Мінез (әзіл әңгіме)
Мінез (әзіл әңгіме)
«Басқа пәле тілден бе, мінезден бе?». Психология ғылымының мүйізі қарағайдай бірнеше ғалымы бас қосқан халықаралық ғылыми конференцияда осы сауалға нақты жауап табылмай жатқанына бүгін үшінші күн болды. Қош сонымен… «Басқа пәле мінезден» деген байламды нақты дәлелдермен алға тартқан мына бір ғалымның тұжырымы өзге әріптестерін елең еткізді. Бұл кісі жай келмепті туғаннан нысанаға алып зерттеп жүрген жанды кейіпкері де бар екен. Бетіне маска кигізіп алып келген «зерттеу нысанын» жай Жойқын деп таныстырды. Мінбеде ғалым баяндама жасап жатыр. Ортада Жойқын отыр. Ел ішіне дымын тартып, әліптің артын бағып қалған. – Біріншіден, айтар болсақ, Жойқын анасынан туғанда қатты-ы-ы жылапты. Содан апасы «осы бала жойқын мінезді болады-ау» деп топшылап, оған Жойқын деген есім беріпті. Күн артынан – күн, ай артынан – ай зулап, айдан жыл аламасып Жойқын ер жетті. Бірақ ол жойқын мінезді емес, қорқақ, жылаңқы болып өсті. Жылаңқылығы бертін келе жалтақтыққа, екіжүзділікке ұласты. Ал егер бас тақырыпқа келер болсақ, оның сол жалтақтығы тілін буып, матап тастаған. Басына келген бар пәлеге де осы мінезі себепші болып отыр. Алда да осылай болып қалары айдан анық. Өйткені Жойқын енді өзгере қоймайды. Қорқақтығы, жалтақтығы, екіжүзділігі оның жүрегіне нықтап орнықты. Бір қызығы бұл жолда оны сайраған тілі еш құтқара алмады. Өйткені тілдің өзі мінезден шығады екен. Енді маған қарсы қайсың қандай уәж айтасыңдар?! – деп аяқтады баяндамасын ғалым. Алдыңғы қатарда отырған бір жас магистр даусын қырнап «баяндамашыға бір сауал!» деп қолын көтерді. «Мархаббат!» деді мінбедегі профессор. – Осы орайда кейіпкеріңізді де сөйлетейікші. Не дер екен Жойқын мырзаның өзі, – деді. Сәл жөткірініп, суға ұмтылған профессор жұтынып жатып бас изеді де. «Ал Жойқын өткен өмірің мен келер жоспарыңды ортаға салшы. Қысылсаң маскаңды шешпесең де болады, – деді. Жойқының ірі денелі, даусы да зор азамат екен. Бірақ біртүрлі сөздері булығып шығады. «Жасым алпысқа келген шағымда тұрысымды қараңдаршы. Әдірам қалғыр, жастай мінезіңді қалыптастырып, өз принципіңді жасап алмасаң, міне, осылай мазақ болады екенсің ғой. Бітті енді осымен кетемін көрге. Жойқын деген атым өшсін!» – деп күйіне сөйледі. Кейбірлеулер жаны ашып, тыңдаса, кейбіреулер мырс етіп жатты. «Атыңызды неге өшіргіңіз келеді?» – деді әлгі магистр сызданып. «Неге десең, менің болмысым мансап қуып, басшыға жағынып жүріп түбегейлі өзгеріп кетті. Бірді-бірге шағыстырып, екіжүздіге айналдым. Соңында елге қарауға бетім қалмай бүгінде масканы үйде ғана шешіп қоятын халге жеттім. Тілім сайрайды-ақ, мына қу мінез ғой бәрін бүлдіріп, осы бейшара халге түсірген. Ғалым көкемнің «зерттеу нысаны» болып келіскенім де, өткен өмірім осы сендер секілді жастарға сабақ болсын дегенім. Әрі осы жасқа келгенше ешкімге пайдам тимепті, адамдарға тек жамандық жасап жүріппін. Ең болмаса ғылымға пайдам тисін деген ниетпен келіп тұрмын орталарыңызға», – деп сөзін шатты-бұтты аяқтап Жойқын сахнаның сыртына қарай беттеді… Өз зерттеуін нақты дәлелдеген ғалым да көпшілік қошеметімен мінбеден түсіп, орнына келіп жайғасты. Арғы жақтан конференция жүргізушісі келіп, «психологтарымыз ақыры бір байламға келген сыңайлы» деп «БАСҚА ПӘЛЕ ТІЛДЕН ЕМЕС, МІНЕЗДЕН!» деген ұран сөзді үлкен экранға іліп қойды.
Фариза Әбдікерімова