімен егілген егінін әп-сәтте жалмап, экономикамызды тұралатуы әбден мүмкін. От пен судан келетін залалдың алдын алу – ақыл-есі бар адам үшін үлкен парыз. Нұржан ӘЛІШ