СОҒЫС ТҰСЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛЫ ӘНДЕР
СОҒЫС ТҰСЫНДАҒЫ ТАҒДЫРЛЫ ӘНДЕР
Зұлматты жылдардың қасіретін түйсіндіретін әндер соғыстың бірінші күнінен соңғы күніне дейін халыққа рух беріп, жігерлендірді. Жақынын сарғая күтіп жүргендердің сағынышын басты. Майдандағы сарбаздардың жігерін жанып, намысын қамшылады. Ерлік жасауға талпындырды. Осы орайда біз мереке қарсаңында соғыс тақырыбындағы есті де ескі әндерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Талай жанның тағдырын талқандап, жүйкесін жүндей түтіп, жүрегін сыздатып, жанына жазылмастай жара салған сұрапыл соғыс лирикалық, марштық, әнұрандық-патриоттық әндердің жазылуына түрткі болды. Себебі қан майданнан қаншама боздақтар оралмады. Батысқа қарап елеңдеп, қаншама ана өз баласын, соғыстан қайтқан солдаттарды сарыла күтті. Сағыныштан туған әндердің бірі – «Қайдасың, Рәшитім, қайдасың?!» әні. Әннің тақырыбынан байқағанымыздай, хабар-ошарсыз кеткен ұлын іздеген ананың жүрегін жарып шыққан өлеңнің әр шумағы «Қайдасың, Рәшитім, қайдасың?» деп түйінделіп отырады. Ана көңілі өлді деуге қимай: «Тілеймін сені құлыным, Қайда жүрсең аман жүр», деген жан тебіренісі бірқалыпты толқынды қозғалыспен интонациялық мұңды жеткізеді. Ал әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың атақты «Қара кемпір» әні әрбір қазақтың көкірегін қарс айырғаны жасырын емес. Сағындым Жексенқұлым, Қосшықұлым, Өзекті жарып шыққан қос шыбығым. Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның, Зарына құлағыңды тосшы бүгін. Қос құлыншағы Жексенқұл, Қосшықұлды майданға аттандырып, өле-өлгенше келіп қалар деген үмітпен күткен меркілік қара кемпірдің тағдыры шын мәнінде жан ауыртарлық. «Екі ұлың соғыс даласында ерлікпен қаза тапты» деп естірткенде жынданып кеткен ана «өлді» дегенге сенген жоқ. Батысқа қарап қолын көлегейлеп, қырға шықты. Үміті үзілмеген ананың Қызылсайдың әр тасында, әр сайында ізі, күбірлеген үні қалды жаңғырып. Екі бөлмелі кішкентай саманнан салынған қара кемпірдің қарашаңырағы – бүгін тарих. Алтынбек Қоразбаев «Қара кемпір» әні арқылы боздағын күткен ананың типтік образын жасап, әннен ескерткіш орнатты. – Екінші дүниежүзілік соғыстан азап шекпеген халық жоқ. Біздің Қызылсай ауылынан да майданға кеткендердің көбі оралмады. Қаза тапты, мүгедек болып келгендері де жетерлік. Ал қара кемпір, Қали ана қырғыздың қызы еді. Қазақтың азаматымен отау құрды. Күйеуі ерте қайтыс болып кетті. Қос құлыншағы Жексенқұл мен Қосшығұлды 18-19 жасында майданға аттандырды. Күтті. Арада бес-алты ай уақыт өткенде «қос ұлыңыз қаза тапты» деген «қара қағаз» келеді. Қаралы хабарды естіген Қали әжеміз жынданып кеткен. Бірақ ешкімге зияны жоқ адам еді. Мен Қали ананың талай рет қойын бақтым. Бір аяғына пима, екінші аяғына галош киіп, 10-15 қой-ешкісін алдына салып, ауылдың сыртына кетіп қалатын. Ауыл азаматтары асар жасап, саманнан екі бөлмелі үй салып берді. Бір бөлмесінде азын-аулақ малы, екінші бөлмесінде өзі ұйықтайтын. Көмір жоқ, ағаш жақты. Сексенге қараған шағында қартайып, қайтыс болды. Үйінде тамақ істемейді. Ауыл адамдары таңертеңгі шайын, түскі, кешкі тамағын береді. «Жексенқұлым, Қосшығұлым келеді. Мыналар солардың малы» деп күбірлеп сөйлеп, өз-өзімен әуре болып жүретін. Қос ұлына арнап, жүн-жүннің арасына, киіздің астына ақша тыға берген. Облигациялар, займдар, оның бәрі кейін ешкімге керек болмай қалды ғой. Тіпті бірде ауыл сыртына тікұшақ қонғанда, «барып сұраңдаршы, менің қос ұлымды көрді ме екен?» деген көрінеді. Кемпірдің сырын білетін жұрт: «Иә, балаларыңызды көріпті. Олар аспанда ұшып жүр екен» деп, ұшқыштардың хабарын қара кемпірге жеткізген. «Айттым ғой, Жексенқұл мен Қосшығұлым тірі. Олар әлі келеді». Бұл Қызылсайдың бүкіл жұртына мәлім оқиға. Қали әжеміздің тағдыры ешқашан менің есімнен шыққан емес, – дейді композитор Алтынбек Қоразбаев. Перзенттерін үміттің жетегінде сарыла күтіп өмірден өткен Қали ананың аяулы кейпі Алтынбек Қоразбаевтың әні арқылы бүкіл қазаққа танылып, әуеледі. Көңілге шермен болып қатқан ананың зары мұқым қазақты тебірентіп, көзіне жас алдырды. Жақсыгелді Сейіловтің соғыс тақырыбындағы «Ана туралы баллада» әнін алғаш Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Лютция Төлешова орындаған. Майданға кеткен ұлдарын сағынған ананың жан сыры ақтарылатын әнді әнші сезініп орындайды. Себебі әншінің анасы да, әкесі де соғысқа қатысқан. Тіпті әкесі қанды қырғыннан сол күйі қайтпаған. Сондықтан болар әншінің өзі «соғыс жайлы әндерді көп орындадым» дейді. Ал Рамазан Елібаевтың «Жас қазақ» әні соғыс өтінде жазылған. Әннің сөзі жазушы Ғабиден Мұстафиндікі. Әннің шығуына Рамазан Елібаевтың майдандас досы, қазақтың батыр ұлы Төлеген Тоқтаровтың өлімі себеп болған екен. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң да батырлықты насихаттайтын жаңа әндер жарық көріп, ел арасына тез тарады. Мәселен, Исабаевтың «Елдің ері – Бауыржан», Райымқұловтың «Ардағын күткен арулар», Таймановтың «Қазақ қызы» әнін айтуға болады. Бұдан бөлек, «Әлия», «Ана туралы баллада», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Кестелі орамал» атты өлеңдер сарбаздардың бойына жылу ұялатқан әндер болды. Соғыстың аяқталғанына 70 жылдан асса да бұл әндер халықтың сүйікті әуендері болып қала бермек. Бұрындары бұл әндерді ата-апаларымыз орындаса, дәл солай бүгінгі ұрпақ та шырқап келеді. Себебі майдан әндерінде әркімнің өзіне тиесілі сағыныш пен үміт, мұңы бар.
Айжан ӨЗБЕКОВА