ТІЛГЕ ТҮСКЕН КЕРТ – ДІЛГЕ ТҮСКЕН ДЕРТПЕН ТЕҢ...
ТІЛГЕ ТҮСКЕН КЕРТ – ДІЛГЕ ТҮСКЕН ДЕРТПЕН ТЕҢ...
Бірақ осы уақытқа дейін көркем шығармалардан «қылта» сөзін кездестірмеппін. Ауызекі әңгіме барысында да ешкімнің айтқанын әлі естімеппін. Соңғы кезде байқаймын, «қолдың қары», болмаса «бұғағы салбыраған» деген сияқты тіркестерді үлкен кісілер де түсіне бермейді. Басқасы басқа, бұл енді адамның мүшесіне қатысты сөздер болғандықтан оны бәрі білуі керек сияқты. «Журналистика» факультетінде оқитын студенттерден ұстазы «Мая, шөмеленің не екенін білесіңдер ме?» деп сұраса, ешқайсысы жауап бере алмапты. Тағы бірде таныс филолог маманның «Ертеден салса, кешке озған, Ылдидан салса, төске озған. Қой мойнында көк жұлын, Томаға көзді қасқа азбан» деген батырлар жырынан алынған осы әдемі шумақты студенттердің ешбірі талдап бере алмағанын айтып, әбден налып отырғанын көрдім. Үстірт ойласаң дабыл қағатындай дәнеңе жоқ сияқты. Біреулер «Онда тұрған не бар, алу мен қосуды білсе болды емес пе?» дейтін де шығар. Қауқарымызша қалам ұстап, тілмен тырбанып табыс тауып жүргендіктен бұл мәселеге бейжай қарай алмай, «Мұның себебі не? Салдары қалай болады?» деп ізденіп көрдік. Кез келген ұлттың тірегі де, кеудесінде соғып тұрған жүрегі де – тіл. Сондықтан тілге қатысты мәселеге қол сілтеп, «көреміз» дей салу жарамайды. Кеңестік кезеңде сулы-нулы жерде орналасқан оқушылардың лагеріне демалуға шетелдік балалар келмекші екен. Лагерьдің жай-күйін алдын ала тексеріп кетуге келген облыс басшысы көлді жағалай соғылған лагерьдің айнала абатты табиғатына тамсанып, «Бәрі жақсы. Бірақ маса, шыбын-шіркей өте көп екен. Бұл шетелдік балаларға аса жақпайды. Дәрі сеуіп, бұл аймақты жәндіктерден тазалаңдар» деп тапсырма беріпті. Бірақ шетелдік оқушылар келгенде көл иістеніп, құстарға дейін ол маңнан безіп, айнала адам шошырлықтай күйге түсіпті. Масаларды көлдегі балық, бақалар қорек етіп, шыбын-шіркей көл бетіндегі адам көзіне көрінбейтін микробтарды жеп, жояды екен. Сол аймақтағы кішкентай жәндіктердің де табиғаттың тамылжып, құстардың ән салып тұруына ауадай керегі бар екен. Келтірген мысалымыздағыдай, қазақтың тіліндегі төл сөздерді былай қойып, жұрнақ, жалғаулардың да орны ерекше. Жоғарыдағы айтқан лагерьдегі ахуал секілді тіліміздегі әр әріп, әр сөз бүтін бір организм секілді. Онда ұсақ-түйек жоқ. Сөздік қорымыздағы бұрыннан келе жатқан тұрақты тіркестерден айырылсақ, қазақ тілінің құнары да жойыла бастайды. Адамзат баласы атын естісе шошитын «обыр» дейтін дерт бар. Аталған індет шақырылмаған қонақтай адам ағзасына жасырын келеді. Келеді де, ең алдымен, адам ағзасындағы иммунитеттен бастап тірек болып ұстап тұрғандарын жайратады. Сүйек болмаса адам денесі былқылдап қалады. Сол сияқты тілімізге келген керт ділімізге түскен дерт секілді болып жүрмесін. Енді қайтпек керек!? Сіз қалай ойлайсыз, зерделі оқырман?
Айжан ӨЗБЕКОВА