Әлеумет

Ернар Айдар өзі оқыған мектепке сыйлық жасады

Ернар Айдар өзі оқыған мектепке сыйлық жасады

Кеше еліміздің барлық мектептерінде «Соңғы қоңырау» соғылды. Оның қатарында Тараз қалалық М.Әуезов атындағы №33 орта мектеп те бар. Салтанатты жиында мектеп директоры Айнұр Балтабекқызы бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, алдағы ҰБТ сынағында жақсы нәтиже көрсетуге тілектестігін білдірді.

Осы күні «Соңғы қоңырау» іс-шарасымен қатар «Жомарт түлек» жобасы аясында мектепті 2008 жылы бітіріп кеткен түлектермен кездесу өтті. Онда танымал түлектердің табысты өмір жолын үлгі ету мақсатында салиқалы әңгіме өрбіді. Әрбір жас үшін мамандық таңдаудың маңыздылығы да тілге тиек етілді. Көңілге құнды ой салар сұхбатымен салмақтана түскен жиында мың бұралған бишілер «Ақкербез» қазақ биін билеп, мектептің кішкентай жезтаңдай әншілері әннен шашу шашты. Танымал түлектер қатарында елімізге белгілі әнші, эстраданың жарық жұлдызы – Ернар Айдар да болып, оқушы кезіндегі естеліктерімен бөлісті. Ол өзі білім алған алтын ұясына заманауи үлгідегі музыкалық кешенді сыйға тартты. Жиын соңында түлектер дәстүрлі қоштасу вальстерін билеп, аспанға шар ұшырды. Ұстаздар түлектерін үлкен өмірге қимай шығарып салды.

Әнел Досжанова, М Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті