Заң

ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМА – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМА – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ НЕГІЗІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен сан салада салмақты реформалар жүзеге асуда. Мұның бәрі де әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған бетбұрыстар. Әрине, тәуелсіз елімізді дамытуға арналған маңызды шешімдер бір күнде қабылдана салған жоқ. Бағзы дәуірдегі билер төрелігі, кешегі кеңестік кезең мен азаттықтың алғашқы алаң-елең шағындағы тәжірибелер ескеріліп, жаңа дәуірге сай қадамдар жасалуда. Ең басты мақсат – мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтай отырып, халықтың әл-ауқатын көтеру. Ал мемлекетті мемлекет ететін – заң. Конституциялық реформалардың да түп-төркіні осында жатыр. Бұл тұрғыда жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қолсұғушылықтан қорғайтын орган – сот жүйесін дамыту міндеті күн тәртібінен түскен емес.

Қазақстан Республикасының сот жүйесі 30 жылдан астам уақыт ішінде көптеген өзгерістерді бастан өткерді. Баршаға мәлім, 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы жарияланды. Бұл құжат қазақ елінің азаттыққа қол жеткізгенін айшықтап, оны төрткүл дүниеге танытты. 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік өкімет пен басқарудың құрылымын жеңілдендіру барысында және одан бұрынғы шыққан Конституциялық заңдар ережесін жинақтай келе, жаңа қоғамға лайықты «Қазақстан Республикасының Конституциясы» жарияланды. Жаңа Конституциядағы 16-тарау сот билігіне арналды. Конституцияның 95-бабында Қазақстандағы сот билігі Конституциялық Сотқа, Жоғарғы Сотқа және Жоғарғы Төрелік сотқа, сондай-ақ заң бойынша құрылатын төменгі соттарға тиесілі екені атап көрсетілді. Маңызды құжатта: «Ешқандай өзге органның, лауазымды немесе өзге адамның сот билігі міндеттерін өз мойнына алуға қақысы жоқ» деп жазылған. Сөйтіп, «Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Конституциясын қорғау жөніндегі сот билігінің жоғарғы органы деп табылатыны» тайға таңба басқандай етіп атап көрсетілді. Егемен еліміз 1993-1994 жылдары дүниежүзіндегі өркениетті мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде ынтымақтаса отырып, халықаралық қарым-қатынасты одан сайын нығайта түсті. Мұндай жағдай әлемдік талап-тілекке сәйкес келетін халықаралық құқықтық нормалардың қажеттілігін және республиканың ішкі саяси құрылымындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңаша сипатына лайықты құқықтық реформа жүргізуді қолға алу керектігін аңғартты. Сол себепті еліміздегі құқық саласын дамытуға баса мән берілді. Осылайша 1994 жылдың 12 ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы» қаулысы шықты. Аталған құжатта еліміздегі сот жүйесін реформалау туралы жан-жақты айтылды. Әсіресе сот әділдігін өміршең етуде соттардың кәсіби деңгейін көтеру, оларды ұйымдық жағынан нығайту, іс қарауда соттардың ешкімге тәуелді болмауын тиімділікпен арттырудың жаңа жобасы жасалды. Сондай-ақ жалпы соттар мен төрелік соттарға жіктелудің де қажет емес екенін анықтап берді. Республика Президенті Жоғары Сот кеңесінің және Әділет біліктілік алқасының ұсынуымен судьялардың судьялық қызметтік міндетін түпкілікті бекітуді талап етті. Соттардың қызметін жан-жақты қамтамасыз етудегі кадр, ішкі шаруашылық істермен айналысуды сот істерінен бөліп, аппарат басшылығына жүктеу көзделді. Сонымен қатар сот әділдігін жүзеге асыруда және сот қаулыларын орындауда аппарат ішкі ұйымдастыру жұмыстарына мейлінше көмек-жәрдем беруге тиіс делінді. Жоғарғы Сот Республикадағы жалпы соттардың ең жоғарғы ұйымы болып табылатыны атап көрсетілді. Оның құзыретіне ең жоғарғы лауазымды тұлғалардың қылмыстық істері жөніндегі сот істерін қарау, сондай-ақ кассациялық, қадағалау сатыларының міндеттері және заңдарды қолдану жөніндегі мәселелерге түсінік беруді жүзеге асыру кірді. Аталған құжатта Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты арнайы сот алқаларына бөлініп құрылатыны, судьялар құрамы да соған қарай іріктелетіні көрсетілді. Бұдан бөлек облыстық соттың құрылымы, оның төрағасы, алқа төрағалары, оған теңестірілген қалалық соттың да құрылым жүйесі осы негізде болды. Ал Қазақстан аумағындағы әскери сот дәрежесі мен міндетіне қарай Республика Жоғарғы Соты Пленумының құрамына кіретіні айтылды. Тағы бір айта кетерлігі, жоғарыда аталған қаулының, еліміздегі құқық қорғау органдары мен заң шығару орындарындағы және сот құрылымындағы құқықтық реформалар негізінде 1995 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасындағы соттар жөне судьялардың мәртебесі туралы» заң күші бар Жарлығы шықты. 84 баптан тұратын бұл Жарлық республикадағы тәуелсіз сот билігі мен судьялардың мәртебесі туралы әлемдік өркениеттегі құқықтық нормаларға сай келетін жаңаша заңдар ережесін жасап, бекітіп берді. Ал 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдумдың нәтижесінде Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, онда сот жүйесіне қатысты да нақты міндеттер айқындалды. Жалпы тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің дамуын шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болады. Оның алғашқысы 1990-2000 жылдар аралығын қамтиды. 1990 жылы еліміз егеменді мемлекет мәртебесін алса, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының 9-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаты негізінде құрылады және жүзеге асырылады» деп белгіленді. Осы заңның 10-бабында «Сот билігі ҚР Жоғарғы Соты мен Жоғарғы Арбитраждық сотына тиесілі» делінген. Егемендік Декларациясы республиканың жаңа заңнама жүйесін қалыптастыруға негіз болды. 1992 жылы қабылданған сот туралы Конституциялық заң судьялардың құқықтық мәртебесін бекітті, олардың әлеуметтік, құқықтық қорғалуына кепілдіктерді күшейтті, сондай-ақ сот құрылысының маңызды мәселелерін шешті. Бірінші Конституцияда соттар биліктің жеке тармағы ретінде танылды. Кейінгі Құқықтық реформаның тұжырымдамасы, 1995 жылғы Конституциядағы сот билігі туралы баптар сот және құқық қорғау органдары туралы заңнаманы дамыту әрі демократияландырудың жаңа кезеңін көрсетті. Яғни алғашқы онжылдық тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінің қалыптасуымен ерекшеленді. 2000-2010 жылдар аралығындағы екінші кезеңде сот жүйесін дамытуға, әсіресе қылмыстық процесте, азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау тетіктерін күшейтуге, сондай-ақ мамандандырылған соттар құру арқылы сот төрелігін іске асыру сапасын арттыруға баса назар аударылды. Алғашқы кезеңдегі заңдар мен декларациялар, Президенттің Жарлықтары сот жүйесінің берік негізін қалады. Бұл аралықта өткен сот реформасының бірінші кезеңінде Президенттің «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Жарлығына сәйкес, Әділет органдарында сот қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету жөніндегі функциялары қалдырылып, әділет органдарының соттарға қатысты бақылау функциялары алынып тасталды. 2010-2020 жылдар туралы тілге тиек етсек, ол уақыт сот ісін жүргізудің цифрлық форматқа көшуімен есте қалатындығы сөзсіз. Үздік әлемдік стандарттарға жақындатылған, мықты, тәуелсіз сот билігін құру жұмысы жандана түсті. «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда осы саладағы кадр саясаты, сот шешімдерін жетілдіру, сот мәртебесі туралы нақты міндеттер жүктелді. Жолдауда «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі – азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек» делінген. Қазақстандық сот институтын дамытуда Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» ерекше атап өту қажет. «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 11 тармағы сот жүйесінің қызметіне арналды. Ал 2020 жылдан басталатын төртінші кезең «Әділетті мемлекет» құру ұстанымымен ұштасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 2 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруге және судья айыптаушы жаққа тәуелді болмауға тиіс. Сол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажет», деп атап көрсетті. Сонымен қатар Президент судьяларды іріктеу бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүргізілуге тиіс екендігін, дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажеттігін, Президент Әкімшілігі жанынан Құқық қорғау мен сот жүйесі реформасы жөніндегі өкілдік комиссия құрылатынын айтты. Жоғары деңгейде берілген тапсырмаларға сәйкес құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер басталды. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі іске кірісті. Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылды. Сот саласындағы маңызды өзгерістің бірі – әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуі. Бұл туралы Мемлекет басшысы алғаш рет 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Жолдауында айтты. «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет. Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы. Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс», деп атап өтті Президент. Сот жүйесіндегі тарихи әрі маңызды өзгеріс билік пен қоғамның алшақтығын жойып, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты бір жүйеге келтіруге негізделген еді. Бұл реформа, шын мәнінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыты ретінде ұсынылды. Сол тұста Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тарапынан атап көрсетілгендей, бұған дейін азаматтық даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін. Оған басты себеп – Азаматтық іс жүргізу кодексі. Оның негізгі қағидаты – тараптардың теңдігі. Бірақ мықты ресурстары бар мемлекеттік орган мен қарапайым азаматтардың немесе кәсіпкерлердің мүмкіндігін салыстыруға бола ма? Әрине, жоқ. Сондықтан да Жолдауда жүктелген міндетті іске асыру үшін жан-жақты зерделенген құқықтық-нормативтік актілер дайындау қажеттілігі туындады. Осылайша ҚР Әкімшілік рәсімдік-про¬цестік кодексінің жобасы әзірленіп, көптің талқысына ұсынылды. Бұл тұрғыда Жамбыл облыстық сотының тарапынан да түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Қоғамда қызу талқыланған Әкімшілік рәсімдік-про¬цестік кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен күшіне енді. Осы орайда Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Құлекеев те бұл реформаның тиімділігі мол екенін айтады. – Әлихан Бөкейханов өз заманында «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген. Осы мағыналы сөз әлі күнге өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қабылданған жаңа Кодекс – билік органдарымен дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттік деңгейде басқару шешімдерін қабылдау процесіне азаматтардың қатысу белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы әкімшілік әділет ұғымы сот орындары тарапынан әкімшілік органдар шешімдерінің заңдылығы туралы дауларды реттеу, жекелеген азаматтар мен әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғау, судьялардың әкімшілік билік органдары шешімдерін талдау және жарамсыз деп тану, сот бұйрығын шығару арқылы атқарушы билік органдарының қызметіне бақылау жасау мүмкіндігін білдіреді. Оның тетіктері шешімдерді орындату, қажет болған кезде мәжбүрлеп орындату міндеттілігімен, жекелеген құқықтарды емес, барлық құқықтарды қорғайтын кешенділік сипатымен, саясатқа емес, заңға негізделуімен ерекшеленеді, – дейді Ғалым Батырбекұлы. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау және тану туралы талап қою түрлері де айқындалған. Кодексте сонымен қатар бітімге келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылды. Татуласуға келтіру шарты ерікті түрде жүзеге асырылып, бұл өз кезегінде сот шығынын азайтып, ал қарым-қатынастарды тартыстық сипаттан арылтады. Әлемдік тәжірибе бұл институттың да тиімділігін көрсетіп отыр. Әкімшілік сот өзінің шығарған сот шешімдерінің орындалуын бақылап, соған сәйкес шара қолданатын құзыретке де ие болуда. Мәселен, сот кез келген шенеунікке орындалмаған шешім үшін жедел түрде бірнеше рет әкімшілік жаза болып саналмайтын айыппұл сала алады. Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын негіздемелер бойынша өзінің алдын ала пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судьяға іске байланысты өз пікірін айтуға болмайтын. Облыстық соттың судьясы Әділет Әкетаев әкімшілік әділет жүйесінің бір күнде қабылдана салмағандығын, жаңа құрылымның уақыт талабынан туындаған қадам екенін жеткізді. – Бұл реформа бір күндік шаруа емес, ол еліміздегі сот жүйесінің, жалпы заң саласының кәсіби мамандарының жұмыс тәжірибесінің, осы саланы зерттеуші ғалымдардың көп жылдық ой толғауының нәтижесі. Негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік органдармен текетіресіндегі дауларды әділ шешуге көмек беру. Әрі бұл жүйе «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындауға бағытталған елеулі реформа. Әкімшілік әділеттің түсінігіне тоқталсақ, ол – мемлекеттік басқару жүйесіндегі заңдылықтың сақталуына бақылауды жүргізетін арнайы органдардың, мамандандырылған соттардың жүйесі. Қысқаша мағынада бұл – бір жағынан азамат, екінші жағынан, мемлекеттік басқару органының арасындағы әкімшілік-құқықтық дауларды шешудің айрықша процестік тәртібі. Бұрын бұл даулар азаматтық соттардың судьяларымен қаралған болатын. Азаматтық процестік заңнама екі тараптың теңқұқықтылығына бағытталып, оның аясында шешілетін даудағы судья шешімі тараптардың белсенділігіне негізделген болса, ал әкімшілік әділет судьяның белсенділігін арттыруды көздейді. Себебі жария-құқықтық дауларда тараптардың тең еместігі анық сезіліп тұрады. Осы және басқа да өте көп мөлшердегі талап қоюшыға жүктелетін бюрократиялық ережелер олардың өз құқықтарын жеткілікті дәрежеде қорғауға, ақиқатты анықтауға мүмкіндік бермейтін. Бұдан әбден мезі болған талап қоюшылар өз әрекеттерін жалғастырудан бас тартуға мәжбүр болып отыратын. Бүгінгі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің мақсаты осындай даулардың әділ шешілуін реттеуге бағытталған, – дейді Әділет Әкетаев. Дамыған елдерде әкімшілік соттардың беделі жоғары, ал судьялардың шешімі мемлекеттік органның жұмысының сапасына әсерін тигізеді. Сондықтан әр мемлекеттік лауазым иесі өз шешімінің азаматтардың құқықтарын қорғау елегі арқылы қайта қаралатындығын, одан теріс салдардың туындауы мүмкін екендігін түсінеді. Жаңа кодекске сәйкес әкімшілік әділет екі бөліктен тұрады: әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу. Осылайша жария-құқықтық даулар азаматтық сот ісін жүргізу кеңістігінен әкімшілік рәсімдік-процестік сот ісін жүргізу кеңістігіне көшті. Азаматтарға қолайлы құқықтық шешімдердің күшін жоюдың айрықша тәртібі де енгізілді. Бір кездері қабылданған шешімнің заңды, бірізді екендігіне және оның кінәсінен болмаса шешімнің күші жойылмайтындығына азамат сенімді болуы керек. Яғни шенеуніктің кінәсі адамға қолайлы шығарылған актінің күшін автоматты түрде жоюға әкеліп соқтырмауы керек. Шенеуніктердің алаңғасарлығынан немесе салғырттығынан туындаған заңсыз әрекеттерден қарапайым халық зардап шекпеуі қажет. Сонымен қатар кодекспен жекеленген даулардың санатын қоспағанда, мемлекеттік органдардың және оған теңестірілгендердің (әкімшілік орган) шешімдеріне сотқа дейін міндетті түрде шағымдану әрекеті енгізіліп отыр. Азаматтарға қолайлы болу үшін жоғарғы тұрған органға төменгі тұрған орган арқылы шағымданудың оңайлатылған механизмі қарастырылған. Бұл дегеніміз, азаматқа жоғарғы тұрған органды өз бетімен іздеудің қажеттілігі жоқ. Осы жерде айта кететін бір жайт, әкімшілік органның актіге шағым түскен күннен бастап, оны жоғарғы тұрған органға жібермей-ақ үш күннің ішінде қолайлы акт шығару арқылы өз қателігін түзеуге мүмкіншілігі бар. Әкімшілік органның шағымды қарау өндірісі жеделдетілген тәртіпте – 20 жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады. Осы орайда судьяның белсенді рөлінің кем дегенде үш жинағы бар. Бұл – соттың тараптармен ұсынылған дәлелдемелерді зерделеумен шектеліп қоймай, дәлелдеудің шегінде ақиқатты анықтау үшін өзі қажет деп тапқан барлық жайттарды зерделеуі; егер тараптар ұсынылған дәлелдер жеткіліксіз болса, өз бетімен дәлелдемелерді жинауы және әкімшілік орган өз әрекетінің дұрыс екендігін дәлелдеуі қажет. Ал тараптар жалпы сот сұратқан құжаттарды және ақпараттарды сотқа беруге міндетті. Іс сотқа талап арыз берген кезден бастап қозғалған болып саналады да, бірінші және апелляциялық соттарда «ақылға қонымды мерзім» – 3 ай, ал кассациялық сотта 6 ай ішінде қаралады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің маңызды жаңалығының бірі – процестік мәжбүрлеу шаралары. Олардың көмегімен сот қабылданған сот шешімдерінің орындалуын да қамтамасыз ете алады. Ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу дегеніміз, сотпен сот талабын (сұранысын) орындамау, сотқа себепсіз келмеу, сот актісін орындамауға сот бақылауын енгізу мақсатындағы процессуалдық мәжбүрлеу түрі болып табылады. Сонымен қатар бұл кодексте татуласу процедуралары да көрініс тапқан. Татуласуды қолданудың негізгі шарты: жауапкердің әкімшілік қалауының болуы, яғни әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігінің болуы. Әкімшілік сот ісін жүргізудің ерекшеліктерінің бірі істерді қараудың мерзіміне қатысты. Атап айтқанда, кодекске «ақылға қонымды мерзім» түсінігі енгізілді. Бұл түсініктің енгізілуі қалыптасып қалған процестік мерзім мән-мағынасын жаңа тұрғыда қарау кажеттілігімен байланысты болып отыр. Жаңа реформаға сәйкес, елімізде жұмыс істей бастаған мамандандырылған әкім¬шілік соттар ә дегеннен нәтиже көрсетті. Алғашқы жетістіктер туралы Тараз қаласында өткен «Сот жүйесі ғалымдарының диалогы» атты І Халықаралық форумда баяндалды. Мысалы, әкімшілік әділет жүйесі қолданысқа енген 3 айдың ішінде 21 жаңа әкімшілік сотқа 7 мың талап арыз түскен. Арыз иелерінің 60 пайызы, яғни жеке тұлғалар мен бизнес өкілдері жеңіске жеткен. Ал Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданғанға дейін талап арыздарды қанағаттандыру деңгейі 14 пайызды құраған. Бүгінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте қарастырылған қағидалар нақты жұмыс істеп, азаматтар мен бизнестің қорғанына айналып келеді. Сонымен қатар әкімшілік әділет шенеуніктерді өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарап, тәртіпке бағынуға септігін тигізуде. Сот төрелігін атқарудағы жаңа прогресивті принциптер азаматтардың оған деген сенімін арттыруға мүмкіншіліктер туғызып отыр.

Тұрсынбек Сұлтанбеков