Заң

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп стандарттары

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп стандарттары

Мемлекеттік қызмет атқару - қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды әрі өз Отанына қалтқысыз адал қызмет етеді деп сенеді.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ, олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі 6 қағидатқа негізделген. Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қойылған. Бірақ, кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдылық берілген. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, осы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарыда белгіленген. Мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады: - қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау; - мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру; - заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау; - азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау; - іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу; - лауазымдық міндеттерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау; - жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын сондай-ақ, онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерінде, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбау; - мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалану; - қызметтік міндеттерді адал орындауға кедергі келтіретін құқыққа сыйымсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді қудаламау. Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез, оның ішінде қоғамдық орындарда масаң күйде болу жағдайларына жол бермеу қажет екендігі және Әдеп нормаларына қайшы іс-әрекеттерге бармауға тиіс. А.ТОЛЕНТАЕВ, Тараз қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маманы