Әлеумет

ТАҚИЯ ТІГІП, ТАБЫС ТАПҚАН

ТАҚИЯ ТІГІП, ТАБЫС ТАПҚАН

«Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз. Табанды еңбек – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі, тіпті бірегейі деуге болады». Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлген сөзінде осылай деген еді.

Расында, жасы егде тартып, қарттыққа қадам басса да қоғамның тіршілігіне белсене араласатын адамдар болады, ондайлар аз да емес. Соның бірі – тақия тігудің шебері Миржан Асабаев. Бүгінде тігіншілік өнерді жанына серік етіп, кәсіпке айналдырған азамат алпысты алқымдаған шағында көпке үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Ұлттық құндылығымызды дәріптеп, баскиім тігу ісіне келуінің де өзіндік себептері мен сырлары бар екен. Қазір Қызыл Жұлдыз ауылында тұратын қолөнер шебері айына 500-дей тақия тіге алады. Айтуынша, бұл істе өз ұлдары да көп көмегін тигізуде. 1961 жылы Түркіменстанда туып өскен болашақ қолөнер шебері мектепті аяқтай сала Қазақстанға оқу іздеп келеді. Ондағы мақсаты – жеңіл өнеркәсіп саласының инженер-технолог мамандығына оқуға түсу еді. Ал мұндай мамандарды Кеңес одағы бойынша тек 3 қалада дайындайтын болған. Соның бірі өзіміздің Жамбылда еді. Ол – Жамбыл технологиялық институты. Оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң жас маман көп ойланбастан өз мамандығы бойынша шаһардағы үздік өндіріс ошақтарының бірі – былғары аяқкиім комбинатына жұмысқа тұрады. Осында біршама жылдар еңбек етіп, цех бастығы лауазымына дейін жоғарылайды. Сол аралықта негізгі жұмысымен қатар, өз әріптестерімен бірге аяқкиім тігуге қажетті материалдар дайындаумен айналысады. Бұл – сол кезеңде жылына 2,5 миллион жұп аяқкиім шығаратын Жамбыл былғары- аяқкиім комбинатының жұмысына едәуір қарқын қосқан іс болатын. Бірақ кейіннен Кеңес одағы ыдырап, алып комбинаттың жабылуына байланысты кейіпкеріміздің бұл кәсіпті тастауына тура келген. Сөйтіп, өз саласы бойынша тағы бағын сынап көрмекке ұмтылып, былғары күртешелер тігумен айналысқан. Онда да шикізаттың тапшы болуына байланысты сауда-саттықпен айналыса бастайды. – Содан, Қытай тауарлары базарларды жаулап алған соң ол ісімнен де береке болмады. Ақыры көп ойлана келе, өзімнің қолымнан келетін іспен шұғылдануды жөн көрдім. Міне, солай тақия тігуді бастап кеттім. О баста бұл ісімді құптаушылар қатары тым аз еді. Сондағы көбінің айтатыны: «ертең шетел өндірушілерінің қарқынына шыдас бере алмайсың, олармен бәсекеге түсу қиын болады». Оның үстіне тігіншілік ісі көбіне әйел затына тән болғандықтан айналамдағылар бұл ісімді құптай бермейтін, – дейді кәсіпкер. Шынында, көп ұзамай нарықтық экономиканың заңына сай шетелдік өндірушілер де елімізге көптеп келе бастады. Бір жағынан қытайлықтар, бір жағынан қырғыз ағайындармен бәсекеге түсу оңай соқпаған. Уақыт өте келе, өзге өндірушілердің тауары қанша арзан, әрі көптеп өндіріліп жатса да нарықтан біртіндеп ысырыла берді. – Мұндағы басты себеп – тауардың сапалы болуы ғана емес, оның дизайны мен ұлттық ерекшелігінің сақталуында, – дейді тақия шебері. Қалай десек те атадан мұра болып қанға сіңген өнерді Миржан ағамыз жолында кездескен қаншама қиындықты амалын тауып еңсеріп шыққан. Білгеніміздей, шебердің әкесі Абдурахман да, ағасы Қайыпназар да бірі ұста, бірі зергер кісілер болған екен. Абдурахман ақсақал өз кезегінде арба жасап сатумен, бұзылған арбаларды жөндеумен айналысса, ағасы Қайыпназар зергерлікпен қатар, көлік жөндеу шебері болған. Ол кісі әсіресе «Москович» көлігін жөндеуге қатты қызыққан екен. Жас шағында механиктер арасында жарыстарға қатысып, Одақ бойынша аталмыш көлік түрін жөндеуден 3 дүркін чемпион атанған. Міне, осы қасиеттер де Миржан Асабаевтың да бойынан табылған көрінеді. Кәсіпкерлік жолының алғашқы кезеңі туралы сұрағанымда ағамыз өткенді еске ала отырып, тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон науқанының да тақия тігуіне түрткі болғандығын айтады. Айтуынша, сол уақыттарда атамекенге оралған қандастардың есебінен ұлтымыздың үлес салмағы да артып, қазақы дәстүр-құндылықтарға оң көзқарас пайда бола бастаған. Сөйтіп, ұлттық киімге де сұраныс артқан. Міне, сол мүмкіндікті өз мақсатына дұрыс пайдалана білген шебер бүгінгі қазақ қоғамының сыйлы азаматтарының біріне айналды. Қазір қоғамда ұлттық киімге деген көзқарас та көңіл қуантарлық. Әсіресе жастардың күнделікті өмірде тақия киіп, сәнденіп жүретінін көзіміз көріп жүр. Миржан ағамыздың пікірінше, қазақтың тақиясы бәле-жаладан сақтайтын қасиетке ие. Сонымен қатар тақияны аяқ астына қалдыруға, біреуге сыйға тартуға да болмайтын көрінеді. Бүгінде орыстардың «тюбетейка» деп жүргені түркінің «төбе» сөзінен шыққан дейді шебер. Мұнан өзге шебер Наурыз мерекесі қарсаңында сәукеле де тігеді. Айтуынша, төл мерекеміздің тұсында сәукелеге де сұраныс артады. Жыл сайын арнайы іздеп келіп, сәукеле, тақия тіктіретін тұрақты тұтынушылары да бар. Бұл – халқымыздың салт-дәстүрге деген құрметінің арта бастағанының көрінісі. Алайда ірілі-ұсақты тігін жұмысының өз қиыншылығы да жетіп артылады. Тігін тігу ісі үлкен ыждағаттылық пен темірдей төзімді қажет етеді. Сонда да игілікті істің машақатынан қашпай, ынта танытар жастарға Миржан ағамыз үлкен үміт артады. – Тақия тігу дегеніміз – үлкен өнер. Біз сол өнерді кәсіпке айналдыра білуіміз керек. Сонда ғана әрі құндылығымызды құнттап, әрі табысты бола аламыз. Кәсіпке қызығушылық танытып отырған жастарға да, қарияларға да іс бастау ешқашан кеш еместігін айтқым келеді. Мұнда тек таудай талап болса жеткілікті. Мысалы, менің тақия тігуді қолға алғаныма 30 жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта көптеген тәжірибе жинадым, жаңа дүниелер үйрендім. Мамандығым тері өңдеу ісінің технологы болғандықтан алдағы уақытта тері мен жүннен дайындалатын ұлттық киімдерді дайындағым келеді. Әйтпесе қазір қойдың терісі мен жүні де текке ысырап болып жатыр. Осыған бір қолдау болса деймін, – дейді шебер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біршама қаржымен кәсіп бастаған шебер бүгінде өзімен қоса екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізгі кесіп-пішу жұмыстарымен өзі айналысса, көмекшілері ою ойып, соны бастырып қолғабыс етеді. Қолдан шыққан өнімдері алыс-жақын өңірлерге жөнелтіліп отырады екен. Көбіне оңтүстік өңірлерден сұраныс басымырақ. Кейіпкеріміз кейде өз тақияларымды өзгелердің киіп жүргенін көргенде қуанып қалатынын да жасырмайды. Болашақта орайы түссе кәсібін кеңейтіп, ұлттық киімнің өзге де түрлерін тіксем дейді. Қалай десек те Миржан Асабаев өз ісінің майталманы екені анық. Үйінің бір бөлмесін шеберханаға айналдырып, жоқтан бар жасап отырған кәсіпкерге қалай разы болмайсың?! Қарамағындағы екі жұмысшымен қоса екі ұлын ұлттық қолөнерге баулып отырған шебер бүгінгі қазақ қоғамында еңбек еткен адамның көштен қалмайтынының айқын мысалы. Дана халқымыз «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» деп жайдан-жай айтпаған ғой. Ақыл айтатын жастан асқан еңбекқор азаматтың игілікті ісіне табыс тілеп қоштастық.

Нұрболат АМАНБЕК, Байзақ ауданы