Ақсақалдар ақ тілек айтып жарысты
Ақсақалдар ақ тілек айтып жарысты
Қазақы құндылығымыз, дәстүр салтымыз ақ сақалды қарияларымызбен бағалы. Біз оны облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық ардагер кеңесі және билер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Батамен ел көгерер» атты облыстық байқау тағы да аңғардық. Іс-шараны облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, бата берудің терең тағылымына тоқталып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев: «Бата ауыз әдебиеті бір нұсқасы. Тереңнен сүзіп алынған інжу маржандай сөздер биік парасатқа үндейді. Аузы дуалы, сөзі уәлі қариялар барлық істе де белсенді. Бүгінгі байқаудың жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Облыстық билер кеңесі, қалалық және аудандық ардагерлер кеңестері іс-шараға ерекше қолдау көрсетті. Шын жеңімпазға табыс тілеймін» деді. Қазылар алқасына Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазастан журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов басшылық етсе, Ақпарат саласының үздігі Алпамыс Қазыбаев, медицина ғылымдарының локторы Сағындық Ордабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқарбек Сейілхан, облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев осы құрамнан табылды. Тағылымы мол байқауға Тараз қаласы және барлық аудандардан жүзден жүйрік шыққан 11 үміткер қатысып, өзінің айтып жүрген батасы, ел есіндегі белгілі тұлағлардың батасы және салт-дәстүрге қатысты бата түрлері бойынша сынға түсті. Алғашқы өз батасын беру кезеңі бойынша барлық үміткерлер жақсы өнер көрсетті. Ешкім орта жолда сүрініп қалмады. Екінші кезеңде Төле би, Бөлтірік шешен, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұханов, Бауыржан Момышұлы берген баталар бойынша аталардың шеберлігі сыналды. Бұл кезеңде Төле бидің батасын керемет бере білген шулық Жайлаубек Қалиев, Бөлтірік шешен батасын айтқан жуалылық Сейітқазы Медетбеков ерекше көзге түсті. Батагөй қариялардың арасынан жамбылдық Орынбай Рысбаевтың, тараздық ғалым Исан Тілегеновтың , 88 жастағы құландық Тұрсынбай Елубаевтың, таластық Әділхан Тойшымановтың белсендіктері көзге көрініп тұрды. Іс-шара барысында Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Ғани Мәтебаев, Мадина Сағынбекова және «Асыл аналар», «Әулиеата» ансамблдері әннен шашу шашты. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қорытындылап, облыс әкімінің ақсақалдарды құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ, Еркін Құлымбайұлы аталған байқаудың бас жүлдесін иеленген жуалылық Сейітқазы Медетбековке 400 мың теңгенің серификатын, дипломды табыс етіп, « Ең үздік батагөй -2023» лентасын тақты. Бірінші жүлде Шудағы Төле бидің жайлауынан келген Жайлаубек Қалиевке бұйырды. Жүлдені «Аманат» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермұханбет Жұмабек табыс етті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев екінші жүлдеге ие болған тараздық Исан Тілегеновты, үшінші орынды иеленген Жамбыл ауданының қариясы Орынбай Рысбаевты дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапаттады. Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева арнайы жүлдені Т.Рысқұлов ауданынан қатысқан үміткер, 88 жастағы ақсақал Тұрсынбай Елубаевқа табыстады.
Қазіргі таңда бата бере алатын ақсақалдар азайды. Жасы үлкендер өздерінің қоғамдағы және ұрпақ алдындағы міндеттерін сезіне бермейді. Сондықтан, мұндай бата беру байқауларын ұйымдастырудың мәні бөлек. Аталған байқаудың аудандық, ауылдық кезеңдеріне екі жүзден астам ақсақалдар қатысқан. Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық билер кеңесі төрасының орынбасары Талғат Жұмабек ерекше еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн. Мұндай тәрбиелік мәні бар іс-шара алдағы жылдары да жалғасын табады. Байқаудың республикалық кезеңінде облысымыздың намысын жүзден жүйрік шыққан Сейітқазы Медетбек қорғайтын болады.
Аят Бәтей, М.Х.Дулати атындағы университеттің 2-курс студенті