ТІЛДІК ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ
ТІЛДІК ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ
Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен оқытушылардың тәжірибесін тарату мақсатында өткен жиынға облыстық оқу-әдістемелік кабинеті мен Тараз қалалық, аудан әкімдіктерінің білім бөлімдеріне қарасты әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, балабақша меңгерушілері және басқа да мамандар қатысты. Семинарды Тараз қаласындағы №22 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Надежда Новичкова ашып, өткен жылдың қараша айынан бастап 2023 жылдың мамырына дейін жүргізілген «Тілдік ортаға енудің жасанды әдісі» әдістемесі өз тиімділігін дәлелдегін атап өтті. Сондай-ақ Н.Новичкова бөбекжай-бақшадағы аталған әдістеменің жарты жылдан бері қалай іске асып жатқаны және оң нәтижелері туралы баяндалды. Семинар барысында 4-6 жас аралығындағы ересек топ бүлдіршіндерінің қатысуымен «Мақта қыз бен мысық», «Аю мен маса» секілді театрландырылған қойылымдармен қатар, қазақ тіліндегі түрлі ойындар көрсетілді. Жиын соңында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы облыс бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы Эльмира Мырзалиева №22 бөбекжай-бақшасының меңгеруші-педагогтарын түрлі номинациялар бойынша марапаттады.
Гаухар АБАТОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің III курс студенті