Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ҚОР – ҰРПАҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

ҰЛТТЫҚ ҚОР – ҰРПАҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында жұртты елең еткізген бастамасының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бағдарлама аясында енді Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балаларға 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, арнайы жинақ шоттарына бөлініп, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсауға мүмкіндік берілмек.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдың ақпан айынан бастап 18-ге толмаған балалардың есепшотына Ұлттық қордан ақша түсе бастайды. Тек жалғыз шарты – міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, талқылаулардан кейін Қазақстанның Ұлттық қоры табысы теріс нәтиже көрсеткенін ескере отырып, бірнеше жыл ішінде инвестициялық табыс балалар алатын соманың негізгі параметрі ретінде алынады екен. «Өкінішке қарай, 2022 жыл Қазақстанның Ұлттық қорын қоса алғанда, әлемдегі барлық қорлар үшін сәтті болған жоқ. Осы факторды ескере отырып, біз Ұлттық банк сарапшыларымен бірнеше жыл ішінде инвестициялардың орташа кірістілігін аламыз деген шешімге келдік. Егер сіз орташа жылдық кірісті алсаңыз, онда ол әрқашан оң болған. Бір жыл ішінде ол 7 пайызға өсті, бір жерде одан да жоғары, бір жерде төмен болды. Бірақ негізінен оң нәтиже берді. Сондықтан біз лайықты және тұрақты табыс болады деп күтеміз. Біз оны орта есеппен бірнеше жылға алатын боламыз, дәл осындай оң кірістілік қамтамасыз етіледі. Ол жыл сайын балалардың шоттарына аударылып тұрады», деді Әлібек Қуантыров. Министр балалар 18 жасқа толған кезде шоттарында қандай сома жиналуы мүмкін екендігін де айтты. «Егер біз 2024 жылдан бастап осы жүйеге кіретін болсақ, балалардың әртүрлі жасына байланысты әртүрлі көлемдегі кіріс болатынын түсіну керек. Егер бала жүйеге 17 жастан бастап тіркелсе, шамамен 100-150 доллар алады. Егер баланың жасы 5-те болса, 18 жасқа дейін одан да көп қаржы жинақталады. Кішкентай балалар бірінші жылы әрқайсысы 100-150 доллар алса да, дәл осындай сома келесі жылы да аударылады, оған қоса өткен жылдағы кірістің тағы 50 пайызы қосылады. Бұл жиынтық соманың барлығы қосымша инвестицияланады. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, 18 жыл ішінде шамамен 3,5 мың доллар жинақталады», деп нақтылады министр. Ал Ұлттық қордағы ақшаны алу үшін құжат жинап, ешқандай кезекке тұрудың қажеті жоқ. Барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Кейін ақшаны оқуға немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады. Бала қайтыс болған жағдайда жинақталған қаражатты отбасындағы басқа балалар арасында бөлу немесе туыстарына – қорғаншылар мен ата-аналарға беру жоспарланған. Азаматтық ауысқан жағдайда ақша Ұлттық қорда қалады. Жуырда Астана қаласында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы талқыланды. Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, 2022 жылдың басындағы ресми деректерге сүйенсек, елімізде 18 жасқа дейінгі балалар саны шамамен 6,5 миллион адамды құрайды. «Ұсынылған алгоритм бойынша жобаны іске қосу үшін заңнамаға өзгерістерді қосқанда дайындық жұмыстарын жүргізу қажет болады. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттарының бастамашы тобы мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнамаға түзетулер әзірледі. Толықтырулар 6 кодекске және 10 заңға енгізіледі. Түзетулер Ұлттық қор қаражатын жоба шеңберінде балаларға есептеу мен төлемдерге пайдалану тетігін енгізу мәселелерін қамтиды. Алғаш рет ұлттық байлықты Қазақстанның 18 жасқа дейінгі жастары арасында бөлуге мүмкіндік туды. Яғни ұлттық байлық жыл сайын біз жүзеге асырып жатқан бағдарламалар аясында балалар арасында тең бөлінеді. Алайда егер 18 жасқа толмай тұрып Қазақстан азаматтығын өзгертіп немесе басқа елге көшіп кететін болса, ол құқықтан айырылады. Орташа есеппен алған кезінде сомасы 2018 жылдың орта есебімен алынады. Өйткені дағдарыс кезінде болды, Ұлттық қордың кірісінің кейде теріс мәні болған кездері бар. Бүгінде ол – 2,6 пайыз. Сол соманы есептегенде 18 жылда кем дегенде 3,5 мың доллар алады», деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев. Әрине, бұл жиналған қаражат пәтер алуға жетпейді. Сондықтан қаражатты «Отбасы банкке» немесе депозитке салып көбейтуге мүмкіндік беріледі. Егер оқуға төлейтін болса, сома бірден жоғары оқу орнының есепшотына құйылады. Нақты тізім осы жылдың тамыз айына дейін реттеледі. ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, бірінші төлемдер 2024 жылдың 31 қаңтарына дейін түседі. «Қазір 17-дегі жасөспірім келесі жылы бірінші төлемді алады. Ал 2024 жылдың 1 ақпанында 18-ге толатындар сол кезден бастап өтініш жаза берсе болады. Ақшаның түсуі әр адамның туған айына байланысты. 18-ге толғаннан кейін сол айда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып өтініш берсе болады. Қазір бәрінің онлайн платформа арқылы жүзеге асуы үшін жұмыс істеп жатырмыз», дейді Дәурен Темірбеков. Осы орайда бағдарламаға байланысты ата-аналардың да пікіріне құлақ түрген едік. – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асатынына өте қуаныштымын. Менің бес балам бар. Үлкені он үш жасқа толды. Демек, бес балам да Ұлттық қордан белгілі бір мөлшерде қаражат ала алады. Мұның өзі қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған заманда үлкен көмек. Қарап отырсаңыз, қолының қысқалығына байланысты балаларын оқуға түсіре алмай жүрген ата-ана қаншама?! Көптеген талантты, дарынды балалар білім ала алмай, қара жұмысқа жегіліп жүр. Сондықтан бағдарламаның тиімділігі жоғары деп ойлаймын, – дейді Айсара Жұмаділова есімді тараздық тұрғын. Рас, бағдарламаның әлі де жетілдіре түсетін тұсы көп екенін айтып, сын садағына алып жатқандар да аз емес. Дегенмен әлі де уақыт бар. Сондықтан жыл соңына дейін кем-кетігі бүтінделіп, шапағаты мол бағдарламаға айналатынына сенімдіміз.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА