«ТІЛСІЗ ЖАУ» ТЫНЫМ ТАППАЙ ТҰР
«ТІЛСІЗ ЖАУ» ТЫНЫМ ТАППАЙ ТҰР
2023 жылдың 8 маусымында сағат 08:11-де Жамбыл облысы ТЖД Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» телефон нөміріне Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында орналасқан шаруа қожалығының дән-дақыл сақтау қамбасынан өрт шыққандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Құлан ауылындағы №10 өрт сөндіру бөлімінен 3 арнайы автокөлік жедел шығып, тиісті жұмыстарды жүргізген. Көп ұзамай көмекке Меркі ауданындағы №9 өрт сөндіру бөлімінен 2, Сарыкемер ауылындағы №8 өрт сөндіру бөлімінен 1 автокөлік келіп жеткен. Өртті сөндіруге барлығы 30-дан астам жеке құрам жұмылдырылды. Оқиға орнында 2 газ-түтіннен қорғау буыны жұмыс атқарды. Жалпы ауданы 500 шаршы метрді құраған қызыл жалынды от жауынгерлері 2 сағаттан астам уақытта жойды. Өрт салдарынан қамбаның темір жабындылары зақымдалып, ішіндегі 400 тонна арпа, 400 тонна пісте жойылды. Сондай-ақ дәл сол күні Қордай ауданының Мұзбел ауылындағы тұрғын үйдің ауласында қора өртке оранған. Оқиға орнына Отар ауылындағы №17 өрт сөндіру бекетінен 1 автокөлік пен 3 адамнан құралған жеке құрам шығып, 3 сағат бойы «тілсіз жаумен» арпалысты. Өрт салдарынан қора жартылай зақымдалды. Сонымен қатар 9 маусымда сағат 05:49-да Сарысу ауданының Жанатас қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС зауытының ауласында орналасқан цехтің ішінен өрт шыққан. Оқиға орнына Жаңатас қаласындағы №16 өрт сөндіру бөлімінен 1 автокөлік пен 3 адамнан құралған жеке құрам шығып, өртті 1 сағаттан астам уақытта жойған. Өрттің ауданы 15 шаршы метрді құраған. Өрт салдарынан нысанның бірқатар бөлігі зақымдалды. Жамбыл облысының өрт сөндіруші-құтқарушылары мұнан өзге қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғасына 23 рет, электр сымының қысқа тұйықталу оқиғасына 1 рет, апаттық-құтқару жұмыстарына 1 рет, тұрғындардың құлыптанып қалған есіктерін ашып беру жұмыстарына 3 рет шыққан. Осы орайда облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, мүмкіндігінше қарттар мен балаларды қараусыз қалдырмай, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды еске саламыз. Өрт немесе өзге де төтенше жағдайлар туындағанда «101», «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын жеткіземіз.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі