ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК ӘЛСІЗ ТОПТАРҒА КӨМЕКТЕСЕДІ
ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК ӘЛСІЗ ТОПТАРҒА КӨМЕКТЕСЕДІ
Жалпы әлеуметтік кәсіпкерлік Кәсіпкерлік кодексінің толықтыруларына сәйкес азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал етеді. Әлеуметтік кәсіпкерліктің бірнеше негізгі мақсаты бар. Біріншіден, әлеуметтік мәселелерді шешуге, оның ішінде әлеуметтік инновацияларды (қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерді туындататын әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге ықпал ететін жаңа идеялар, стратегиялар, технологиялар) енгізу арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуын қамтамасыз ететін қызмет. Екіншіден, халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, олар үшін қоғамдық пайдалы қызметке қатысу үшін басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасау. Үшіншіден, өндірілетін тауарларды, орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының жеке еңбегі арқылы нарыққа жылжыту. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі (ӘКС) – жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) тізіміне енгізілген кәсіпкер. Халықаралық тәжірибеде әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпорын иелерінің табысын арттыру тәсілі ретінде емес, белгілі бір әлеуметтік мәселелерді шешу және қоғамға пайда әкелу мақсатында қызметтер көрсетеді. Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл мүмкіндігі шектеулі адамдар іске қосқан бизнес немесе кәсіпкердің ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен оған мұқтаж халықты жұмыс орындарымен тікелей қамтамасыз етуі. Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мынадай түрде жүзеге асырылады. Біріншіден, әлеуметтiк кәсiпкерлiк субъектiлерiн қолдаудың инфрақұрылымының болуын қамтамасыз ету. Екіншіден, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салықтық жеңілдіктер беру. Үшіншіден, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық қолдау көрсету (оның ішінде екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігінің субсидиялау тетігі шеңберінде және мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) ақы төлеуге). Төртіншіден, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік мүлікті сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру. Бесіншіден, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық қолдау көрсету. Алтыншыдан, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық және әдістемелік қолдау көрсету, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту (оның ішінде қаражат тарту, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу мәселелері бойынша). Жетіншіден, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік әріптестерді іздестіруге жәрдемдесу (оның ішінде іскерлік іс-шаралар өткізу, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы). Сегізіншіден, кәсіптік білім беру және қосымша білім беру ұйымдары. Тоғызыншыдан, экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту осындай көп мәселенің шешімін тауып, мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға көмектеседі. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Жамбыл облысының аудандарында кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізіліп отырады.
Дамир ДОСАЛЯНОВ, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бөлімінің басшысы