ҮЗДІК ӨНЕРПАЗДАР ТЕМІР ТҰЛПАР ТІЗГІНДЕЙДІ
ҮЗДІК ӨНЕРПАЗДАР ТЕМІР ТҰЛПАР ТІЗГІНДЕЙДІ
Облысымыздың рухани-мәдени өміріне серпін беретін іс-шараның негізгі міндеті – ауыл мәдениетінің дамуы мен жетістіктерін жан-жақты дәріптеу, көркемөнерпаздардың шығармашылық шеберліктеріне қолдау көрсету, жаңа есімдерді анықтау және оларды кеңінен таныту. Ауыл өмірінде маңызы зор мәдениет күндері алғаш болып Байзақ ауданында өтті. Мәдени шараны өткізу ережесіне сәйкес ауданның орталық стадионының аумағында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, түрлі этнос өкілдерінің және қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесі құрылып, түрлі ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Мәдениет күндері аясында сараптау комиссиясы және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы әр ауданның мәдениет саласы бойынша жетістігін бағалап, соңында қорытындысын шығаратын болады. Нәтижесінде үздік деп танылған өнерпаздардың қатысуымен жыл соңында Тараз қаласында гала-концерт ұйымдастырылады. Шара барысында облыс әкімінің марапаттау рәсімі өтеді. Жеңімпазға «газель» (микроавтобус) автокөлігі, ІІ орын иегеріне қызметтік жеңіл автокөлік және жүлделі ІІІ орынға дыбыс күшейткіш құрылғылар табысталады. Одан бөлек жүлделі орынға ілінбеген аудандық мәдениет үйлеріне музыкалық аспаптар сыйға беріледі. Баршаңызды мәдениет күндеріне атсалысып, белсенді қатысуға шақырамыз. Әрдайым ел іші мерекелі де берекелі, мәдениетіміз – мерейлі, өнеріміз – өркенді болсын. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған еліміздің бейбітшілігі болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, мәдениетіміз көркейе берсін.
Ғани САДЫРБАЕВ, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры