ЖАТ ДІНИ АҒЫМ – ЖАҺАНДЫҚ ІНДЕТ
ЖАТ ДІНИ АҒЫМ – ЖАҺАНДЫҚ ІНДЕТ
Діни сауаты төмен қазақ жастарының арасында жат ағымдардың арбауына түскендері бар екенін жасыра алмаймыз. Тіпті кейбірі исламдағы жалған «жиһад» ұғымын шатастырып, шетелдегі саяси соғыстарға қатысуда. Сондай-ақ бұқара халық арасында діни фанатизмнің өршігені соншалық, өз елінде діни мотивте террористік әрекеттер жасап, жазықсыз азаматтардың өміріне қауіп төндіру жағдайлары орын алуда. Он екі ғасырдан аса уақыттан бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарға тікелей қарсы шығып, қоғам арасында діни алауыздық туғызуы байқалуда. Сондай-ақ өзін мұсылман деп есептеген адамдардың көзқарасын қазақ халқының тарихында болмаған «күпір», яғни кәпірлікпен айыптау, дүние-мүлкін тартып алу, қоғамнан оқшауланып, кейбір заң нормаларына қарсы шығуы да өрши түсуде. Әрине, аталған мәселелер мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан жастарын жат діни ағымдардың ықпалына кетпесін десек, әрбір ата-ана баласының діни міндеттерді орындауға қызығушылығы оянған кезден бастап мемлекет тарапынан тіркеуден өткен діни бірлестік мамандарына оқыту керек. Ұлт жанашыры, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтсақ, «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!». Сонымен қатар ұлттық діни сананы әрбір отбасында насихаттап, дастарқан басында өсиет етіп айтқан жөн. Қазақ халқының ислам дінін ұстанған ата-бабаларының тарихи, әдеби шығармалары, аңыз-дастандары, батырлар жыры, ертегілер, мақал-мәтелдері мен қарасөздерін бойына сіңіріп айтып отыру қажет. Сонда жастардың діни санасы дұрыс қалыптасады. Мысалы, XIX ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі атанған Сүйінбай Аронұлы «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты өлеңінде: «Жақсы жігіт ел-жұрттың қаласындай, Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай. Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ, Көреді бәрін де өз баласындай. Жаман парқы жақсымен бірдей емес, Жақсы жігіт елінің ағасындай. Жақсының сөзін әркім пайдаланар, Миуалы алма, өріктің ағашындай», – десе, ал жаман қасиеттер жайында: «Жамандар – өтірікші, өсегі көп, Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай. Жалған сөзбен бықсытар ел арасын, Жанбай қалған ағаштың шаласындай», – деп аражігін ажыратып бергенін байқаймыз. Осындай мәселелерді ескере отырып, дәстүрлі діни санамызды жоғалтпау үшін біз сырттан емес, қазақ ғалымдарының еңбегін кеңінен дәріптеуіміз керек. Жастарымыз жалған дін атын жамылған топтардың жетегінде кетпесін десек, бабаларымыздан қалған салиқалы сара жолды жиі айтып, насихаттауымыз қажет.
Сержан КУЛТАЕВ, облыс әкімдігі дін істері басқармасының дін проблемаларын зерттеу