Әлеумет

Қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы өседі

Қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы өседі

Еліміздегі 97 мыңнан аса педагогтің жалақысы 2,5 есе артады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің хабарлауынша, мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25% өскен. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30% өседі. Осылайша, еліміздегі 97 мыңнан аса педагогтің жалақысы 2,5 есе артады.

«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бағыты мен мамандығы бойынша кадрлар даярлау 39 жоғары оқу орны мен 119 колледжде іске асырылады. Колледждер өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдармен бірге «Педагог» кәсіби стандарты негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді және оқу бағдарламалары мен жоспарларын жаңартады. Педколледждерге қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралып, биыл мектепке дейінгі білім берудің 20 мыңнан аса педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.