Әлеумет

Қолайлы орта қалыптасып келеді

Қолайлы орта қалыптасып келеді

Өмір болғаннан кейін арамызда туабітті тағдыр тауқыметін тартқан немесе бала күнінде оқыс жағдайға тап болған немесе еңбек ету барысында және басқа да түрлі себептермен денсаулығына зақым келген адамдар жетерлік. Олардың кейбірі еңбек ету қабілетінен мүлде айырылған, анығын айтқанда, жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды. Сондықтан да мемлекет мұндай ерекше қажеттілігі бар адамдарды өз қамқорлығына алып, тиісінше әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.

Әлеуметтанушының айтары бар

Дегенмен қоғам оларға бөле-жара қарамауы тиіс. Әрине, «кемтар» деп кемсіту санасы бар адамның ойына келе қоймас, алайда «мүгедек» деп оларға мүсіркей қарау да дәл қазіргі заманда артық. Себебі осыдан біршама жыл бұрын кембағалдарға қарата «мүмкіндігі шектеулі» деп айтып жүргенімізде олардың кейбірі өз қарым-қабілетін дамыту арқылы спортта, кәсіпкерлікте және басқа да салаларда жетістікке жетіп, мүмкіндіктері шектеулі емес екенін дәлелдеп берді. Олардың бойындағы өмір сүруге деген талпыныс пен құштарлық, мұқалмас қажыр-қайрат пен биік мақсат біз ойлағаннан басқаша. М.ХДулати атандағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының жетекшісі Бақыт Әлмұратов елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейін ұлттық жоспар бекітілгенін айтады. Ол ұлттық жоспардың мақсаты әлеуметтік жаңғыру шеңберінде халықтың осындай осал топтарына қолайлы орта қалыптастыру арқылы инклюзивті қоғам қалыптастыру екенін сөз етті. – Бұрын «мүгедек», «мүмкіндігі шектеулі» десек, кейінірек «ерекше қажеттілігі бар адам» дей бастадық қой. Дегенмен қазір қоғамда инклюзия деген сөз жиі қолданыла бастады. Бүгінде елімізде ерекше қажеттілігі бар 680 мыңнан астам адам бар. Оның 61,1 пайызы еңбекке жарамды болса, 25,7 пайызы зейнет жасында. Ал 12,8 пайызы 18 жасқа толмағандар. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдардың үлес салмағы тұрақты және соңғы үш ай бойынша жалпы халықтың 3,7 пайызын құрайды. Үкімет тарапынан көңілге қонымды бағдарлама, жоба-жоспарлар жасалып, оны жүзеге асыруда қазына қаржысынан қыруар қаражат бөлінеді. Ал оның өз нәтижесін берген-бермегенін күнделікті өмірде көріп-біліп отырмыз. Өйткені жоспар, жоба, тұжырымдама деген секілді құжаттың барлығы, түптеп келгенде, ақша жұмсалуын талап етеді. Мәселен, осы инклюзивті қоғамға байланысты «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек!» деген байыпты бір бағдарламасы жүзеге асты. Осы бағдарламаның жер-жерде жүзеге асырылуын партия өз бақылауында ұстады. Аталған партияның облыстық филиалындағы әлеуметтік салаға қатысты бақылау комиссиясының мүшесі ретінде мен өзім сан түрлі іргелі істердің жүзеге асқанына куә болдым. Соның ішінде партия ерекше қажеттілігі бар адамдардың қандай да бір мекемеге біреудің көмегінсіз кіріп-шығуына байланысты орнатылатын пандустың бар-жоғын назарда ұстады. Өзіміз осы мәселе бойынша зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Соның арқасында, яғни 2020 жылға қарағанда бүгінде бұл бағытта біршама жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бір айта кетерлігі, бізде мүмкіндігі шектеулі азаматтың мекеме есігінен енуге дейінгі жағдайы жасалған. Мәселен, ерекше қажеттілігі бар адам нысанға пандус арқылы кіретін болса, ол жасалған және іштен біреуді көмекке шақыруға арналған түйме де (кнопка) орнатылған. Алайда мекеменің ішкі жағдайы мүгедектер үшін бейімделмегенін мойындауымыз керек. Мысалы, ол азамат арбада отырған болса, банкке барғанда пандуспен көтеріліп, табалдырық жоқ болса, ішке кедергісіз енеді делік. Ары қарай банкоматқа немесе кассаға жақындағанда оның орнынан тұруына тура келеді. Өйткені бакомат та, касса да олар үшін лайықталмаған. Мысалы мектепке, колледж, университетке, кез келген көпқабатты тұрғын үйге, кейбір мекемеге бара қалса да онда жоғарыға көтерілетін жеделсаты жоқ. Ол текпішекпен жоғары қабаттағы аудитория немесе қажетті бөлме, кабинетке өз күшімен қалай жетеді? Міне, қолайсыз орта деген мәселе осы жерде туындайды. Ал ұлттық жоспарда осының барлығы жеке-жеке аталып, қай жерде не болуы керектігі тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр, – деді ол. Әлеуметтанушы аталған ұлттық жоспарда мүгедектерге қатысты әлеуметтік маңызы бар нысандардың қолжетімділігінен бастап олар үшін жүргізілетін профилактикалық іс-шара, әлеуметтік оңалту жағдайы қамтылғанын тілге тиек етті. Сол секілді қоғамдық көлік, пойыз, ұшаққа мінуде де қиындық туындайтынына қынжылды. – Мысалы, қоғамдық көлікке арбаға таңылған адам мінетін болса, онда пандус жоқ. Егер соңғы үлгіде жасалған автобуста пандус болса, оған біздің аялдамалар лайық емес. Одан бөлек әр мекеме кем дегенде 3 пайыз мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алуы керек. Ал ол үшін, яғни мекеме орналасқан нысан іші арбадағы қызметкердің өз еркімен жүріп-тұруына, әжетханаға баруына лайықталуы керек. Егер қызметкер зағип болатын болса, көзі көрмейтін немесе нашар көретіндерге арналған түрлі-түсті арнайы белгілер болуы қажет. Ал бұл біздің қазақ елінің өркениетті қоғамға қаншалықты аяқ басып жатқанын көрсетеді. Егер 2019 жылы қабылданған, аталған ұлттық жоба 2025 жылға дейін мінсіз жүзеге асатын болса, онда біз өркениетті елдер қатарына біртабан болса да жақыындар едік. Бірақ төрт жылдан бері бұл бағытта қандай іс тындырылды, біз қай деңгейге көтерілдік? Бұл сауалдарға бағаны мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар, тиісті департамент баға береді. Сонымен қатар ұлттық жобада қоғамдық сананы жаңғырту мәселесі де қамтылған. Осыдан оншақты жыл бұрын облыстық білім беру басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті арқылы инлюзияға байланысты мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізген болатынбыз. Онда 8-9-сынып оқушылары қамтылды. Оларға «Егер қасыңда ерекше қажеттілігі бар адам отырса, оған сен қалай қарайсың?» деген сауал тасталды. Сонда оқушылардың 80-90 пайызы «мен оған көмектесер едім» деп жауап берді. Бұл балалардың бойында жанашырлық, адамгершілік, мейірімділік секілді қасиеттердің бар екенін айғақтайды. Қоғамдық сананы жаңғырту деген осы. Балаға кішкентай кезінен ерекше қажеттілігі бар адамдарға көмектесуді, оларға құрметпен қарауды үйретуіміз керек. Өйткені беті аулақ, жазым болса, ертең біз де сондай жағдайға ұшырап қалмасымызға кім кепіл? Сондықтан балаларды осы бағытта тәрбиелеу маңызды. Бір өкініштісі, сол кезде осы сұрақ ата-аналарға да қойылды. Алайда ата-аналар баласының қасына ерекше қажеттілігі бар адамның отырғанына қарсылық білдірді. Бұл өте өкінішті жағдай. Сондықтан қоғамдық сананы жаңғырту бағытында бізді алда атқарылар ауқымды жұмыс күтіп тұр. Ол үшін облыс әкімдігінің ішкі саясат, денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты мәселелері секілді қоғамға, адамға, адами капиталды дамытуға қатысы бар басқармалар қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты көптеген іс-шаралар ұйымдастыру үшін азаматтық қоғам институттарына тапсырыстар беруі қажет. Әсіресе осы инклюзивті қоғамды дамытуға күш салуымыз керек. Бұл іс-шара жергілікті жердегі қалалық, аудандық, ауылдық округ әкімдігі аппаратының қолдауымен жүзеге асуы тиіс. Бюджеттен әр мекеме жылына белгілі бір тиісті қаржыны бөлсе, бұл халық арасында қоғамдық сананы жаңғырту бағытындағы идеологиялық жұмыстарды жүргізуде бізді мол табысқа жеткізеді, – деді Б.Алмұратов.

Бейімделмей жатқан нысан да жоқ емес

Шынында, ерекше қажеттілігі бар адамдар біреудің көмегіне зәру болмауы керек. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастырып, олардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – біз құрып отырған қоғамның басты міндеті. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Нұрбек Алтынбеков, облыста ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігі бағытында жұмыс жүйелі жүргізіліп келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, межеленген жоспар бойынша осы жылдың соңына қарай стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 60 пайызды құрауы тиіс екен. – Осыған байланысты облыс бойынша 2021-2025 жылдары 1295 нысанды бейімдеу, ал келер жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу, ал республика бойынша – 4 400 нысан. Тараз қаласы мен аудандарда 2023 жылдың 1 маусымына бейімдеу жұмыстары 42 нысанда толығымен аяқталды (Тараз қаласында 28 нысан, Қордай ауданында – 10, Меркі ауданында – 1 және Талас ауданында – 3). Сонымен қатар 112 нысанға 146264,2 мың теңге қаржы бөлініп, бейімдеу жұмыстарын жүргізу мақсатында тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Нұрбек Ратбекұлы. Осы орайда біз инклюзивті қоғам қалыптастыруда Талас ауданы қандай шаруалар атқарып жатқанына назар аудардық. Осы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақсат Рысбаев ауданда 1 665 мүгедектігі бар адам тұрып жатқанын айтады. Оның ішінде І топ – 141, ІІ топ – 574, ІІІ топ –776 және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны 174-ті құрайды. Бұл жалпы халық санының 6,5 пайызы. Оның ішінде 154-і 16 жасқа дейінгі балалар екен. Әлбетте, олардың тағдыры әртүрлі, біреуі туабітті кемтар атанса, енді біреулері тағдырдың тәлкегін жүре келе бастан кешіріп отырғандар. Аталған бөлім басшысы осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету бәріміз үшін ортақ парыз екенін атап өтті. – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларынан туындаған міндеттерге сай елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары – адам капиталын дамыту, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар, ең алдымен, жұмыспен қамтуды сақтау, табыс деңгейін арттыру, халықтың аса әлсіз санатын әлеуметтік қорғауға бағытталған. Бүгінгі таңда мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерін шешу және әлеуметтік жағдайын жақсарту – күн тәртібіндегі басты мәселе. Мүгедектігі бар азаматтарды қорғау шаралары «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Кодекс негізінде бастап қолданысқа енгізіледі. Осы ретте нысандарды ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолайлы етіп бейімдеу бағытындағы жұмысты сөз етсек, ол ауданда жүйелі қолға алынуда. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 14 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жүзеге асыру туралы» №213 қаулысына сәйкес, аудандағы барлық 110 мекемеге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, оның 95-іне бейімдеу жұмыстарын жүргізу жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілген. Атап айтатын болсақ, мүгедектігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасау, қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолжетімділікті қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Тағдырдың жазуымен тауқыметке тап болған қоғамымыздағы мүгедектігі бар жандар қай уақытта да жәрдемге мұқтаж. Мемлекет тарапынан әлеуметтiк қамсыздандыру жұмыстары тұрақты түрде қарастырылып келе жатса да олардың қарапайым тiршiлiк барысында жүрiп-тұруы, қоғамдық орындарды еркiн аралауы, тiптi денi сау адамдармен бiр қатарда өмiр сүруiне әлi де баса назар аударуымыз қажет. Талас ауданы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы 84 және 85-тармақтарын орындау барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру үшін ауданда 95 нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізуді 2021-2025 жылдар аралығында толық аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңда барлығы 41 нысан толық бейімдеу жұмыстарын аяқтаған, бұл 2021-2025 жылдарға жоспарланған 95 нысанның 43,2 пайызын құрап отыр. Бейімдеу жұмыстары үшін 2021 жылы 19 нысанға 13137,0 мың теңге, былтыр 19 нысанға 11969,0 мың теңге қаржы қаралып, бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл 19 нысанның 3 нысаны бейімдеу жұмыстарын жүргізіп, қалған 16 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қолжетімді орта құру мақсатында қажетті қаражат қарастыру үшін өтінімдер берілуде. Қазіргі заманның талабына сай мемлекеттік мекеме нысандары мен жеке кәсіпкерлік нысандары мүгедектігі бар азаматтар үшін ғана емес, қоршаған ортаның барлық тұрғындары үшін жайлы болуы тиіс. Өкінішке қарай, ауданда кейбір мекемелерде орнатылған пандустары стандартқа сәйкес келмейді. Атап айтар болсақ, табалдырықтары биік, тұтқалары стандартқа сәйкес емес, тактильді жолақтары жоқ, арнайы автотұрақтары қарастырылмаған, әжетханалары бейімделмеген. Осы айтылған кемшіліктер бойынша тиісті мекеме басшыларына стандартқа сәйкестендіру жөнінде ескерту түрінде бірнеше рет хат жолданды. Алдағы уақытта да бұл бағытта жұмыстар жүргізу басты бағытымыздың бірі болып қала береді. Сол үшін әр мекеме басшысы өзі басқарып отырған мекеме орналасқан нысанның адамдарға жайлы болуын ескере білсе, жүріп-тұруы қиын, арбаға таңылған мүгедектігі бар жандар ғана емес, сол мекемеге келетін басқа азаматтар да сол басшыға рақметін айтар еді. Осыны түсінсе дейміз, – деді ол. Талас ауданында ерекше қажеттілігі бар азаматтарды оңалтумен және олардың қоғамға жан-жақты бірігуіне бағытталған жұмыстар да жүйелі жүргізіліп жатыр екен. халықтың мұндай топтағы азаматтарына көрсетілетін әлеуметтік қызметтің барлық түрлері медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімдерінің мүгедектігі бар адамдарға ұсынған жеке оңалту бағдарламасының негізінде жүзеге асырылып жатса керек. Ол – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту, мүгедектігі бар адамдардың тіршілік-тынысының шектелуін жеңіп шығуы үшін жағдай туғызу, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне жағдай жасау. – Осы бағыттағы шаралар кешені «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 165 бұйрығына сәйкес азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жалғызілікті, жалғыз тұратын қарттарға, бөгде адамның күтіміне және жәрдеміне мұқтаж мүгедектігі бар азаматтарға және мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсетуге 65 миллион теңге қаралып, 82 қартқа, 18 жастан асқан 51 мүгедектігі бар ересек азамат пен 32 мүгедек балаға, барлығы 165 адамға үкіметтік емес ұйымдар үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде. Аталған бөлімшеде 2 меңгеруші 36 үйде әлеуметтік қызмет көрсету қызметін атқарады. Ауданда «Жамбыл облысы мүгедектерін әлеуметтік қорғау» қоғамдық бірлестігі келісімшарт негізінде инватакси арнайы бейімделген автокөлік қызметін І, ІІ топтағы, мүгедектігі бар балаларды, жүріп-тұруы қиын, арбада отыратын жандарды жұмыс орнына апарып, алып келеді. Сондай-ақ уәкілетті және орындаушы орган санатындағы сот, прокуратура және әлеуметтік сала объектілері, әділет басқармасы, нотариус, медициналық мекемелер, автовокзал, арнайы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерге тасымалдайды. Инватакси қызметіне 10,4 миллион теңге бөлініп, 1 арнайы бейімделген автокөлік және 1 жеңіл автокөлік аудандағы 48 ерекше қажеттілігі бар адамға қызмет көрсетуде. Инватакси қызметін пайдалану бойынша хабарландырулар аудандық «Талас тынысы» газетіне, мекеменің әлеуметтік желідегі «Facebook», «Instagram» парақшаларында жарияланып, қала көшелеріне хабарландырулар ілінді. Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудағы атқарған жұмыстар әлеуметтік қызмет көрсету мекемелер жүйесін көбейтуге, мүгедектігі бар адамдардың жеке қажеттілігін ескере отырып, техникалық құралдармен қамтамасыз етуге, жергілікті санаторлы-курорттық мекемелерде денсаулығын сауықтыруға мүмкіндік туғызды. Облыстық бюджеттен мүгедектігі бар адамдарды кресло-қорап, емдеу-сауықтыру, протез-ортопедиялық, тифло-сурдо құралдармен қамтамасыз ету тоқтаған емес. Мәселен, осы жылы жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес тиісті әлеуметтік оңалту құралдарға мұқтаж 612 мүгедек тиісті бұйымдарменен қамтылып отыр. Атап айтқанда, барлығы жоспарланған 140 санаторлы-курорттық жолдаманың ішінде бүгінгі таңда 24 мүгедек жолдамалармен қамтылып, барып ем қабылдаса, 25 есту қабілеті нашар мүгедек сурдотехникалық құралдармен, 52 көру қабілеттері нашар мүгедек тифлотехникалық құралдармен, 114 протез, ортопедиялық құралдармен, 401 міндетті гигиеналық құралдармен, 20 жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедек қоларбалармен қамтылды, – дейді М. Рысбаев Жыл басынан 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Талас ауданы бойынша 104 ерекше қажеттілігі бар адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Оның ішінде 16-сы тұрақты жұмысқа тартылған. Ақылы қоғамдық жұмысқа – 24, жастар практикасына – 1, күміс жас жобасына – 1, әлеуметтік жұмыс орындарына 2 адам жолданған. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 49 адам оқып, сертификат алса, 11 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізіпті. Аудан әкімдігімен арнайы мүмкіндігі шектеулі жандарға бекітілген квота аясында 7 орын белгіленіп, бүгінгі таңда 1 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Талас ауданын сөз етуіміздің басты себебі – ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін нысандарды бейімдеу, олардың тәуір тұрмыс кешуіне жағдай жасау барысын саралау. Өйткені Тараз қаласына тиіп тұрған Жамбыл ауданында биыл жоспар бойынша 17 нысан бейімдеуді қажет еткенімен, алайда қаржы қарастырылмапты. Аталған аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Шаттық Қарашолақовтың айтуынша, бірнеше жылдан бері нысанды бейімдеуге қаржы қарастырмай отырған мекемелердің бірі – «Қазпошта» акционерлік қоғамының, «Halyk bank»-тің аудандағы филиалдары көрінеді. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, олардың бас кеңселері облыс орталығында болғандықтан олар ауданда қолжетімді орта құру ісіне бас ауыртқысы келмей отырған болар. Дегенмен «Қазпошта»-ның да, «Halyk bank»-тің де халықтың арқасында қаржы тауып отырғанын етеріне салатын кез келген секілді.

Заң не дейді?

Жалпы мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыруға құлықсыздық танытқандармен Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті айналысатыны белгілі. Осы департаменттің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Биғайша Ахметовадан былтыр және биыл нысандарды бейімдеу бағытында қандай шаруалар атқарылғанын сұрадық. Ол «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша бекітілген жол картасының 84-тармағына сәйкес облыс бойынша әр жыл сайын 259 нысан бейімделуі қажеттігін айта келе, келеңсіздікке жол беріп отырған мекеме немесе жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылып жатқанын сөз етті. – 2005 жылы «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау» туралы Заң қабылданды. 2008 жылы ҚР Біріккен Ұлттар Ұйымының «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға» қосылып, 2015 жылы оны ратификациялады. Қазіргі уақытта конвенцияға 196 мемлекет пен Еуроодақ елдері қосылды. ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 37-бабына сәйкес, мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды өңірімізде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті жүзеге асырады. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау шараларын жергілікті жерлерде жүргізу үшін 2016 жылдың сәуір айынан бастап департаменттің құрамында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімі ашылып, қызмет атқарып келеді. Өткен жылы біздің тарапымыздан 69 тексеру жүргізілді, оның 52-сі бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу. Жоспардан тыс тексерулер – 17. Тексеру кезінде 40 субъектіге анықталған кемшілікті жою туралы ұйғарым шығарылды. Берілген құқықбұзушылықты жою туралы ұйғарымды орындамағаны үшін Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылдық округі әкімінің аппараты, Байзақ ауданы білім бөлімінің Юрий Гагарин атындағы орта мектебі, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының Жуалы аудандық орталық ауруханасы, Тұрар Рысқұлов ауданының Тереңөзек ауылдық округі мен Абай ауылдық округі әкімінің аппараты мекемесіне сот арқылы 827 010 теңгеге айыппұл салынды. Меркі аудандық прокуратурасының заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсынысы бойынша 5 лауазымды адамға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 83-бабының 1-тармағы бойынша хаттама толтырылып, 382 875 теңгеге айыппұл салынды. Мүгедектігі бар адамның шағымы бойынша – 1 заңды тұлға, яғни «INVIVO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 83-бабының 1-тармағы бойынша толтырылған хаттамаға сәйкес 612 600 теңгеге айыппұл арқалады, – дейді Биғайша Керімжанқызы. Мұндай тексеру осы жылдың бірінші жартыжылдығында да жүргізілген. Нақты айтқанда, профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізу үшін 16 мекеменің тізімі бекітіліпті. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 14 тексеріс жасалыпты. – Жүргізілген тексерудің 11-і жоспарлы, 3-еуі жоспардан тыс. 14 тексеріс нәтижесінде 11 субъектіге (объектіге) анықталған құқықбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды. Тексеріс нәтижесінде 36 кемшілік анықталып, оның біреуі орындалды. 3 жоспардан тыс тексерістің ішінде құқық қорғау органдарына, яғни сотқа жіберілген материал саны – 2. Оларға мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласында, яғни мүгедектер үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін, мәдени-ойын-сауық ұйымдарын және спорт ғимараттарын қолжетімді етпеу бойынша айып тағылып отыр. Салынған әкімшілік айыппұлдардың сомасы 241 500 теңгеден екі нысан үшін 483 000 теңгені құрап, толық өндірілді, – дейді Б.Ахметова. Инклюзивті қоғам қалыптастыру нысанын ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнап бейімдей алмай отырған, бұл бағытта қаржы бөлуге қиналған мекеме басшылары кімнен не күтіп отырғаны түсініксіз. Мүмкін кемшілікке сай жаза қолданылып, айыппұл арқалағаннан кейін ғана қимылдайтын болыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ