Әлеумет

Қос бірдей мектеп пайдалануға беріледі

Қос бірдей мектеп пайдалануға беріледі

Меркі ауданында биыл қос мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Мектеп құрылысы Аспара және Ақжол ауылдық округтерінде жүргізіліп жатыр.

Аспара ауылындағы мектептің іргетасы 1986 жылы қаланған. Қазіргі таңда екі ауысыммен 270 бала білім алуда. Енді ауыл оқушылары жаңа оқу жылында заманауи жабдықтармен қамтылған су жаңа мектепте білім алатын болады. Сонымен қатар мектеп жанынан жылыжай салынып, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану қарастырылады. Ғимаратта қазір құрылыс қарқынды жүруде. Ақжолдық оқушылар да енді жаңа мектепте білім алады. Мұнда 80 орындық мектеп ғимаратының құрылысы кестеге сай, еш тоқтаусыз жүріп жатыр. Айта кету керек, Жамбыл облысында ағымдағы жылы білім саласына 317,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оған 17 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілетін болса, қазіргі таңда 25 жаңа нысанның құрылысы жүзеге асуда. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Байзақ ауданында 1 200 орындық 2 мектеп, Қордай ауданында 600 орындық 2 мектеп, Тараз қаласында 5 000 орындық 4 мектеп салынады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі