Жаңалықтар

ЕУРОПА ҚАЗАҚТАРЫ КЕЛЬНДЕ БАС ҚОСТЫ

ЕУРОПА ҚАЗАҚТАРЫ КЕЛЬНДЕ БАС ҚОСТЫ

Еуропаның түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қазақтар жуырда Германияның Кельн қаласында бас қосты. Құрылтайда кезінде түрлі себептермен шетел асқан қазақтар ұрпағының ана тілі мен мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтар мәселесін талқылап, пікір алмасты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын құрылтай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауымен басталды. Мемлекет басшысының ыстық ықыласын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізіп, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы айтып берді. «Мемлекет басшысы Германия еліндегі құрылтайға сәттілік тілеп, арнайы құттықтауын жолдады. Шетелде жүрсеңіздер де ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін бар мүмкіндіктеріңізді сарп етіп жұмыс істеп жатырсыздар. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Біз үнемі сіздерге тілеулеспіз. Әр кез қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Мәлік Отарбаев. Ал Кельндегі Қазақ мәдени орталығының төрағасы Сәдия Сүрер биылғы құрылтай жыл сайынғы басқосудан ерекше болғанын атап өтті. Айтуынша, биылғы құрылтайға жергілікті қандастарымызбен бірге Еуропа елдерінде білім алып, кәсібін дөңгелетіп жүрген отандастарымыз да қатысқан. Сонымен қатар Қазақстаннан тарихи отандарына қоныс аударған алманиялық немістер де құрылтай жұмысынан тыс қалмаған. Жалпы құрылтайға Еуропаның 15 елінен келген 20 қазақ ұйымының өкілі қатысты. Бірі оқу, енді бірі жұмыс бабымен Қытай, Моңғолия мен Қазақстаннан келсе, тағы бірі қарт құрлыққа 60-жылдары Түркиядан қоныс аударғандар – 70 жыл бұрын Алтайдан Анадолыға азаппен жеткен қазақтардың ұрпақтары. Құрылтай аясында Абдуррахман Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабының тұсауы кесілді. Абдуррахман Четин – Зуқа батырдың немересі. Еуропа қазақтары қауымдастығының негізін қалаған белгілі қоғам қайраткері, тар заманда қазақтардың Түркияға бет алған көшінің көзі тірі куәгері. 1982 жылы Германияда қазақ қоғамын құрып, 2002 жылы Кельнде алғашқы құрылтай өткізген. Абдуррахман Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабында ХХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ халқының басына түскен тауқыметке, қиындыққа толы жылдар туралы айтылған. «Бұрын балаларымыз оқып, білім алса, өзінің қазақ екенін таныса, дінін, тілін білсе деп ойлайтынбыз. Қазір бұны айтуға ауыз бармайды. Неге десеңіз бәрі немісше, түрікше оқыды. Қазақ тілі жоқтың қасында. Осы жерде Қазақстан мәдени орталығы ашылса, сол жерде қазақ балалары төл өнерін, тілін, дінін үйренсе деген тілегім бар», деп, жас ұрпақтың болашағы мен тәрбиесіне алаңдайтынын жеткізді Кельндегі Қазақ мәдени орталығының құрметті төрағасы Абдуррахман Четин. Кәрі құрлықтағы қандастарымыз ұрпағының санасына ана тілі мен мәдениетін мықтап сіңіру үшін қазақша отандық өнімдерді бір платформада көру мүмкін болса, ол туындылар интернетте бірнеше тілде субтитрмен жарияланса деген ниетін жеткізді. Жастар жатжұрттық болып кетпес үшін оларды елге тарту бағдарламаларын көбейту жайы да қызу талқыланды. Осы орайда жуық арада «Ата жұрт» жобасы енгізілмек. Жоба аясында шетелде ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет етіп жүрген қазақ қоғамының жетекшілері және IT, бизнес, мәдениет, ғылым саласында озық шыққан қандастарымызға арнайы карта берілмек. «Бұл карта он жылға беріледі. Картаның ерекшелігі сол, қандастарға елге визасыз келіп-кетуіне, Қазақстаннан бизнес ашуына, жылжымайтын мүлік алуға, балаларын барған кезде мектепке орналастыруға, денсаулық сақтау қызметін пайдалануға, яғни саяси құқықтан басқа кәдімгі Қазақстан азаматтары сияқты барлық мүмкіндікке ие болуға мүмкіндік ашады», деді «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы. Сондай-ақ құрылтай аясында Қазақстанда туып-өскен немістер Германияның Залах қаласында Абай үйін ашты. 20 жыл бұрын тарихи отанына оралған қазақстандық неміс ұлтының өкілдері «Қазан» деген атпен қауымдастық құрған болатын. 100-ден астам мүшесі бар бұл ұйым қазақтың мәдениеті мен өнерін насихаттап келеді. Ауласына киіз үй тігіп, қазақтың салт-дәстүрін немістерге көрсетіп жүрген жерлестеріміздің ендігі мақсаты – шетелдіктерге ұлы Абайдың шығармашылығын кеңінен таныту. «Абай үйі Германия мен Қазақстан арасындағы мәдени көпір болады деген үміттеміз. Абай – ұлы ақын. Оны әлем жұрты білуге тиіс. Біз Қазақстанда туып-өстік, ол – біздің Отанымыз. Туған жеріміздің жылдан-жылға көркейіп, дамығанын көріп қуанып отырамыз. Болашақта елімізге қаржы құйып, кәсіп ашқымыз келеді», деді «Қазан» қазақ қауымдастығының төрағасы Валерий Оствальд. Еуропа қазақтары кезекті құрылтайды келесі жылы Аустрияда, ал 2025 жылы Мажарстанда өткізуді жоспарлап отыр.

Гаухар АБАТОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті