АЯЛЫ АЛАҚАН ИЕСІ – АЙНҰР
АЯЛЫ АЛАҚАН ИЕСІ – АЙНҰР
Бүгінге дейін қаншама баланың өмір сүріп кетуіне себепкер болып, талай ананың алғысын арқалаған ақ халатты абзал жан 1983 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы Атакент елді мекенінде дүниеге келген. 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2008 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын 2006 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасында перзентхананың нәрестелер бөлімшесінде мейіргер қызметінен бастайды. 2009 жылдың қыркүйек айында Сарысу аудандық орталық ауруханасына перзентхана бөлімінің дәрігер-неонатологы болып ауысады. Еңбек жолын 2011 жылы Сарысу аудандық орталық ауруханасына қарасты Түркістан дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде жалғастырып, төрт жылдан соң емхана бөлімінде балалар дәрігері қызметіне кіріседі. 2016 жылы перзентхана бөлімінің неонатолог дәрігері, 2019 жылы емхана бөлімінің меңгерушісі, 2022 жылдан бүгінге дейін директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. – Алла сана берген соң ерте дүниеге келсе де әрбір нәресте аялы алақанды, махаббатты сезінеді. Барлық сәби өмірге бейімделіп, өмір сүріп кетсе екен деген тілек әрқайсысымыздың жүрегімізде тұрады. Анасы мен баласы ауырмай, перзентханадан аман шығып кетсе, бізге одан асқан бақыт жоқ. Сол үшін біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз, – дейді дәрігер. Айнұр Қалықова жасаған еңбегіне қарай лайықты марапатын да алып келеді. Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Сарысу аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен, Сарысу аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Алақаны аялы Айгүл дәрігердің анадан алған алғысы, халықтан алған құрметі оның адал еңбегінің нәтижесі. Сондықтан жауапкершілігі сан сынақтармен сыналатын сала иесі қандай да болсын құрметке лайық дегіміз келеді.
А.Орынбасарқызы, Сарысу ауданы