Әлеумет

БІЛІКТІЛІК БИІККЕ БАСТАЙДЫ

БІЛІКТІЛІК БИІККЕ БАСТАЙДЫ

Қай кезде де ең қадірлі мамандық – педагогика, ең сыйлы тұлға – мұғалім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымымен кездесу кезінде де ұстаздарға қатысты жылы пікірін білдірді. Онда Мемлекет басшысы: «Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға. Балаларға лайықты білім беріп жатырсыздар. Білімсіз адам қауқарсыз деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсекеге толы әлемде қалай өмір сүреді? Сондықтан жас мамандарға мен ризамын. Өздеріңіз сияқты жастарды мемлекет те әрқашан қолдайды», деген болатын.

Шебер де, дәрігер де, барлық маман иесі, ең алдымен, ата-анадан кейін білім мен ілімді, тәрбиені ұстаздан алады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, өмірін ұстаздықпен байланыстырған облысымыздың мақтанышы Айгүл Қалмаханова да Президентіміз айтқандай, қасиетті мамандықтың көшін өрге сүйреп жүрген тәжірибелі педагогтың бірі. Жамбыл педагогикалық институтын үздік тәмамдаған кейіпкеріміз 1997 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Б.Беспаев атындағы мектеп-гимназияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. 25 жыл еңбек өтілі бар педагог «Орыс тілі сабағында сөйлеу дағдыларын қалай жақсартуға болады?», «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» атты әдістемелік ұсынымдардың, «Көмекші сабақтар» авторлық бағдарламасының, «Оқу сауаттылығын дамыту бойынша практикум» оқу әдістемелік кешенінің, «Орыс тілі мен әдебиеті» пәні бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды құрастыру ерекшеліктері» әдістемелік құралдарының авторы. Айгүл Базарбайқызы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «2019 жылдың үздік педагогы» атағының иегері, «Білім беру ұйымының үздік педагогы-2019» төсбелгісінің иегері. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапатталған. Ұстаз 2021 жылы республикалық «OnlineMektep» жобасына қатысып, «Орыс тілі» пәні бойынша 1-3-сыныптардың оқу бағдарламасына сәйкес жалпы саны 26 сабақтың сценарийін құрастырған. 2019-2021 жылдардағы оқулықтарға республикалық сараптама комиссиясының құрамында жұмыс істеп, ерекше көзге түседі. – Осынау 25 жыл ішінде көптеген шәкірт тәрбиеледім. Олардың арасында елімізге танымал әнші де, дәрігер де, өзім секілді ұстаздық жолда жүргендер де бар. Әрине, кез келген оқушымның жетістігі үшін қуанамын. Жақсы білім беріп, олардың болашақ үлкен өмірде жақсы азамат болып шығуы – біздің қолымызда. Әрине, ол үшін біз де тынбай еңбек етеміз. Жұмысымның қиындығына қарамастан, басқа маман иесі болғанымда ғой деп ешқашан ойлаған емеспін. Балаларға білім бере отырып өзіңді де тәрбиелейсің деп санаймын, – дейді Айгүл Базарбайқызы. Өз ісінің маманы, тәжірибелі ұстаздың «Үздіксіз даму шеберханасы» ашылған болатын. Бұл шеберхананың мақсаты – үздік педагогтардың кәсіби дамуына бағытталған үздік тәжірибелерін тарату, пәндерді оқытудың өзекті мәселелерін шешуге және білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын айқындауға жұмылдыру. Қарапайым ауыл мектебінде ұстаздың мұндай шеберхана ашуы үлкен жетістік. Еліміздің білім деңгейін биікке көтеріп жүрген ұстаз отбасында үш баланың анасы, аяулы жар. Жүгі ауыр мамандықты әйел азаматтық міндетімен қоса атқарып келе жатқан Айгүл Қалмаханованың ұстаздық жолдағы еңбегіне табыс тілейміз!

Айша ҚҰДАЙБЕРГЕН, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті