Әлеумет

РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ БІР КҮНМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ БІР КҮНМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай өткен Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту – халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсысымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», деген болатын.

Шынында да Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің нышаны, тәуелсіздігіміздің символы. Тәуелсіздіктің бойтұмарындай нышандарымызды құрметтеу, аялау – Қазақстан халқының, әсіресе жастардың қасиетті борышы. Біздің егемендігіміз Туымыз көкте желбіреп, Елтаңбамыз асқақтап, Әнұранымыз шырқалып тұрғанда ғана нақты өзінің бейнесін көрсетеді. Оған енді мемлекеттік тілімізді қосыңыз. Осы Мемлекеттік рәміздердің арғы жағында біздің ұлттық тұтастығымыз, ұлттық қадір-қасиетіміз, ұлттық болмысымыз жатыр. Барлық салт-дәстүріміз, салт-санамыз, Туымыз желбіреп, Елтаңбамыз жоғары тұғырдан көрініп тұрғанда шынайы болар еді. Кейде оңаша отырғанда «Осы біз осынша бағалы мемлекеттік нышандарымыздың қасиетін ұғынып, қадіріне жетіп жүрміз бе?» деп ойға бататыным бар. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Кешегі Ташкент қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстанның боксшылары тұғырға көтерілгенде залда отырған отандастарымыз еліміздің Әнұранын қосыла шырқады. Тіпті Әнұранымыз чемпионат талабына сай ортасынан үзіліп қалғанда да жанкүйерлер шырқауын тоқтатпады. Әрине, бірінің дауысы келіп жатты, енді бірінің дауысы келмей жатты. Бірақ биік рух көрсетті. Міне, рәміздің қасиеті осында жатыр. Мемлекеттік рәміздер әр қазақ азаматының жүрегінде тұруы керек. Мейлі, ол орыс немесе неміс болсын. Әнұран шырқалғанда кез келген азамат қолын жүрек тұсына қойып, қосыла шырқай кетуі қажет. Елтаңбаның қасынан өткенде құрмет көрсетіп, басын иіп өтуі тиіс. Бұл қасиеттер әсіресе жас баланың бойына жастайынан сіңірілсе, оның елді, Отанды сүюге тигізер пайдасы бар. Көбінесе байқаймын, 1-2 жастағы бүлдіршіндер Әнұран орындалып жатса ойынын тастай сала тік тұрып, қолын жүрек тұсына апарып, қосыла шырқай кетеді. Әннің мағынасын ұғынып, не жайлы айтылып жатқанын түсінбесе де құрмет көрсетіп тұрады. Демек, ол баланың бойында қазақы рух бар. Ол бала ертең жаман болмайды. Әрине, мұның бәрі үйдегі тәрбиенің арқасы. Ұлттық нышандарымызға құрметті үйде де, мектепте де үйретіп, баланың санасына құю маңызды. Жас буынға рәміздеріміздің қасиетін осылай ұғындыруымыз керек. Тәуелсіздігімізді сақтағымыз келсе, ең әуелі, осы рәміздерді құрметтей білейік. Зиялы қауым, ақын-жазушылар, ұстаздар қауымы, жалпы кез келген мамандық иесі қай жерде жүрсе де рәміздерімізді насихаттап жүрейік! Ең бастысы ел егемендігі берік болсын десек, рәміздерді насихаттауды бір күнмен шектемейік. «Толқынды толқын қуады, ойдан ой туады». Сөз соңында ел игілігі жолында жасалып жатқан жаңашылдықтар туралы айта кеткім келіп отыр. Бүгінгі күні елдегі саяси реформалар жаңа өзгерістерге бастауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет үйінде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген кеңес отырысында ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталғанына тоқталған. Елді түбегейлі жаңғыртудың экономикалық-әлеуметтік бағыт-бағдары туралы да Президент Жолдауында жарияланды. Қазір облыста Президент жүктеген міндеттерді, реформаларды жүзеге асыруда біраз жұмыстар қолға алынуда. Мұны айтып отырған себебім, рәміздер елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің нышаны болса, сол тәуелсіздігімізді сақтаумен қатар, еліміздің болашағын баянды етуіміз үшін барлық азамат бір кісідей атсалысуы қажет. Қайткенде де жасалып жатқан барлық реформалар халық игілігі, болашақ қамы үшін іске асырылуда. Сондықтан бүгінгі алмағайып кезеңнен аман өтіп, өркениетке ұмтылу үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» еңбектенуіміз керек. Сонда ғана көшіміз көлікті, көңіліміз көрікті болары сөзсіз.

Жаңабай МИЛЛИОНОВ, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы