Жаңалықтар

«ҰЛЫМ ОРАЛҒАНША, КӨЗІМЕ ЖАС АЛМАЙМЫН»

«ҰЛЫМ ОРАЛҒАНША, КӨЗІМЕ ЖАС АЛМАЙМЫН»

Бүгінгі ұрпақтың «Аһ» ұратыны бар. Ол – соғыстың соңғы куәгерлерінің жыл өткен сайын арамыздан азайып бара жатқаны. Ауданымыздағы соғыстың соңғы солдаты – Қасен Шанбаевтың жүріп еткен жолы туралы айтар әңгіме аз емес. Ғасырға аяқ басқан Қасен Шанбаев жеңіс сағатын соқтыруға үлкен үлес қосқан ардагер. Қысылтаяң шақты бастан өткерген жауынгердің аузынан «Құдай елімізді бейбітшіліктен айырмасын» деген тілегі түскен емес. Оқ пен оттан аман қалып, елге жеңіспен оралып, соғыстан кейінгі қиын-қыстау шақта елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагер ауданымыздан майданға аттанған 9341 жауынгермен бірге сұрапыл соғыс жылдары толарсақтан су кешіп, ұрыс даласында қаһармандықпен көзге түсті.

Қ.Шанбаев 1923 жылы 19 қаңтарда Жамбыл ауданы, Головачевка (қазіргі Айшабибі) ауылында дүниеге келген. 1935 жылы мектепке барып, 1942 жылы жетінші сыныпты бітіріп, Сол жылдың 19 қаңтарында әскерге алынған. – Соғысқа ауылдан жеті жігіт аттандық – Әбділда Айтуғанов, Ошақбай Абасов, Бейсеу Отабаев, Жолшыбек Даңғылов, Қуандық Ташкенов, Әміре Жүнісов, Рақман Еркебаев және өзім. Жеті бозбала алдымен Петропавл қаласында 22 сәуірге дейін әскери дайындықтан өттік. 1942 жылы 5 мамырда бізді алғы шепке жіберді. Калинин бағытындағы Белый (Белли) қаласында соғысқа кірістік. Мәскеу маңындағы бұл қалада тағы бір ай мергендер курсында оқып, соғыстың соңына дейін мергендер құрамында болдым. 1942 жылы тамыз айында Прибалтика фронтына ауысып, содан 1945 жылы Латвия жерінде – Рига қаласында соғысты аяқтадық. Екі жерден жаралы болдым, 1945 жылдан 1947 жылға дейін кіші командир ретінде кейінгі келген солдаттарды әскери машыққа үйреттім. 1947 жылы елге туған жерге оралдым. Ауылдан бірге аттанған майдандастарымның ішінде Жүнісов Әміре ғана соғыстан қайтпады. Басқалары аман-есен елге оралып, арттарында ұрпақтары қалды. Күндей күркіреп өткен сол жылдары мен сияқты өрімдей жастар қолға қару алып, Отан қорғадық. Жеңіс жолында құрбан болған жауынгерлердің ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Өзіммен бірге ерлік жасаған жауынгерлердің есімін, ерліктерін келешек ұрпаққа айтып отырамын. 1947 жылы елге келген соң соғыстан кейінгі халықтың қиналғанын көрдім, біреудің жары, біреудің баласы, туғандарынан, бауырларынан айырылғандар, жылаған ел, жұтаған жұрт. Соларды жұбаттық, тоқтау айтып, қамкөңіл жандарға үміт сыйлап өмір сүрдік. Шынында, соғыс жылдары да, онан кейінгі кезең де оңай болмады. Өз басым ашаршылықты да, тәркілеуді де көрдім. Анам жарықтық қолымнан жетектеп, теміржол вокзалынан соғысқа өзі шығарып салды. Баласы ел қорғасын деген ойды анам желеу етсе керек. Көзінен қайсарлық сезіндім. Дегенмен пойыз жүйтки жөнелгенде асыл анам соның соңынан жүгіріп отырыпты ғой. Көз жасын малып, ұзаққа дейін соңымнан ерсе керек, үйге төрт күннен кейін әзер жетіпті. Адасып кетіпті жарықтық. Үйге жетіп, «Ұлым есен-аман оралғанша, көзіме жас алмаймын» деп өзіне серт берсе керек. Сол уәдесін орындады. Майданнан оралғанда қапсыра құшақтап, жасына ерік берді. Менің айтып отырғаным бір ғана адамның әңгімесі. Ал мынау қең-байтақ қазақ жерінен аттанған қаншама жан осындай жағдайды көзбен көрді, – дейді қарт жауынгер сыр сандығынан естеліктерін ақтарып. Бүгінде Қасен атадан тараған 3 ұл, 3 қыздың қатары 16 немереге, 41 шөбереге, 5 шөпшекке жетіп отыр. Ендігі жерде осынау алапат соғыста Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің ерліктерін ұлықтап, бүгінгі бейбіт күннің ұрпақтарына жеткізу – біздің міндет. Биыл 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстың аяқталғанына 77 жыл толғалы отыр. Жеңістің мәні өте зор, мәртебесі биік, салмағы ауыр. Бейбіт өмірімізге кепіл болған жауынгерлерге тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

Жамбыл ауданы