САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНА САЛҒЫРТ ҚАРАМАУ КЕРЕК
САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНА САЛҒЫРТ ҚАРАМАУ КЕРЕК
Руслан Исмагилұлының сөзіне сүйенсек, облыс аумағындағы су айдындарында бүгінге дейін оқыс оқиғалар тіркелмепті. Ал 2022 жылы су айдындарында шомылу маусымында 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қайтыс болыпты. Маманның айтуынша, ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, жабдықталмаған, тыйым салынған орындарда шомылу, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан оқыс оқиғалар орын алады. – Аймақта жазғы шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау, бақылау мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия жұмыс істеуде. Сондай-ақ судағы қайғылы оқиғаларды болдырмау және алдын алу іс-шараларының жоспары әзірленіп, өкілетті мекеме басшыларына жолданды. Бекітілген жоспар бойынша, оқу жылының соңына дейін барлық білім беру орталықтарында «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында сабақ, ата-аналармен жоспардан тыс жиналыстар өтті. Жиналыс барысында ата-аналарға балалардың суға кету себептері мен жеткіншектердің өмірі үшін жауапкершілік тәртібі түсіндірілді. Өңіріміздегі барлық оқу орындарында аталған тақырыпта ақпараттық стенд орнатылды. Су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» және тағы да басқа тақырыпта 345-тен аса ескертетін, тыйым салатын белгі және 45 ақпараттық стенд орнатылды, – деген Руслан Исмагилұлы маусым айынан бастап құзырлы органдармен бірлесе көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал Жомарт Сағатбекұлы табиғи өрттердің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Биыл мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 280 миллион теңге бөлініпті. Өткен жылы 3 шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеті құрылса, 2023 жылы тағы 3 елді мекенде осындай нысандар жасақтау жоспарланыпты. – Қазіргі таңда орманды, далалық алқаптарда өрт және жану оқиғалары тіркелген жоқ. Бақылаусыз ауылшаруашылық қалдықтарын өртеудің алдын алу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері, жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамы күшімен жалпы саны 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильді топ құрылды. Мобильді топтар тәртіп бұзушыларды анықтау және алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында 333 рейд ұйымдастырды. Нәтижесінде 90 тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Оның 52-сіне ескерту берілді және 38-іне жалпы сомасы 810 750 теңге айыппұл салынды, – дейді Жомарт Сағатбекұлы.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА