Жаңалықтар

Сәрсеновтер трагедиясы

Сәрсеновтер трагедиясы

Белгілі жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ жайық» трилогиясының соңғы бөлімі – «Жүнісовтер трагедиясы» романында Батыс Қазақстандағы қазақ зиялыларының, Алаш қайраткерлерінің соқтықпалы, соқпақты ғұмыры жайлы жазылған. Көбісі Голошекиннің, Мирзоянның басшылығы тұсында «халық жаулары» атанып ұсталды, айдалды, атылды. Патшалық Ресей тұсында Бөкей ордасы құрылып,төре тұқымдары патшаға қызмет еткенімен орыс шовинистері оларға сенбеді.Алдаусыратып хандық құрғанымен XIX ғасырдағы патша өкіметінің озбырлығына қарсы ауық-ауық ұлт-азаттық көтерілістерін сылтауратып, кешегі Әбілхайыр тұқымдарынан шыққан 65 сұлтанды жер аударды. Алаш өкіметін жақтап құрылған Батыс Алаш өкіметінің мүшелері де большевиктердің қуғынына түсті. Жалпы сол тұста орыс шовинистерінің Алашорда десе Шыңғыс хан естеріне түсіп, аяушылықты білмейтін.Сондай қуғыншылықты Батыс Алаш өкіметінің мүшелері бастарынан кешірді. Ағайынды Досмұханбетовтерден бастап төңірегіндегі зиялылар да тегіс қуғынға түсіп, азаптың неше түрін көрді.Тіпті кейбіреуінен ұрпақта қалған жоқ. Біз әңгімелегелі отырған Сәрсеновтер әулеті де «қызылдардың» құқайын көрді.Сәрсеннің өзі Семей өңіріне белгілі бай болған кісі. Оның баласы Шегедік те белгілі адам болғанға ұқсайды. Шегедіктің кіндігінен Биахмет, Жанахмет, Халел мен Дәлелден бөлек, Шарахмет, Бірахмет, Қожахмет, Салық деген ұлдары мен төрт қыз тараған екен. Әулеттің кенжесі Салық ағалары секілді ел басқару, оқу-ағарту ісіне араласпаса дасеминарлық білім алған, ел ішінде беделді,көзі ашық жан болған. Шегедіктің үлкен ұлы Биахмет те қазақтың көзі ашық зиялы азаматтарының бірі екен. Ұлтын сүйіп, Алаш қайраткерлерінің біріне айналды. Осы орайда Биахмет туралы қысқаша өмірбаяндық анықтамаға тоқталғанды жөн көріп отырмын. Биахмет Сәрсенұлы 1885 жылы Семей облысының Зайсан уезіндегі Нарын болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы) дүниеге келген.Алаш қозғалысының қайраткері. 1905-1909 жылдары Семей мұғалімдер семинариясында оқыған. Мұны бітірген соң 5 жыл мұғалім, 3 жыл болыстық кеңесте қызметкер болады. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін ол Семей облысында Қазақ комитетіне мүше болып сайланып, Павлодар уезінде жергілікті комитеттер құруға атсалысады. 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сьезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сьезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі анықталатын екінші сьезд құрамында А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Е.Омаров. Т.Шонанұлыларымен бірге Білім комиссиясына кіреді. 1919 жылы Семей облыстық жер басқармасы халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесіне басшы болып тағайындалады. Осы кезде Семейде жаңадан ашылған мұғалімдер курсында, өзі оқыған мұғалімдер семинариясында әртүрлі пәннен сабақ береді. Қаладағы мәдени ұйымдардың жұмысына атсалысады. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерiне үзбей мақалалар жазып тұрды. Мысалы, Биахмет Сәрсенұлының «Автономия кеңесi», «Бiрiккен елде – береке», «Азық-түлiк», «Россияда осы күнде зор мәселе – азық-түлiк» және тағы басқа мақалалары ұлт мүддесiмен үндес әрi дер кезiнде жазылуымен құнды болып есептелдi. Бияш (оны замандастары еркелетіп солай атаған)қазақша айтқанда сегiз қырлы, өнерлi жiгiт едi. Алған орысша бiлiмiне қарағанда, шын мәнінде, педагог (тәрбиешi) еді. Төңкерiс заманға душар болып, әлеумет iсiне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйредi. Оның араласпаған қызметi болмады. Қандай жұмысқа кiрiссе де тереңiнен бiлiп, тез бiтiретiн Бияш болатын… 1920 жылы Орынборда Қырғыз автономиялық республикасы жарияланғанда, оны жаңа астанаға қызметке шақырды. Алғаш Соғыс комиссариатының саяси білім бөлімін басқарды. Осыдан кейін Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының шақыруымен білім саласына ауысып, комиссариат алқасының мүшесі, әлеуметтік тәрбие бөлімінің басшысы, мектеп істері бөлімінің меңгерушісі секілді жауапты қызметтерді атқарды. Осы уақытта Орынбордағы мұғалімдер курсында, Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық етеді. Мұрағат деректерінде қайраткерге физика, математика пәндерінен мектеп оқулығын жазуға ұсыныс жасалғаны көрсетілген. Ғалым-ұйымдастырушы ретінде ол Қазақ ғылым комиссиясының, Академиялық орталықтың негізін қалауға атсалысты. Сол кездегі мерзімді басылымдардан қайраткердің отандық мектеп жүйесін қалыптастыруға аянбай күш-жігер жұмсағанын, өлкеде алғашқы әскери және кәсіптік оқу орындарын ашуға бастамашы болғанын оқимыз. Қазақта кеңестік-пролетарлық асыра сілтеу саясаты салдарынан 1931-1932 жылдарғы қырғынға дейін 1921 жылы алапат ашаршылық болғаны мәлім. Осы кезде елді түрлі індеттер жусатып кетті. Қайраткер 1921 жылы 36 жасында халыққа тиген оба ауруынан қайтыс болды. Оның қазасына Алаш қайраткерлері «бір жұлдызымыз сөнді» деп қатты қайғырды. Інісі Жанахмет те ел басқару ісіне ерте араласты.Алаш зиялыларының қатарында қазағына еңбек етті.1934 жылы абақтыға қамалып, көп ұзамай о дүниеге аттанды.Қуғын-сүргін Жанахметтің ұлы Әлімханды да айналып өтпеді. «Халық жауының тұқымы» деген жаламен 1943 жылы 30 шілдеде тұтқындалып, РСФСР ҚК-нің 58-10-бабы бойынша 10 жылға сотталып,Қарағандыдағы Долинка лагерінде жазасын өтеп, 1950 жылы күзетпен босатылады. 1950-1952 жылдары Шар аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде жер құрылысшысы, 1952-1963 жылдары Шұбартау аудандық атқару комитетінде аға жер құрылысшысы қызметін атқарған ол 1958 жылы саяси айыптаудан ақталып,1967 жылы өмірден өтіпті. Жанахметтің туған інісі Халел Кеңес өкіметінің жаналғыштарынан құтылу үшін тегін әйелінің фамилиясына ауыстырып, Тонин деп жаздырса да жазалаудан құтыла алмай, 1937 жылы КСРО әскери коллегиясының үкімімен ату жазасына кесіліпті. Халел қазақтан шыққан жоғары білімді кенші екен.Мәскеудегі түсті өндіріс бас басқармасында инженер қызметін атқарып жүргенде жақындары ұстап берген. Биахметтің тағы бір інісі Дәлел Том университетінің заң факультетін бітірген, Алаш идеясының насихатталуына көп еңбек сіңірген адам. Дәлел де 1932 жылы Ташкент қаласында университетте сабақ беріп жүргенінде оны да қандастары ұстап беріп,өмірден ерте озуына себепкер болыпты.Оның әйелі Ғайыпжамал Орта Азия университетінің медицина факультетін үздік бітіріп, аға оқытушы, доцент болды. Кейін Ташкенттегі Ана мен баланы сақтау басқармасын басқарып,1938 жылы Денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары,Өзбек КСР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланып,1947 жылы докторлық диссертация қорғағалы тұрған жерінде жүрек талмасынан көз жұмады.Халел Сәрсеновтің 1932 жылы Мәскеуде атылғанын жоғарыда айттық.Бұл әулеттің тұқымдары да белсенділердің көрсетуімен қудалауға ұшырады. Мысалы,Шарахметтің ұлы Сейілжан да,Әлімханның туған әпкесі Нағима да «Алашорда тұқымы» делініп, қуғынға түсті.. Зерттеушілердің жазуына қарағанда, Биахметтің ұлы Ғалихан өте алғыр,білімді жан екен. Ол 1914 жылы Семей өңірінде дүниеге келген.Мектеп бітірген соң екі бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған. Әуелі журналистика содан кейін политехникалық институттарды бітірген. Тамбов қаласындағы ұшқыштар даярлайтын училищеде оқыған. Бірнеше шет тілін білген.Өте алғыр жасты Кеңес өкіметі де өз мақсатына пайдалануға тырысты. Кешегі «халық жауының баласы» демей, 1941 жылы оны шетелдердегі елшіліктерге әскери кеңесші ретінде қызметке қойды. Әуелгі кезде Италияда, аз уақыт өткен соң Голландиядағы елшілікте әскери кеңесші болып еңбек еткен қазақтан шыққан тұңғыш барлаушылардың бірі.Ұлы Отан соғысының алдында, соғыс жылдары Еуропада фашизмге қарсы әрекет жасайтын «Қызыл капелла» деп аталатын халықаралық барлау ұйымы болғаны белгілі.Ұйымның белді мүшелерінің бірі – қазақтың қыздарынан шыққан тұңғыш кәсіби барлаушы Айжібек Темірғалиқызы туралы кезінде жазғанмын.Ғалихан Голандияда елшілікте қызмет жасап жүрген кезінде Айжібекпен байланыста болғаны анық.1941 жылы Айжібекті Мәскеуге шақыртып алып, «Сен шетел барлаушыларына сатылғансың» деп 25 жылға соттап жібереді.Айжібектің кейінгі тағдыры туралы сұрастырып, біраз дерек жинасақ та түбіне жете алмадық.Осыдан 5 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде ол туралы көлемді мақала жарияланып,барлаушы қызды біреулердің 1956 жылы түрмеден көргені жайлы жазылғанын оқып, білдік. Ал Ғалихан өзінің алғырлығы арқасында сол елге сіңіп, Голландия королінің қызына үйленеді.Оның бұл әрекетін Кеңес барлау қызметі құп көрмейді. «Бұл кешегі Кеңес өкіметінің қас жауының ұлы. Кез келген уақытта Отанын сатып кетуі мүмкін» деп Мәскеуге шақыртып, елге оралған соң 25 жылға соттайды да жібереді. Шынтуайтында, Ғалихан сотталмаған. Барлау басқармасының басшылары оның аты-жөнін өзгертіп, қайтадан Батыс Еуропа елдеріне барлауға жібереді. Сол сапарында ол Голландияның бұрынғы королінің қызына үйленеді. 1946 жылы Ғалихан елге оралғанда Кеңес үкіметі оның әйелі мен баласын қабылдамайды. Қазақтан шыққан кәсіби барлаушы өте құпия түрде қызметтен босанып, Қазақстанға Шымкент қаласына оралады. Мектептерде ұстаздық етеді. Үйленіп, 4 ұл сүйеді. Оның үшеуі түрлі себептермен қайтыс болып, жалғыз ұлы тірі қалады. Ғалихан өзінің құпиясын жан баласына тіс жармай, 72 жасында қайтыс болыпты. Өткен ғасырдың 70-жылдары баяғы корольдің қызы Ғалиханның баласын алып, елшілер арқылы күйеуімен кездескісі келгенде, Ғалихан: «Үрім-бұтағыма зияны тиеді», деп көнбеген. Баяғы Алаш орданың тұқымы деген жаладан қашқан. Сөйтіп, үрім-бұтағына дейін Кеңес өкіметінен қорлық көрсе де өмір бойы адал қызмет еткен Сәрсеновтер әулетінің тағы бір перзенті жау деп танылған.Осыдан-ақ Кеңес өкіметінің баскесерлерінің аяушылығы жоқ екендігін біле беріңіз. Қай заманда да Ресейдің қазақ халқына деген сенімі болған жоқ.Соның кесірінен қазақ халқын жоспарлы түрде жоюға белсене кірісті. 1930-1940 жылдары аштықтан 5 миллион қазақ қырылса, 66 мың қазақ «халық жауы» ретінде ұсталып, сотталды,түрмеге қамалды, 25 мыңы атылды.Сол жылдары Қырғызстанда 5 азамат, Өзбекстаннан 28 азамат, Түркіменстаннан 7 азамат қана «халық жауы» аталды.Ашаршылыққа ұшыраған жоқ. Қырғынға Сталин басқарған баскесерлерді ғана кінәлауымыз артық сияқты. Ел басқара алмайтын надандарымыздың, бірін-бірі жау деп көрсеткен белсенділеріміздің сорлылығы да себеп болғанға ұқсайды. Біз әңгіме еткен Сәрсеновтер трагедиясы да соның бір айғағы.

Сәулембай Әбсадықұлы, Қазақстанның үздік өлкетанушысы