Әлеумет

ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

Біздің Отанымыздың өз Елтаңбасы, Әнұраны, Туы, кең аумағы бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ата Заңы – Конституциясында белгіленген өз мемлекеттік тілі бар. Ол – әрине, қазақ тілі. Сондықтан да Қазақстан Республикасының әр азаматының парызы – тілді білу, құрметтеу. Себебі тіл – қай халықта болмасын қастерлі ұғым.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес, қазақ тілі республикамыздағы негізгі тіл – мемлекеттік тіл. Сондықтан тілдің қолдану аясы, бедел-мерейі мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық қатынастар деңгейіне дейін артып келеді. Осыған байланысты қазақ тілін оқу мен оқытуды жан-жақты зерттеп, дамыту жауапкершілігін алға тартып отыр. Сотта мемлекеттік тіл белсенді қолданылуда. Азаматтық процессуалдық кодексінің 14-бабында бекітілгендей, азаматтық істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар, ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады. Азаматтық іс бойынша сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктеме және айғақ беру, өтінішхат беру, шағым келтіру, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу үшін аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. Сотта құжат айналымы да негізінен қазақ тілінде жүргізіледі. Біздің әрқайсымыздың мақсатымыз – адамдарға мемлекеттік тілді білудің маңызы жайлы айту және оны құрметтеуге үйрету. Біз ана тілімізді – халқымыздың мәдени дәрежесін көтеруге пәрменді құрал болып отырған, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілін терең де тиянақты меңгеруіміз керек. Әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті өз халқын, өз елін, өз тілін қалай сүюімен, білуімен, ардақтауымен өлшенеді.

Рукия Ясарова, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы