Жаңалықтар

БЮДЖЕТ КІРІСІ 83,2 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ АРТТЫ

БЮДЖЕТ КІРІСІ 83,2 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ АРТТЫ

Облыстық бюджеттің 2022 жылғы жалпы кірістері 620,6 миллиард теңгені құрады. Бұл сома бұрнағы жылмен салыстырғанда 83,2 миллиард теңгеге артық. Облыстық мәслихат депутаттары алдында 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы бойынша есеп берген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров осындай көрсеткіштерге кеңінен тоқталды.

– Былтыр меншікті кірістер жоспары 103,8 пайызға орындалды, бюджетке 2,0 млиллиард теңге жоспардан артық түсті. Оның ішінде салықтық түсімдер 104,4 пайызға, салықтық емес түсімдер 98,9 пайызға, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 125,5 пайызға орындалды, – деді Нұржан Сәбитұлы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары өз баяндамасында ауызсу, газ, тұрғын үймен қамту, мәдениет, спорт, білім және тағы да басқа салалардағы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. – Елдің әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүзеге асуда. 2022 жылы 693,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы облыста 4 208 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 2 260 пәтерлі 34 үй пайдалануға тапсырылды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Жиында облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Бауыржан Жолымбетов 2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша қорытынды есеп берді. Бауыржан Ермекбайұлының айтуынша, тексеру комиссиясы 2022 жыл және 2023 жылдың өткен кезеңінде 17 мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізген. – 191 мемлекеттік аудит объектілерінде 346 688,6 миллион теңге қаражат қамтылды. Нәтижесінде 753 бірлікті құрайтын рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар, 25 бірлік жүйелік проблемалар мен кемшіліктер және аудитпен қамтылған қаражаттың сомасынан 18,3 пайызды құрайтын 63 468,6 миллион теңгенің бұзушылықтары анықталды. Анықталған бұзушылықтардың ішінде қалпына келтірілуге және өтелуге жататыны 59 751,1 миллион теңге. Оның ішінде өтелуге жататыны 1 629,9 миллион теңге, қалпына келтірілуге жататыны 58 121,2 миллион теңге. Есепті кезеңде 11 420,3 миллион теңге қалпына келтірілген және өтелген. Лауазымды тұлғалардың тарапынан заңсыз іс-әрекеттердің орын алуына байланысты процессуалдық шешім қабылдау үшін 23 материал құқық қорғау органына, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы қаржылық мониторинг агенттігінің облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Жолданған 23 материал Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 181-бабының 3-5 бөліктері және Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 92-бабы бойынша кері қайтарылды. Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік аудит объектілерінің 117 қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 158 қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 32,5 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Түсімдер бойынша кірістер органы қызметшілері тарапынан салықтық әкімшіліктендіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмегендіктен тиісті салықтар мен түсімдер бюджет кірісіне түспеген. Әкімшілік шығыстар бойынша бухгалтерлік есеп жұмыстары оңтайлы ұйымдастырылмай, міндетті төлемдер бюджетке уақытылы төленбеген. Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және жұмсау, бөлінген бюджет қаражаттарын нысаналы пайдаланбау, қосымша құн салығын артық немесе негізсіз төлеу орын алған, – деді Б.Жолымбетов. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелердің теңгерімдерінде ауызсу жүйелері және жылыту жүйелері заңсыз тіркелген, сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстар толық орындалмаған немесе сапасыз орындалған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары қыс мезгілінде жүргізілмесе де қысқы уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезіндегі қосымша шығындар артық төленген. Мердігерлер тараптарынан жұмыстарды белгіленген мерзімде орындамағандары үшін тиісті өсімпұл есептелмеген, мердігерлер келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінбеген. Әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер берілмей, сатып алу шарттарын тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілі негізсіз жүзеге асырылған. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков аграрлық салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларын баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен 590,2 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 7,5 пайызға артқан. – Өсімдік шаруашылығында егістік алқабы 756 мың гектар алаңға орналастырылып, 747,5 мың гектар алқаптан өнім жиналды. Онда өндірілген масақты дақылдар – 762 мың, көкөніс дақылдары –1260,9 мың, картоп – 287,1 мың, қант қызылшасы 134,4 мың тоннаны құрады. Малшаруашылығында мүйізді ірі қара саны саны 0,7 пайызға (502,4 мың), қой 6,7 пайызға (3205,3 мың), жылқы 4,7 пайызға (175,0 мың), құс 21,4 пайызға (2078,1 мың) өсті. Есепті кезеңде 144,3 мың тонна ет, 340,6 мың тонна сүт, 141,3 миллион дана жұмыртқа, 6,2 мың тонна жүн өндірілді. «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасау» бойынша басқармаға 21 нысаналы индикатор бекітілген. Оның барлығы да кезең-кезеңімен орындалуда, – деді Н.Жігітеков. Басқосу барысында халық қалаулылары сауалдарын жолдап, ұсыныстарын ортаға салды. Ақтоты Жаңабай