Әлеумет

БҮГІНГІ ҰРПАҚ НЕ КӨРІП ЖҮР?

БҮГІНГІ ҰРПАҚ НЕ КӨРІП ЖҮР?

Ә дегенде әріптерді анық айтатын төрт жасар сіңлім келе-келе кекештене бастады. Еркелігі шығар деп алғашында аса мән берген жоқпыз. Еріндерін қисайтып, ежіктеген оқушы құсап сөйлеп, кейіннен кәдімгідей кекештенгенде шындап қорқа бастадық.

Арғы-бергі нағашыларымызда да, әулетімізде де кекештер болмаған. Біледі-ау дегендерден сұрап көріп едік, бірі «қорыққан шығар» десе, енді бірі «баланың айтатын ойы мен жеткізетін сөзі көп. Барлығын жеткізгенше асығады» деп жорамал айтты. Сонымен не керек, әліптің артын бағып көрейік дедік. Бірақ әрқайсысымыз жан-жақтан ақпарат іздеп, сәбиді қадағалаумен жүрдік. Көп ұзамай баланың тіліндегі кінәраттың қалай пайда болғаны белгілі болды. Сол бір кездерде «Астана» телеарнасынан үндінің «Кекеш келін» атты сериалы көрсетіліп жататын. Сөйтсек, сіңлім көрші тұратын өзімен түйдей құрдас қызбен бірге аталған сериалды көріп жүрген екен. Сонымен, сіңлім мектепке барып, әріп танып, жазуды үйренгенде ғана кекештіктен айықты. Бұрынырақта «Discovery Channel» арнасынан тасбақалар жайлы бір телефильм көргенім бар еді. Жағалауға келіп, құмның арасына тастаған жұмыртқаны жарып шыққан тасбақаның кішкентай балалары бірден суға қарай ұмтылады. Суға жеткенше төрт аяқты жануарлар да, екі аяқты құстар да әлгілерді ұстаған бойда қылғыта береді. Әупірімдеп суға түссе шаян, балықтар бас салады. Содан аман қалғандары ғана тереңге түсіп кетеді. Ал ол жақта не күтіп тұрғанын кім білсін!? Қазақы отбасында туып, тірлікке ұмтылған әр сәбиді әлгі тасбақаның балаларына ұқсатамын. Бұл, әрине, ойымды образды түрде жеткізгенім. Әйтпесе ондайдан сақтасын. Бұл жерде сәбилеріміздің туа сала рухани талауға түсіп, атаның қанымен келген ұлттық құндылықтарымызға жасалатын шабуылдарды айтып тұрмын. Бесігінде «Ладушки» әнімен тербеліп өскен сәби есі кіре «Кекеш келін» киносын көреді. Одан сапасыз аудармадағы «Аю мен Машаға» еліктейді. Содан келе «Сен үшін құдаша «мутный» болдым» әнін жаттайды. Содан сәбиіміздің сипаты «селитрамен» суарған жүгерідей боп шыға келеді. Енді не істеуіміз керек? Шешендердің де, көсемдердің де айтатыны осы. Абай атамыздың «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді» дегеніндей, бұл жерде «Не істеуіміз керек емес, не істемеуіміз керек?» екенін біліп алуымыз керек алдымен. Империялық пиғылдағы алпауыт көршілеріміздің отарлау саясаты оңай шырмау емес. Ол ұзақ жылдық стратегияға құрылған ғылыми терең дүние. Дәнін топыраққа тастаған соң діңі жуандап барып, ұзақ жылдан кейін жеміс беретін жаңғақ талы сияқты. Тамыры тым тереңге кетіп, жапырағы алысқа шашылған талды құлату я болмаса пәрмендеп басқа жеміс алу өте қиын шаруа. Біз бабаларымыздың бала тәрбиелеудегі даналық институтын мүлде ұмыттық. «Бесік жыры», ертегі, «Батырлар жыры»... Мұның әрбірі бір-бір мектеп болатын. Тілі шыққан балаға «Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек» деп тіл үйрету бізден басқа қай ұлтта бар екен? Ұят болса да айтайын, қазіргі балалар бас бармағын «Лайк», сұқ саусағын «Ты!» деп түрту, ортан терегін «Факю» деп түсінеді. Саусақ демекші, бұрында үлкендер санамақты он саусаққа салып, былай өлеңдететін: «Бір дегенім – білім, екі дегенім – еңбек, үш дегенім – үміт, төрт дегенім – төсек, бес дегенім – бесік, алты дегенім – асық, жеті дегенім – желке, сегіз дегенім – серке, тоғыз дегенім – торқа, он дегенім – оймақ, он бір – қара жұмбақ...». Буын үндестіктері біркелкі, әр жолы тұрақты тіркеске айналған бұл өлеңді біздің замандастарымыздың біразы білуі керек. Осы өлеңді бір ағамыз былай талдапты: «Бір дегенім – білім. Дүниенің кілті – білімде. Бірінші білім ізде. Екі дегенім – еңбек. Білім алып, еңбек ет! Үш дегенім – үміт. Үміттің негізі –ниет. Алдымен ниет ет. Төрт дегенім – төсек. Адам, неке, ақ төсек. Үйлен. Үйленген соң бала сүйіп, бесігің тербеледі. Алты дегенім – асық. Асыр салып асық ойнадың. Жеті дегенім – желке. Балаң өсті. Желкеңде қарызы көп азамат болдың. Сегіз дегенім – серке. Адалдан мал жи. Тоғыз дегенім – торқа. Тон киіп, торқа жамылған қария болдың. Он дегенім – оймақ. Көр қазылып, кең ойылған қабірге кіресің. Он бір – қара жұмбақ. Жұмбақ сол, қайда барарың белгісіз, жұмақ па...». Он саусаққа бір адамның ғұмырын сыйғызып, оны бала санасына осылай жеткізу не деген ғұламалық деп таңғаласың. Ойды ой қозғайды, «қазір ертегі тыңдайтын бала жоқ қой. Қолдарына ұялы телефон беріп қойсаң болды» деген сөзді де жиі естиміз. Өйткені бүгінгі күні жылап жатқан нәрестенің өзі түкті түсінбесе де телефонды қолына ұстата салсаң жұбана қалады. Психологтар тілі шықпаған балаға ыммен сөйлесіп, бір-бірін түртіп сөйлесетін кейіпкерлері бар мылқау мультфильмдер көрсетпеуге кеңес береді. Себебі қазіргі 2-ден асқан шүлдірлеп сөйлейтін жастағы балаларға қарасаңыз, қалауын ыммен, шүлдірлеп жеткізеді. Әлгі мультиктерді қарасаңыз, сюжет жүріп жатыр, ойнақы музыка бар, бірақ кейіпкерлер сөйлемейді. Арасында түсініксіз тілде дыбыстап қоятыны бар. Ал мұндайды көріп өскен баланың дамуы кешеуілдейді. Өйткені санасына «мультфильмдегідей ымдап түсіндірсем де жеткілікті екен» дейтін сигнал баратыны сөзсіз. Сөйлемейтін кейіпкерлер баланы сөйлемеуге итермелейді. Сондықтан қазір әрбір ата-ана өз баласының не ішіп, не жеп отырғанын ғана емес, не көріп, не істеп жатқанына да көп көңіл бөле білгені жөн. «Бала – ата-ананың айнасы» емес пе?! Ендеше ұрпағымызды өзімізді қоршаған ортадағы жамандықтан қорғай білейік....

Айжан ӨЗБЕКОВА