Руханият

Еріксіз жер аударылғандар

Еріксіз жер аударылғандар

Шаң басқан архивтерді ақтарып отырып, өңіріміздің тарихына қатысты көптеген деректерге кез болып жүрміз. Солардың қатарында Жамбыл облысына еріксіз жер аударылғандар туралы мәлімет бірден назарымызды аударды. 1944 жылғы 28-31 желтоқсанда Жамбыл облыстық комитетінің КП(Б) 13-пленумы өткен. Оған облыстық комитеттің 19 мүшесі, барлығы 50 адам қатысқан. Сол жиында НКВД-ның облыстық басқармасының бастығы М. Новиков қалыптасқан ахуалды арқау етіп, төмендегідей баяндама жасаған:

«Республика Үкіметінің шешімімен біздің облысқа еріксіз жер аударылғандардың үлкен бір тобы келді. Үкімет шешімі бойынша оларды жұмыспен қамтып, ыңғайлы жағдай жасауға міндеттіміз. Алайда көптеген аудандарда бұл шешім орындалмауда. Еріксіз қоныс аударушылардың отбасы өте ауыр жағдайды бастан өткеруде. Облыста 574 отбасы тұрғын үйсіз. Олар жертөледе өмір сүруде. Бір бөлмеде бірнеше отбасының өмір сүруі өте-мөте адам төзгісіз. Талас ауданында 370 отбасы осылай өмір сүруде. Жамбыл және Шу аудандарында еріксіз қоныстанушылардың үлкен бір тобы әлі күнге үйсіз. «Қаратау» құрылысында 12 отбасы жертөледе тұрып жатыр. Мұның мәнісін Быковтан сұрағанымызда ол былайша жауап қатты: «Бұл отбасылар аурушаң, жұмыс істемейді, оларды жұмысқа орналастырмаймын». Қосқұдықта еріксіз қоныс аударушылар 12 барак үйге қоныстанған. №1 барак үйде 62 адам тұруда. Олардың 13-і эпидемиялық ауруға шалдыққан. Жамбыл ауданының «Қызыл-дихан» колхозында шағын комнатада 2 отбасы қатар тұрып жатыр. Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Тексеріс барысында еріксіз қоныс аударушыларға мұндай көзқарас, яғни қақаған қыс айларында көшеде қалған үйсіз, ас-сусыз отбасылар Қордай ауданының Қарасу селосында, Меркі ауданының «Красная заря» және Интернационал ауылдарында кездесті. Осындай қиын жағдайда қалған еріксіз жер аударушылардың облыс бойынша 87 адамы ауруға шалдыққан, Шу ауданында 12, Қордай ауданында 17-сі. Қиындықтарға қарамастан, осы жылы 1 770 еріксіз қоныс аударушыға жер участогі берілді. Оның 654-і Қордай ауданында, 587-сі Жамбыл ауданына тиесілі. Тексеріс еріксіз жер аударылғандарға арналған қордың жұмысы бетімен кеткен, ақырында еріксіз қоныс аударушыларға берілетін азық-түлік нормадан азайған. №6 совхозда қордан алынған азық-түлік барлық жұмысшыларға арналған қоғамдық азық-түлік өнімдерімен араласып кеткен. Свердлов ауданының «Үшбұлақ» совхозында қордан алынған азық-түлік өнімдерін совхоздың тамақтандыру орнында жұмысшыларға қосып таратқан. Қордай ауданында да осындай жағдай орын алған. Қазіргі таңда еріксіз қоныс аударушылардың азық-түлікпен қамтылуы өте ауыр жағдайда. 540 еріксіз қоныс аударушы дистрофия ауруына шалдыққан. Еріксіз қоныс аударушылардың арасында өлім-жітімге ұшырау жиілеген. Жамбыл ауданында 673 өлім тіркелсе, Шу ауданында 633, Свердлов ауданында 475 өлім тіркеліп отыр. Осының ішінде 60 пайызы жас бүлдіршіндер. Үкіметтің шешімі бойынша, еріксіз қоныс аударушыларға мал берілуі тиіс. Алайда бұл тапсырма мүлдем ұмыт қалған. Жамбыл ауданы бойынша 343 бас, Қордай ауданында 1 348 бас, Свердлов ауданы 967 бас, Шу ауданы 984 бас бөлуге тиіс болған. Облыс бойынша 7 124 бас майда және 306 бас ірі қара осылайша ұмыт қалуда. Осы бөлінген малдың басын сақтап, еріксіз қоныс аударушыларға жеткізіп беру міндет. Тағы бір ұмыт қалып бара жатқан шаруа – еріксіз қоныс аударушыларды жұмыспен қамтып, олардың жұмысқа деген қабілеттілігін анықтау болатын. Облыста 30 000 мыңнан аса адам жұмыссыз. Красногор ауданында 346, Қордай ауданында 1 555 адам, Меркі ауданында 332 адам. Өзге аудандарда да осылай жалғаса береді. Тексеріс барысында оларға жұмыс бермейді, жауаптары: «жұмыс жоқ». Жұмыспен қамту барысында анықталғандай, еріксіз қоныс аударушыларды өндірістік кәсіпорындарға, теміржолға, көлік кәсіпорындарына жұмысқа қабылдау мүлдем жоқтың қасы. Облыста еріксіз қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету өте ауыр күйде екенін жоғарыда айттық. Тапсырма тек қана 4,7 пайыз ғана орындалған. Барлығының жауабы: «Құрылыс материалдары жоқ». Маусым айында жұмысты бастауға тиіс бригада құрылыс материалдарының жоқтығынан тарап кеткен. Еріксіз қоныс аударушыларға бөлінген тері және жүн өнімдері, аяқкиім және киімдерді тігуге арналған бұйым ретінде өңдеу үшін Облпромсоюзға, Коопинсоюзға берілгенімен бұл ұйымдар еш нәрсе істеген жоқ. Қолда бар бұл фактілерден түйгеніміз – аудандық партия комитеттері мен аудандық атқару комитеттері еріксіз қоныс аударушылардың проблемаларымен айналыспайды. Яғни бас ауыртқысы келмейді. Аудандық комитеттің КП(Б)К және аудандық атқару комитетінің төрағаларынан осы мәселемен айналысуларыңызды сұранамын. Еріксіз қоныс аударушылардың мәселелерін қатаң бақылауға алады деп сенім білдіремін».  P.S. 1944 жылы облысымызға Солтүстік Кавказдан 21 810 шешен, балқар, ингуш, қарашай жер аударылып әкелінді. Олардың 5 493-і ер, 6 170-і әйел. 16 жасқа дейінгілер 10147 еді. Сонымен бірге 1944 жылдың 12 қазанында облыс басшылары республика басшыларына ақпараттық хат жолдап, тағы да жер аударылып келетін 1000 отбасын орналастыруға дайын екендігінен хабардар еткен. Жер аударылып келгендер облыстың Свердлов, Жамбыл, Меркі, Қордай және Шу аудандарына орналастырылатындығын жеткізген. Осы мәліметке қарағанда, облысқа Солтүстік Кавказдан бір емес, бірнеше рет жер аударылғандар қоныстанғанын байқауға болады.

Әділбек Баққараұлы, облыстық мемлекеттік архивтің архивисі