Ерікті донорлық – ерліктің үлгісі
Ерікті донорлық – ерліктің үлгісі
– Түсіне білгенге донор болу- ерлікпен пара-пар іс. Патриоттықтың жарқын үлгісі. Осы орайда 18 жастан асқан, денсаулығы жақсы, салмағы елу келіден жоғары кез келген азамат донор бола алады. Жыл сайын облыстық қан орталығына қан тапсыру үшін 15 000-нан астам адам жүгінеді. Қан донациясы 100 пайыз ерікті және өтеусіз негізде жүргізіледі. Бірінші рет қан тапсыруға келген және донациялауға жіберілген бастапқы донорлардың үлесі шамамен 29 пайызды құрайды. Олардың саны – 3-4 мың адам. Ал қалған донорлар 1-3 жыл ішінде 1 рет қайталап келетін қайталама донорлар санатына жатады. Бұл шамамен 69 пайыз. Олар – 7-8 мың донор. Жылына 3 немесе одан да көп рет қан тапсыруға дайын тұрақты донорлар саны 2 пайызды құрайды, бұл шамамен 250 адам. Жамбыл облысы бойынша 1000 тұрғынға шаққанда қан мен оның компоненттерін донациялау үлесі орта есеппен 8,7 пайыз (8 қан донациясы), республикалық көрсеткіш – 12 пайыз (12 донация) шамасында. Бізде бойында дерті бар адамдардың тізімі енген республикалық база жұмыс істейді. Мәселен, бұрын психикалық-наркологиялық диспансерде емделген немесе тері ауруымен, онкологиялық ауру секілді басқа да дертпен ауырған адам сол базада қызыл тізімде көрініп тұрады. Ол донор бола алмайды. Алдын ала кез келген азаматтың қаны сынақтан өтеді. Қан құрамы таза, талапқа сай болса ғана оның қан тапсыруға мүмкіндігі бар. Тағы бір айта кетер жайт, базбіреулер кешке жақын спиртті шімдік, ащы, майлы тағам тұтынса немесе оның ұйқысы түнде қанбаған болса, олардан қан алынбайды. Өйткені қан – тірі ағза. Ал ол сапалы болуы шарт. Біз денсаулығы жақсы донордың қанын өңдеп, одан сапалы компонент шығарамыз. Былайша айтқанда, қан тапсырушының ұйқысы қанық, жүйкесі тыныш, өз еркімен қан тапсыруға келген адам болуы керек. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». егер біреудің бір жақыны қиындыққа тап болса, оған шұғыл қан құю қажеттігі туындаса, олардың жақыны, жанашырлары, отбасы келіп, олардың арасында денсаулығы жарамдылары қан тапсырып жатады. Осы жылы қан орталығының ресми сайтында «Донордың жеке кабинеті» опциясы орнатылып, іске қосылды. Оған донор өзінің жеке ұялы телефон нөмірі арқылы кіре алады. Жеке кабинетте ол зертханалық нәтижелер, қан тапсыруға немесе терапевтке донацияға жазылуға қатысты ақпараттармен таныса алады. Сайт тәулік бойы қолжетімді. Бүгінде гемопоэтикалық дің жасушаларының доноры бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Қазақстан бойынша Астана қаласындағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының базасында 2012 жылдан бастап гемопоэтикалық дің жасушалары донорларының бірыңғай ұлттық базасы жұмыс істейді. Бұл қанның қатерлі аурулары кезінде емделуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін, қарқынды дамып келе жатқан индустрия. 2023 жылы барлық қазақстандық донорлар WMDA дерекқорына енгізілді. Оның ішінде біздің өңірден 951 донор аталған базаға тіркелген. Қан орталығы донордың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау саясатын жүргізеді, қан донациясының барлық кезеңдерінде донор туралы ақпараттың құпиялылығы қатаң сақталады. Біздің тарапымыздан донорлармен арада жүргізіліп жатқан жұмыстың бір парасы осындай. Жалпы жыл сайын донорлар күніне орай әр алуан ұранмен қан тапсыруға жұртшылық шақырылады. Мысалы, биыл қан тапсыру «Қан тапсырыңыз, плазма беріңіз, адамдарға өмір сыйлаңыз және оны жиі жасаңыз» атты ұранымен өтеді. Күні кеше ғана өңірлік коммуникациялар қызметінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, Тараз қаласындағы «MART» ойын-сауық, сауда орталығында ерекше форматтағы ауқымды шара ұйымдастырдық. Мереке аясында қарлығаштың қанатымен су сепкендей қамқорлық танытып, қайырымдылық жасауға асығып тұратын донорлар мен бірқатар мекемелерді марапаттап, құрмет көрсеттік. – Жалпы мекемеде жылына қанша литр қан дайындалады? Донорлық қанның компоненттерін әзірлеу және зерттеу барысында қандай әдістер қолданылады? – Негізінде жоспар бойынша жылына 7 мың литрден астам қан дайындалады. Мүмкіндік одан да жоғары, кейде одан да аз дайындалуы ықтимал. Бірақ біз қанша литр қанға тапсырыс түседі, соны ғана дайындаймыз. Өйткені қан компоненттерінің өзінің белгілі бір мерзімі бар. Қан компоненті артық дайындалып қойса, ол кәдеге аспай қалады. Сондықтан тапсырысқа қарай дайындалады. Жалпы біздің мекеме жылына қанның әртүрлі компоненттерінің шамамен 25 000 мың дозасын дайындайды. Өткен жылы 10 030 доза құрамында эритроциттер бар компоненттер, 1 112 доза аферезді вирусиноктевирленген тромбоциттер, 10 152 доза плазма, 1 250 доза криопреципитаттың барлық түрі, 2 361 доза пулулирленген плазма әзірленді. Қан компоненттерін дайындау және зерттеу жұмысында жаңа, яғни заманауи әдістер қолданылады. Біз шығарылатын гемоөнімнің сапасын жақсарту бойынша озық технологияларды үнемі зерделеп отырамыз. Бұл тұрғыда қан компоненттерін дайындаудың неғұрлым жетілдірілген бағыттары, донорлардың қанын дегликиролизациялау және гликиролизациялау әдісімен қалпына келтірілген криоконсервіленген эритроциттер, пулирленген тромбоциттер енгізілуде. Соңғы жылдары емдеу ұйымдарында плазманы, криопреципитатты және тромбоконцентратты тұтынудың 30 пайызға артуының тұрақты үрдісі байқалды. Бұл жиі акушерлік-гинекологиялық қан кетулердің, гематологиялық науқастарда жедел жаппай қан кетулердің жол-көлік оқиғаларындағы түрлі жарақаттардың ұлғаюына байланысты. Осы жылы барлық түрдегі қан компоненттері 2021 жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға (649 доза) артық берілді. 2022 жылы 9 270 доза құрамында эритроциттер бар компоненттер, 1087 доза аферезді вирусиноктевирленген тромбоциттер, 6 499 доза плазма, 1 275 доза криопреципитат, 119 доза лейкомасса дайындалды. Жамбыл облысы бойынша жалпы сырқаттанушылық 2022 жылы 11,4 пайызға өсті. Қазіргі уақытта республика бойынша қан қызметін 19 ұйым жүзеге асырады. Оның ішінде екеуі республикалық бағыныстағы мекеме, яғни Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы, Республикалық қан орталығы. Сонымен қатар 15 облыстық қан орталығы және Алматы мен Шымкент қаласының қан орталығы жұмыс істейді. – Зертханалық диагностика жайлы не айтасыз? – Барлық донорлық қан IHL және зертханалық диагностиканың ПТР тексеруінен өтеді. Бұл екі сатылы скрининг. Зерттеулер «Abbot» (АҚШ), «Roch» (Франция), «Орто Clinic» (АҚШ), «Human» (Германия) және тағы басқа жетекші шетелдік компаниялар жеткізетін жоғары дәлдіктегі автоматтандырылған жабық типтегі жабдықта жүргізіледі. Қан сынау бөлімшесі жылына 250 000-нан астам зертханалық зерттеулер жүргізеді. Оның ішінде жылына 2 рет талдау нәтижелерінің дәлдігіне, дұрыстығына және жинақтылығына сапаны бақылауды республикалық бағалауға қатысады. Осы жылы нәтижелердің сәйкестік рейтингі 100 пайыз, яғни өте жақсы деген бағаны көрсетті. Өткен жылғы желтоқсаннан бастап, нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, донорлық қанның инфекциялық скринингінде В гепатитіне жаңа зерттеулер енгізілді, осыған байланысты қан дайындау қауіпсіздігі одан әрі арттырылды. Облыстық қан орталығы 2023 жылдан 2026 жылға дейін қалпына келтірілген тромбоциттер, криоконсервіленген эритроциттер дайындауды және өткізуді жоспарлап отыр. Бұл шалғай аудандарда оларды қорда ұстауға және жаңа туған нәрестелер мен 3 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ жүкті және босанған әйелдерге құюға үлкен мүмкіндік береді. – Емдеу мекемелерін қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етудегі байланыс жайлы айта отырсаңыз. – Қан орталығы 24 емдеу-профилактикалық ұйымды қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Олардың арасында С.Жошыбаевтың кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы және «Жүрек» кардиохирургия клиникасы бар. Соңғы 3 жылда медициналық ұйымдарда қанның әртүрлі компоненттерінің шамамен 51 мың дозасы құйылған 10 мыңнан астам пациенттің өмірі сақталды. Облыстың емдеу-алдын алу мекемелері бойынша «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бағытында 100 пайыз «Info Blood» ақпараттық жүйесі орнатылған. Ол қан орталығының мамандарына күн сайын гемоөнімдерді ұтымды пайдаланылуына бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Кәсіпорында «Қан менеджменті» бағдарламасы жұмыс істейді. Ол критерийлерге сәйкес төмендемейтін қан қорын реттеуге және қалыптастыруға бағытталған. Клиникалық трансфузиологияның жұмысын мониторингтеу үшін қан орталығының мамандары өңірлердің медициналық ұйымдарына тұрақты негізде барады. Жергілікті жерлерде трансфузиологтар, реаниматорлар, хирургтар мен гинекологтар үшін оқыту семинарлары тұрақты өткізіледі. Осы жылдың сәуір айында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен медициналық ұйымдардың 17 клиникалық дәрігерлерінен құралған топ әлемдік тәжірибе алмасу, трансфузиялық көмек көрсету бойынша білімдерін жетілдіру үшін Астанаға «Трансфузиялық терапияның өзекті мәселелері» атты XI Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Сондай-ақ онлайн форматта 102 дәрігер қатысып, барлығы сертификат алды. – Белгілі бір медициналық мекемелермен бірлесе емдеу-алдын алу шараларына қатысып тұрасыздар ма? – Әлбетте. Облыстық қан орталығы бірлесіп орындау шарттары бойынша, атап айтқанда, жүктілік кезіндегі асқынуларды азайту және жаңа туған нәрестелерде гемолитикалық аурудың пайда болуының алдын алу үшін жоғары қауіп тобына жататын жүкті әйелдерді тексеру бойынша медициналық қызметтер көрсетеді. Жылына 9,5-10 мыңға жуық жүкті әйел тексеріледі. 2018 жылдан бастап ағзаларды трансплантациялау жүргізілген пациенттер үшін (облыс бойынша 100-ден астам адам) қан сарысуындағы дәрілік заттарды анықтаймыз. Бұл трансплантацияланған органның (бүйрек, жүрек, бауыр) тежелуін болдырмауға көмектеседі. – Донорлық қозғалысты арттыруда өз еркімен қан тапсыратын жекелеген адамдардың тигізер көмегі көп қой. Дегенмен сіздерге тұрақты түрде қолдау көрсетіп отырған қандай мекемелердің атын атар едіңіз? Жалпы елді донорлыққа шақыру ісі қалай жүргізіледі? – Қан орталығының маңызды міндеттерінің бірі – өтеусіз қан тапсыру туралы халықты барынша кеңінен құлағдар ету. Қан орталығы күн сайын барлық жаңалықтарды, құттықтауларды әлеуметтік желілерде орналастырады. Жылына 2500-ден астам жарияланым жарық көреді, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында донорлықтың пайдасы туралы мақалалар жазамыз, облыстық телеарнада және радиода сұхбат береміз. Осы орайда «AR-AI» газетінің де ақпараттық қолдауын айқын сезініп отырмыз. Донорлықты танымал ету мақсатында қан орталығы базасында тұрақты түрде «Донор күні» акцияларын үнемі өткіземіз. Өңірлер бойынша көшпелі жиындарды ұйымдастыруға «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жан-жақты көмектесуде. Өткен жылы 14 маусымда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және «Қызыл Жарты Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы арасында аймақта өтеусіз донорлықты дамыту және танымал ету үшін үшжақты меморандум жасалды. Өтеусіз донорлықты дамытуға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік және жеке компаниялардың қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері мен еріктілері, сондай-ақ жоғары білім беру мекемелерінің студенттері көмектесуде. Осы орайда біздің тұрақты серіктес ұйымдарымызға үлкен алғыс білдіріп, рақмет айтқым келеді. Атап айтқанда, «Облыстық обаға қарсы станциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, облыстық полиция департаменті, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, төтенше жағдайлар департаменті тарапынан қолдау көп. Әрине, біздің облыстық және қалалық медициналық мекемелеріміз, аудандық орталық ауруханалар – қан компоненттерін ең маңызды тұтынушылар. Осы айтулы күні үнемі өз еркімен, тегін қан тапсыратын адамдарға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Қан тапсыру донордың өзі үшін де пайдалы екенін тағы бір рет атап өту маңызды. Көптеген өркениетті елдерде қан тапсыру салауатты өмір салтының ажырамас атрибутына айналған. Ғалымдардың пікірінше, үнемі қан тапсыру иммундық жүйе ауруларының алдын алуды қамтамасыз етеді, жүрек-қантамырлар ауруларының ықтималдығын азайтады. Сонымен қатар тұрақты донация ағзаны жасарту бағдарламасын іске қосады. Статистикалық мәліметке сәйкес, донорлар орта есеппен басқа азаматтарға қарағанда бірнеше жыл ұзақ өмір сүреді. Қан – бұл адамның басқа адамға бере алатын ең құнды дүниесі. Бұл – өмір сыйы. Өтеусіз донор болу – азаматтық және адами ынтымақтастықтың бір түрі. Донорлық қозғалысқа қатысу – гуманизмнің, мейірімділік пен патриотизмнің үлгісі. – Сіздің денсаулық сақтау саласынан бөлек, партия жұмысында да, саяси жүйеде де айтарлықтай тәжірибеңіз бар. Тәуелсіздік жылдары партиялық жүйе қай деңгейде дамыды, осы жөнінде әңгіме өрбітсеңіз... – Партиялық жүйе туралы сөз қозғасақ, өткен күндерге біраз шегініс жасауға тура келеді. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаш жариялағаннан кейін көппартиялық жүйенің қалыптасу кезеңінің бастапқы сатысында тұрды. Жалпы партиялардың рөлінің күшеюі әлеуметтік топтардың саяси бағыттарына және әлеуметтік-экономикалық реформаларға ықпал ете алуымен құнды. Партиялық жүйенің бүгінгі жемісі – біз құрып отырған қоғамда саяси қозғалыстың болуы. Мәселен, партиялық жүйе, билікке, оның ішінде Үкіметке зор ықпал жасай отырып, мемлекеттік жүйенің нығаюына барынша үлес қосты. Қысқаша айтқанда, партия болмаса азаматтық қоғамның, мемлекеттің дамуы мүмкін емес. Мемлекет дамуы үшін сол мемлекетте адамдары, яғни тұрақты мүшелері бар партия болуы керек және ол партия мықты болуы қажет. Біздің қазіргі жеткен жетістігіміз, мемлекетте болып жатқан өзгерістер осы партиялық жүйенің жемісі. – Кезінде «Жас Отан» жастар қанатының сапында жүрдіңіз. Бүгінде елдегі жетекші партияның облыстағы филиалында партиялық бақылау комиссиясының төрағасысыз. Осы уақытқа дейін қандай ауқымды мәселелер қаралды, қоғам, ел мүддесі үшін өзіңіз билікке қандай ықпал жасадыңыз? – Жас кезімізде белсенді болдық. Алдымен «Жас Отанда» жүріп тәжірибе жинақтадық, саяси мектептен өттік, көзге түстік. Одан кейін қазіргі «AMANAT» партиясының мүшесі болдым. Жаңа айтқанымдай, қоғамда енгізіліп жатқан өзгеріс, орын алып жатқан жаңашылдық партияның пәрменімен жүзеге асырылды. Тәуелсіздік жылдарынан бері талай татымды тірлік атқарылды. Мәселен, кез келген партия халықтан тұрады. Ал партия халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселесін шешумен айналысады. Осы уақытқа дейін өңір тұрғындарын сан мәрте жеке сұрақтарымен қабылдадық. Сол кезде жұртшылықтың көтерген мәселелерін партия мүмкіндігінше шешіп беруге көмектесті. Көтерілген мәселе жергілікті жерде шешімін табатын болса, мейлі, ал түйткіл республикалық деңгейде болса ҚР Парламенті Мәжілісіндегі әріптестерімізге халықтың уәжін жеткізуге тура келеді. Осы секілді жалғыз «AMANAT» партиясы ғана емес, өзге де партия мемлекеттің дамуына барынша ықпал етіп келеді. Жақында Жамбыл ауданындағы бір елді мекеннің ауызсу мәселесін шешіп бердік. Анығын айтқанда, өзім партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болғандықтан әлеуметтік салаға қатысты түйткілдер маған жақсы таныс, барынша мәселені қадағалап, істі аяғына дейін жеткіздік. Партияның пәрмені жайлы айтар болсақ, Тараз қаласында жыл өткен сайын халық көбейіп келеді. Көлік ағыны да көп. Абай даңғылы облыс орталығындағы ең ұзын көше. Осы көшенің басы автобекетке жетпей теміржолға тіреліп тұр. Жолды автовокзалға қосу үшін теміржолдың үстінен өтетін көпір керек. Осы секілді шаһардағы тағы да басқа теміржол үстінен өтетін көпірлер мәселесі партияның күшімен шешілді. Бұдан бөлек оңалту орталығын ашу, жаңадан мектеп салу мәселесін көтеріп, халық оның игілігін көруде. Мен сізге бір мысал айтайын, былтыр облыс әкімі Нұржан Нұржігітов есеп бергенде Қордай ауданындағы Бәйтерек деген ауылда мектеп оқушылары контейнерде сабақ оқып жатқанын мәселе етіп көтердім. Мектепке оқушылар сыймағаннан кейін тұрғындар ортадан қаржы жинап, контейнер сатып алған екен. Ал мына заманда балалардың контейнерде сабақ оқуы санаға сыймайды. Нұржан Молдиярұлына осы жайттан хабары бар-жоғын сұрап, сол мектепті өзі барып көруіне өтініш жасадым. Облыс әкіміне рақмет, бір күннен кейін аталған ауданға барып, мәселенің мәнісіне көз жеткізіп, биыл сәуір айында жаңа мектеп құрылысы қолға алынды. Бұл жерде депутат мәселе көтерді, ол назарға алынып, жергілікті билік тарапынан шешімін тапты. Халық игілігі үшін қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы өзгеге үлгі болу деген, меніңше осындай. –Сізді толғандырып жүрген, «халық үшін осы мәселе шешімін тапса» деген тағы қандай түйткіл бар? –«AMANAT» партиясының облыстағы филиалы арқылы әлеуметтік салаға бақылау жасайтын болғандықтан жергілікті жердегі жағдай көз алдымызда. Бүгінде мектептің, мектепке дейінгі мекемелердің білім сапасы, жолдың жағдайы, газ, ауызсу, ағын су секілді кез келген мәселеге жіті қанықпыз. Дегенмен мұның кейбірі жергілікті жерде рет-ретімен шешімін таба береді. Мысалы, диқан мол өнім алуы үшін ағын су ауадай қажет. Біршама жылдан бері жөндеу жүріп жатқан, бірақ іс яғына жетпеген каналдар бар. Осындай каналдар арқылы келетін ағын суға «Қазсушар» деген республикалық мекеменің өңірдегі филиалы жауапты. Бірақ оның басшылығы Астанада отыр. Облысқа бағынбайды. Біз осыған қатысты мәселені Мәжіліс депутаттарының назарына жеткіздік. Мұндай іс осылай да шешімін табар. Бірақ заңға қатысты да мәселе бар. Ол тек заңға өзгеріс енгізу арқылы реттеледі. Мәселен, қазір мектеп, емхана секілді әлеуметтік нысан салынатын болса, конкурс өткізу, мердігерді анықтау немесе құрылыстағы олқылыққа қатысты мердігерлермен соттасу деген үдерістер көп уақыт алып жүр. Мысалы, тапсырыс беруші тарап мердігермен соттасып, соттың шешімін күтіп жүргенде арада екі ай уақыт өтіп, жаз аяқталады. Халық олардың дауласып жатқанынан хабарсыз болғандықтан «мына нысанның құрылысы тоқтап тұр» деп даурығады. Жақында ҚР Әділет министрлігіне соттасу мерзімінің уақытын қысқарту туралы мәселе көтердім. Сот шешімді қысқа мерзімде шығаратын жолын қарастыру керек. Нақты айтар болсам, бұл жерде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды қайта қарап, оған өзгеріс пен толықтыру енгізу жөнінде ұсыныс жасадым. Мұндағы басты мақсат – заңнан аттай алмай салымыз суға кетіп жүргенше, оны халық игілігіне ыңғайлау. – Негізгі қызметіңізден бөлек, облыста еңбек даулары жөніндегі комиссияның да мүшесісіз. Әлеуметтік желіде байқасақ, белсендісіз. Қазіргідей уақыт тапшы заманда Қазақстан халқы Ассамблеясының, партияның мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға қалай үлгеріп жүрсіз? – Адам бір өзі көп ауқымды тірлікті еңсере алмайды. Бұл жерде кез келген іс көптің күшімен шешіледі. Ол ұжым, ол топ, ол әріптес, ол ниеттес адамдардың тізе қоса қимылдауының нәтижесі. Адам көп іс атқаруы үшін күндік жоспары болуы керек. Жоспарсыз мемлекет те, қоғам да дамымайды. Сол секілді мен бұрыннан күндік жоспармен жұмыс істеймін. «Ертең мына уақыт аралығында мына тірліктерді бітіруім керек» деп әрқайсысының уақытын белгілеймін. Әр тірлікті рет-ретімен, өз уақытында атқарсаң, көптеген істі тындыруға болады. Мен өзім ғана емес, әріптестерімді де істі осылай жоспарлап атқаруға әрдайым шақырып отырамын. Мысалы, жыл сайын жаңа жыл қарсаңында ұжым мүшелеріне бір-бір кітап пен күнделікті сыйға тартамын. Біріншіден, кітап оқыған адамнан жамандық шықпайды, және көңіл көкжиегі кеңейеді, өмірге айрықша сезіммен қарайды. Ал күнделік жұмысын жоспарлау үшін керек. Күнделікті жұмыс жоспары дегеніміз – қазіргі «тайм менеджмент». Осы үрдіске бала-шағамды да бойұсындырудамын. Бастысы уақыт текке кетпейді. – Бүгінде емдеу мекемелері сенімгерлік басқаруға берілуде. Бұл реформа дұрыс па? – Қазақстан нарықтық экономикада. Біз нарықтық экономикадан капитализмге ойысып бара жатырмыз. Бұл дұрыс емес. Негізінде мемлекетке шығын алып келетін нысандар сенімгерлік басқаруға берілуі керек. Ал тұрғындарды жылумен, сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар нысандарды жеке қолға өткізуге болмайды. Одан басқа нысандардың қандай адамға, қандай қолға өтіп жатқанына мұқият мән беруіміз керек. Қандайда бір әлеуметтік маңызы бар нысанды сенімгерлік басқаруға алған адамның мақсаты, көздегені қандай жолмен болса да ақша табу, қолда бар дүниені талан-таражға салу, баю, тонау болса, бұл жақсы емес. Ал жалпы медициналық мекеме, кәсіпорын секілді нысандар сенімгерлік басқаруға берілсе, мемлекет осы арқылы қомақты қаржы үнемдейді. Оны өз жауапкершілігіне алған тұлға инвестиция құяды. Бір шетелдің қалталы азаматына біреу «Сіз қалай байыдыңыз?» деп сұрақ қойса, ол: «Ең алдымен, адамға идея керек, одан кейін ақша өзі-ақ келеді», депті. Расында да ақша адамға келеді, кетеді. Ал кімде-кім мол табыс табуды ойлап, дүниенің соңына түссе, ал халық одан зиян шегіп жатса, бұл әділетсіздік болады. Менің әріптестерімнің ішінде № 6 қалалық емхананы жекешеге алып, сол медициналық мекемені аяғынан тұрғызғанын, оны дамытып жатқанын жақсы білемін. Қазір өз қаржысына жаңадан үлкен емхана салып жатыр. Халыққа лайықты нысанда, заманауи құрал-жабдық арқылы сапалы медициналық көмек көрсетілсе, одан артық не керек? Сондықтан қолынан іс келетін, өзі менеджер адамдарға мұндай нысандарды берудің артықшылығы көп. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ