Әлеумет

«JAMBYL 109» ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАНША ТҰРҒЫН ЖҮГІНГЕН?

«JAMBYL 109» ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАНША ТҰРҒЫН ЖҮГІНГЕН?

Жамбыл облысында цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқаны әмбеге аян. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметі іске қосылды. Диспетчерлік қызметтің құрылғанына, қателеспесем, 4 жылға жуықтады. Осы орайда «Jambyl 109»-дың жыл басынан бері атқарған жұмысы, алдағы жоспарлары туралы білгім келеді.

Сайра ӘЛІМХАНОВА, Тараз қаласының тұрғыны

– «Jambyl 109» қызметі 320 мекемемен етене жұмыс істеуде. 150 қалалық және аудандық мемлекеттік мекеме, 90 ведомстволық және мердігерлік ұйымдар, 36 облыстық және республикалық мемлекеттік мекеме, 44 пәтер иелері кооперативі, лифт шаруашылығы жұмылдырылған. «Jambyl 109» қызметіне 2022 жылдың бірінші қаңтарынан бүгінгі күнге дейін барлығы 79 264 өтініш түсті. Оның ішінде 71 423 өтініш өңделіп, толық жауап ұсынылды. 6 737 өтініш мерзімінен кешіктіріліп орындалған. 295 өтініш өңделу барысында. 673 өтініштің мерзімі ұзартылған және 136 өтініш орындалмаған. «Jambyl 109» қызметімен «Damumed» медициналық ақпарат жүйесімен интеграциялық жұмыстар жүргізілді. Енді «Jambyl 109» қызметі арқылы «Отбасылық дәрігерге» жазылу мүмкіндігі қосылды. Жүйеде 5 600-ден аса қызмет түрі ұсынылуда. Жалпы алдағы уақытта «Jambyl 109» қызметіне түсетін өтініштер санын арттыру мен облыс көлемінде кеңінен насихаттау мақсатында арнайы баннерлер әзірлеп, оларды көрнекі жерлердегі қоғамдық орындарда, «LED» экрандарда орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ облыстық телеарна, газет, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға «Jambyl 109» қызметін насихаттау бойынша жұмыстар жүргізу көзделуде.

Руслан НОҚРАБЕКОВ, облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы