Білім

БІЛІМ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЛТЫН ҚАРУЫ

БІЛІМ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЛТЫН ҚАРУЫ

Жастарды білім жолына бағыттап, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен, сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.

Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін, білімнің шынында да баға жетпес үлкен рухани қару екенін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуге тиіспіз. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ екені белгілі. Өйткені білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын қаруы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген ұлы Абайдың сөздері бүгінгі күні ұрпақтың әлемдік ғылыммен прогресс заңдылықтарына сәйкес, бәсекеге қабілетті болып қалыптастыру үрдісінде де өзекті болып отыр. Қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформалар мектепке дейінгі тәрбиелеу жүйесі мен жоғары оқу орнындағы білім беру жүйесін қамтиды. Тәрбиенің басты нысаны – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу. Қазақстанды Отан деп таныған әр азаматтың осыған өз әлінше үлес қосуы – оның басты шарттарының бірі. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», деген болатын. Қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қарқынды дамуы – ел болашағының кепілі. Даму барысында негізгі рөл жастарға артыларын ескерсек, сол жастар өз қара басының қамын қамдамай, ел болашағының беріктігін қалқалап жүруі керек. Өрнегін салған өткен күндерді тарих сахнасына қалдырып, асығы алшысынан түсер алдағы сәттерді санасына түйіп, іс-әрекетке бет бұруы тиіс. Ол үшін негізгі міндет – сапалы білім. Білімді азамат атанып, ел мерейін асқақтатары тақиямызға тар келмесі анық. Сондай-ақ айрандай ұйып, басы біріккен озық елдер қатарына қосылып көшбасшы атану – көкірегімізде жалындап тұрған алау-үміттердің бірі. Тереземіз тең, керегеміз кең болуы үшін де зияткер ұл-қыз, білікті балалар тәрбиелеуіміз шарт.

Мерует КАЛДЫКӨЗОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ. магистрі