Әлеумет

ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІГЕ ЕЛІТПЕЙІК

ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІГЕ ЕЛІТПЕЙІК

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы тұрғындарымен кездесу барысында жастар тәрбиесіне айрықша тоқталып, ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін қазірден ойлау керектігін айтты. 

«Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай», деді Президент өз сөзінде. Президент сөзінің жаны бар. Шындығында, қазіргі қоғамда электронды темекі жастарымыздың ермегіне айналып барады. Мұны еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы төрт жылда шылым шегу бойынша жүргізген мониторингтік есебі дәлелдейді. Дерекке сүйенсек, жалпы бірреттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жас аралығындағы жеткіншектер саны үш есеге артқан. Бұл дегеніңіз әрбір мектептегі 15 пайыз ұл, 6 пайыз қыз электронды темекінің түтінін будақтатып көрді деген сөз. Жалпы электронды темекі алғаш 2003 жылы шығыпты. Электронды темекіні патенттеген – қытайлық фармацевт Хон Лик. 2004 жылы Хон Лик Қытай нарығында, кейін халықаралық деңгейде осындай өнім шығаратын және сататын алғашқы адам болды. Алайда қытайлық ғалымның өнертабысының бастапқы мақсаты – никотинге тәуелділікті емдеу, яғни салауатты өмір салтын насихаттау болған. Бірақ мақсаты орындалмады. Құтысы кішкентай, иісі шықпайтын темекіге жастар қызығып, шырмауына байлана бастады. Қазақстанға электронды темекі алғаш рет 2010 жылы келе бастады. Электронды шылым шегушілер 2010 жылы 9 пайыз болса, 2012 жылы 22 пайызға жеткен. Дерекке сүйенсек, темекінің жаңа түрін қолданушылардың басым бөлігі – бұған дейін де шылым шеккен адамдар. Олардың 40 пайызы «электрондық темекі шексек, шылымның залалды әсерінен құтыламыз» деп үміттенген. Осылайша электронды темекіге еліткендер жыл санап көбейіп бара жатқан соң кейінгі жылдары биік мінбелерде тыйым салу мәселесі көтеріле бастады. Мәселен, өткен айдың басында Үкімет отырысында Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Қазақстанда электронды темекі бұйымдары қолжетімді бағада сатылатынын айтып, вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Электронды темекілер мен вейптер шылымға қарағанда денсаулыққа зияны аз деп көрсетіледі. Алайда шын мәнісінде олай емес екендігі дәлелденген. Сондықтан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Парламентке тапсырған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңадан енген кодекске өзгерістер енгізілді. Кодекске сәйкес электронды темекі мен вейптердің барлық түрі дәстүрлі шылыммен теңестірілді. Оған қоса қандай темекі түрі болса да ашық сөреде сатуға тыйым салынады. Сәйкесінше, кез келген ғимарат пен қоғамдық орындарда будақтатуға болмайды. Егер жас ұрпақ көк түтіннің шырмауында қалмасын десек, электронды темекіден бас тартуымыз қажет. Болашақ өзіміздің қолымызда. Адамзатқа індет болған жаман әдетке әуес болмай, салауатты өмір салтын ұстанып, жарқын өмірге қадам басайық.

Гаухар АБАТОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті